Білім

Жаңа зертханалық кабинеттер ашылды             

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде бірқатар зертханалық кабинеттер ашылды. Шараға жас ғалым, «АQTOBE HUB» корпоративтік қорының басшысы Әнуар Нұртазин қатысып, шеберлік сабағын өткізді.

Енді аталған колледжде қазіргі заманға сай жабдықталған IT орталық, робототехника, химиялық зертхана, мұнай және газ химиясы мен технологиясы кабинеттері бар.

Әнуар Нұртазин зертханалық кабинеттермен танысып, білім алушыларға үш тілде ғылыми зерттеу шеберлік сағаттарын өткізді.

— Мен өзім мектеп қабырғасында оқыған кезде мұндай зертханалық жаңа құрал-жабдықтар мен кабинеттер болған жоқ. Қазіргі жастарға теориямен қатар тәжірибені ұштастыруға үлкен мүмкіндік бар. Біздің елімізге өз ісінің шебері болатын білікті мамандар керек, — деді ол өз сөзінде.

Жаңа кабинеттердің бірінде білім алушылар типографикалық өнімдерді де дайындайды. Мәселен, журналдың мұқабасын жасауға арналған принтерлер, лазерлі станоктар бар. Студенттер алдымен компьютерден графика бойынша сызбасын сызып, дәріс алады.

— Жаңа оқу жылынан бастап мұнай және газды қайта өңдеу технологиясы мамандығы бойынша зертханалық кабинет ашылып жатыр. Болашақ зертханашылар мұнайдың тығыздығы мен сыну көрсеткіштеріне қатысты жұмыстарға зерттеу жүргізеді, — дейді аталған колледждің арнайы пән оқытушысы Жанат Дабылова.

Колледжде оқушылар пандемияға байланысты санитарлық талаптарға сай, кезең-кезеңімен оқытылып жатыр.

2019 жылы елімізде «Жас маман» бағдарламасы қабылданды. Осы жобаның аясында 180 колледж модернизациядан өтуде. Соның ішінде Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі де бар. Бұл бағытта біздің өңірге қажетті мамандар даярлаймыз. Соның ішінде 3 мамандықты анықтадық. Олар: мұнай және газ өндіру, ақпараттық жүйелер және электрмен қамтамасыз ету. Осы 3 мамандыққа мемлекеттен 253 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға аталған мамандықтар бойынша зертханалық орталықтар ашу жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта қысқа мерзімді курстар ашылады деп күтілуде, — дейді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің құзіреттілік орталығының меңгерушісі Асылхан Құлжанов.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button