Жаңалықтар

Ғайса Әбуұлына мемориалды тақта қойылды

Кеше Ақтөбе қаласында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері, Ақтөбе қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты Ғайса Әбуов тұрған үйдің қабырғасына ілінген мемориалды тақта ашылды. Ашылу салтанатына Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, қоғам қайраткерінің ұрпағы, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.

— Біздің халық қай уақытта да асылын ардақтаған. Ғайса Әбуұлы — қаламызды көркейтуге атсалысып, жан беріп жұмыс істеген ардақты азамат. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Ардақты ағамыз дүниеден өтсе де, ұлтымыздың рухы, рухымыздың қуаты іспетті жарқын бейнесі халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұм ағамыздың жатқан жері жайлы болсын, — деді қала басшысы ашылу салтанатында.

Одан соң қоғам қайраткерінің ұлы техника ғылымдарының кандидаты Мирболат Ғайсаұлы өзі тұрған үйдің қабырғасына әкесіне арнап мемориалды тақта іліп жатқан шара ұйымдастырушыларына, қолдау білдірген жергілікті билік өкілдеріне, әкесінің көзін көрген азаматтарға ризашылығын білдірді.

Ғайса Әбуұлының парасат биіктігі ардақты азаматтардың есінде. Шарада сөз сөйлеген ардагер Кеңес Бірманов: — Ғайса Әбуұлы 1915 жылы туған, Ұлы Отан соғысына қатысқан, барлық қиындықтарды бастан өткерген, жетіліп, жұмыс істеп, сырттай оқыған. 1939 жылы әскерге алынып, елге 1946 жылы келген.

Сол жылдан бастап қалалық партия комитетіне жұмысқа орналасып, жалпы, Ақтөбе қаласы мен облысының партия комитеттерінде 36 жыл жұмыс істеген адам.

Мен 1968 жылы обкомға жұмысқа келдім, сонда мына үй берілді. Осы үйде тұрды. 1982 жылы ауырып қайтыс болды. Мен 14 жыл қызметтес болдым.

Керемет жақсы адам еді. Көргені де, түйгені де көп, өте талапшыл болатын. Таза, әділ азамат еді, — деп еске алды.

Шара соңында мемориалды тақтаның маңында Ғайса Әбуұлының шөбересі Адамның тұсауы кесіліп, ақсақалдар бата беріп жатты.

 

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Әулет

 

ҮШ ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСҚАН САБАҚТАСТЫҚ

 

Облыс өңірінде алғаш рет мұнай көзі 1931 жылы анықталып, 1978 жылы Жаңажол мұнай конденсаты кені ашылды. Мұнда мұнай мен газ қоры таскөмір қыртысының қуатты корбонат қабатынан табылған болатын. Сөйтіп, қарт Мұғалжар өңірі мұнайлы өлкеге айналған еді. Міне, сол уақыттан бері қара алтынды игеру ісі өлкемізден көптеген мұнай майталмандарын шығарды. Ал мұнайшылар қатарын өңірге жақсы танымал, мұнай мұхитының үстінде туып-өскен сағалық Төкеновтер әулеті толықтырады.

Бұл әулет ел экономикасының күретамырына айналған мұнай-газ

саласында жемісті еңбек етуде. Жазы аптап ыстық, қысы қытымыр өңірде жеті қат жер қойнауынан мұнайды игеру оңай шаруа емесі анық. Десе де біздің кейіпкерлеріміз бұл кәсіпті жүрек қалауларымен таңдағандарын айтады.

Отбасының тірегі Нұғман Төкенов ұзақ уақыт «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамындағы мамандандырылған көлік басқармасында қажырлы жұмыс жасады. 2012 жылы зейнеткерлік демалысқа шығып, құрметті мұнайшы атанды. Өмірінің өнегелі шақтарын мұнай саласында еңбек еткен жанның іске асар, кәдеге жарар ізгілікті істері де аз емес. Бүгінде оның ұлдарының барлығы мұнай саласында белді қызметтер атқарып жүр.

Ризық-несібесін қара алтыннан тауып отырған мұнайшылар отбасының үлкен ұлы Тәңірберген Төкенов мұнай-газ өндіру басқармасында оператор, екінші ұлы Ғалымжан Төкенов сол цехтың бастығы, үшінші ұлы Нұрлы Төкенов «Актобе-

Энергонефть» басқармасында мастер, ал төртінші  ұл Дүйсен Төкенов «СНПС-

Ақтөбемұнайгаз» мамандандырылған көлік басқармасында жүргізуші болып жасайды.

Әулетте мұнай саласын меңгерген мұнайшылар сабақтастығын бүгінде үшінші ұрпақ жалғастыруда. Зейнеткер-мұнайшы Нұғман атаның немересі Жарас Төкенов те мұнай-газ өндіру басқармасында 2014 жылдан бері  оператор қызметін атқарады.

«Актобеэнергонефть» басқармасында басшылық қызметте жасайтын Нұрлы Нұғманұлы кішкене кезінен болашағын ауыл іргесінде өндіріліп жатқан мұнаймен байланыстырғанын айтады. Бүгінде ол Саға ауылында, қара шаңырақта ата-анасының қолында тұрады.

— Әкем Нұғман — мұнай саласының ардагері. Ауыл тұрғындарының жартысынан көбі осы салада қызмет етеді. Көзімізді ашқалы

көргеніміз бен естігеніміз бұрғылау, мұнай өндіру, мұнай мен газды дайындау жұмыстары туралы болды. Үлкен ағаларым мұнай ісі мамандығын таңдады. Біз де сөйтіп, осы мамандықты меңгердік. Шүкір, бүгінде осы қара алтынның арқасында өсіп-өніп, өркендеп жатырмыз, — дейді Нұрлы Нұғманұлы.

Бүгінде жасы 70-тен асқан Нұғман Төкеновтің қимылы ширақ, денсаулығын айтып, шағымданбайды. Отасқандарына 53 жыл болған жұбайы Айсұлу екеуі бес ұл мен екі қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан он бес немере сүйген үлгілі отбасы. Бүгінде балаларының қызығын көріп, немерелерінің қуанышына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.

Ұрпағына дұрыс бағыт-бағдар берген әке «жапырағын жайған бәйтерекке» айналып отыр. Ал бақытын бағалаған мерейлі отбасы — береке-бірліктің қайнар көзі.

Бұл мұнайшылар отбасы мамандық сабақтастығын сақтап қана қоймай, әдептілік, көргенділік, мейірімділік, жанашырлық сияқты қымбат қасиеттерді де ұштастыра білген үлкен шаңырақ.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ,

Мұғалжар ауданы.

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button