Денсаулық

Індет жұқтырған 2 адам тіркелді, тұмауға қарсы екпе алу басталды

Брифинг

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева брифинг өткізіп, облыстағы эпидемиологиялық жағдай және өңірдегі мобильді топтардың жұмысы туралы баяндады.

Оның айтуынша, соңғы тәулікте облыста коронавирус инфекциясы бойынша клиникалық симптомдары бар 2 жағдай тіркелген. Бүгінгі күні облыс бойынша індет жұқтырғандардың саны 3233-ке жеткен. Оның 3031-і (94%) жазылып шыққан.

Жалпы тіркелген 3233 науқастың 2,2%-ы (70) — сырттан келгендер, 13,6%-ы (440) — науқастармен қарым-қатынаста болғандар, 49,4%-ы (1592) — жергілікті жағдайлар және 35%-ы (1123) — профилактикалық мақсатта тексерілгендер. Сондай-ақ қазіргі таңда 45 науқас үй карантиніне алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

  • Алдағы уақытта коронавирус инфекциясынан бөлек, тұрғындар арасында күннің салқындауына байланысты тұмаумен ауыру жағдайлары тіркелуі мүмкін. Тұмаудың эпидемиологиялық маусымы әдетте жыл сайын желтоқсан айынан басталып, сәуір айына дейін жалғасады. Биыл короновирус инфекциясының екінші толқыны тұмаудың эпидемиологиялық маусымында болжанып отыр. Бұл жағдайда аталған екі аурудың қоздырғыштары адамның ағзасына түскен жағдайда иммунитетке орасан күш түсіп, денсаулығын одан әрі нашарлатуы мүмкін. Сондықтан биылғы эпидемиологиялық жағдайда тұрғындарды, оның ішінде осал топқа жататын адамдарды тұмауға қарсы вакцинациялау өте маңызды, — дейді Н.Беркімбаева.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биыл тұмаудың А (Н1N1) – «Guangdong-Maonan», А (H3N2) – «Hong Kong» және В – «Виктория желісіндегі Washington» түрлері көбеюі мүмкін деп болжануда. Осы орайда биылғы жылдың қыркүйек айына жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 98 436 доза Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасы сатып алынған.

Департамент басшысының айтуынша, биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыста тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны әдеттегіден бір ай бұрын, яғни 15 қыркүйектен басталған. Осы мақсатта бүгінгі күні облыста 68 жылжымалы бригада жасақталған. Профилактикалық егулер жүргізу алдында егілетін адамға міндетті түрде термометрия жүргізіледі. Егілген адамдар вакцинациялаудан кейін реакциялар мен асқынулар пайда болған жағдайда шаралар қабылдау үшін профилактикалық егулер алған медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады.

Брифингте департамент басшысы қазіргі таңда облыста мобильді топтар мен жергілікті полиция қызметкерлері Ақтөбе облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қабылдаған қаулы талаптарының орындалуына бақылау жүргізіп жатқанын атап өтті.

Бұған дейін өңірде анықталған бұзушылықтар бойынша түскен құжаттар негізінде ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 425-бабының 1-тармағына сәйкес 563 хаттама толтырылып, 61 382 280 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Атап айтсақ, аталған құқықбұзушылық деректерінің 24,3%-ы кәсіпкерлердің жұмыс уақытын бұзуына байланысты болса, 21,5%-ы бетперде кию тәртібін бұзған, 19,8%-ы әлеуметтік арақашықтықты сақтамаған, ал 5,6%-ы дене қызуын өлшемей, қызметкерлерді жұмысқа жіберген.

Сонымен қатар облыста тұрғындардың арасында да қаулы талаптарын бұзу деректері тіркелуде. Олардың қатарында той, садақа, қыз ұзату шаралары бар. Осыған байланысты өңірдегі 24 кәсіпкерлік нысанына 6 917 220 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Брифинг барысында Ақтөбе облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «Ақтөбе облысының аумағында карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» №ПГСВ-51 қаулысына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып өткен Нұрсұлу Беркімбаева облыс тұрғындарын коронавирус инфекциясының алдын алу мақсатында мерекелік шараларға, той-садақаларға, отбасылық шараларға бармауға шақырып, көшеде және көпшілік орындарда бетперде тағуға, антисептиктерді пайдалануға, әлеуметтік арақашықтықты сақтауға кеңес берді.

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button