Жаңалықтар

Сайлауалды бағдарламаларын таныстырды

Бейсенбі күні Nur Otan партиясының партияішілік сайлауына қатысушылардың бір тобы жария пікірсайыс өткізді. Пікірсайыс Ақтөбедегі партияның облыстық филиалының ғимаратында өтті. Оған Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей мен облыс әкімі, партияның облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин қатысты.

Пікірсайыс партия праймеризіне Ақтөбе қаласынан тіркелген қатысушылар арасында өтті. Олар алдымен өз сайлауалды бағдарламаларын, яғни алға қандай мақсат-міндеттер қойып отырғанын жеткізді. Қатысушылар — әр саланың мамандары: олардың арасында дәрігер, ғалым жұмыссыз қалып, өзін әр істе сынап көре жүріп, бүгінде табысты кәсіпкерге айналған азамат, еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастаған кәсіпорын басшысы және басқалар бар. Олар көп айтылып жүрген халықтың әл-ауқатын көтеру, экология, көпбалалы аналар мен жастарға қолдау көрсету, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы күрделі мәселелермен қатар, қаланың тазалығы, жас ұрпақ тәрбиесі, қазақтың тарихын насихаттау сынды бағыттарда да нақты ұсыныстары бар екенін жеткізді.

Мысалы, қатысушылардың бірі қаланың сәулетін жоспарлауда, соның ішінде аялдамаларды безендіруде ұлттық нақышқа көбірек көңіл бөлінуі керек деген пікір айтса, тағы бірі рухани жаңғыру мақсатында түркілік дүниетанымды, соның ішінде «ниет тазалығы» ұғымын насихаттаудың маңыздылығын айрықша ескеру қажеттігіне тоқталды.

Қатысушылардың барлығы дерлік өз бағдарламаларында тоқталып өткен бір жайт — білікті кадр даярлау мәселесі. Олар мұны бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірі ретінде атап өтті. Соның ішінде маман даярлау, жастарды ғылымға тарту ісіне мемлекетпен қатар, ірі өндіріс орындарының да атсалысып, білім гранттарын бөлуі керектігі айтылды.

Қатысушылар өз бағдарламаларымен таныстыруды аяқтағаннан кейін, облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз алып, пікірсайыстардың маңыздылығына тоқталып, праймеризге қатысушыларға сәттілік тіледі.

— Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта елімізде көптеген оң өзгерістер болды. Бүгінде күн тәртібіне қойылған мәселелер осыдан 20 жыл бұрынғы мәселелермен салыстырғанда мүлде басқа. Дегенмен, заман бір орында тұрмайды. Әр кезең қоғамды жаңа мақсат-міндеттерге жетелейді. Бұл — өмір заңдылығы. Біз жаңа межелерге, бұдан да биік деңгейге ұмтылуымыз керек. Осы жолда ең алдымен халықтың мүддесін қорғау және халықтың сенімін ақтау бірінші орында тұруы тиіс. Бұл партияның әр мүшесінен талап етіледі, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Одан әрі пікірсайыс сұрақ-жауап түрінде жалғасып, сұрақ-жауаптар барысында қатысушылар, негізінен, алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жолдарын кеңінен талқылауға көңіл бөлді.

Жалпы, облысымызда кандидаттардың қатысуымен 87 пікірсайыс өткізу жоспарланған.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button