Экономика

Мал шаруашылығымен айналысатындар көбейді

Мемлекеттік бағдарлама

Алға ауданында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған кәсіпкерлер көп. Оның ішінде биыл ауыл шаруашылығы бағытындағы жобалар саны көбейген. Мәселен, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы құны 209 миллион теңгеден асатын 8 жоба жүзеге асырылса, оның алтауы ауыл шаруашылығы бағытында болып отыр. «Бизнестің жол картасы — 2020-2025» бағдарламасы бойынша құны 8 миллион  теңге болатын 7 жоба жүзеге асқан. Аталған бағдарлама бойынша шаруашылықтарға инфрақұрылым тарту жұмыстары да қарқынды жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда «Түріксіб» шаруа қожалығы құжаттарын дайындап қойды. Тағы бір қожалық құжатын рәсімдеп жатыр. Жалпы осы жоба жүзеге асқалы ауданда біраз шаруашылыққа инфрақұрылым тартылды. Бағдарламаның шартына сәйкес, кәсіпкер өз шаруашылығына инвестиция құйса, мемлекет оған қолдау ретінде салған қаржысының жарты құны көлеміндегі қаржыға инфрақұрылым тартып береді. Бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек. Жалпы ауданда мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін түсініп, өтініш беретіндер көп. Мәселен, биыл қайтарымсыз берілетін бес миллион теңгенің грантына 16 үміткер қатысты. Бірінші кезеңде олар жобаларын қорғады. Бірі жылыжай салғысы келсе, бірінің саңырауқұлақ өсірмек ойы бар. Әр түрлі жоба қаралды. Талап бойынша грант ісін жаңадан бастағандарға, жас кәсіпкерлерге, өзінің бизнесіне жаңашылдық енгізетін кәсіпкерлерге беріледі. Жобаға қатысқан кәсіпкер грантты ұтып алған кезде ісін бірден бастап кетуі керек. Сондықтан қатысушылардың дайындығы алдын ала тексеріледі, қанша жұмыс орны ашылатыны анықталады. Грантты ұтып алғаннан кейін «Даму» қоры бір жыл мониторинг жүргізіп, бақылауға алады. Егер жоба уақытында жүзеге аспаса, кәсіпкер алған ақшасын мемлекетке қайтаруы тиіс, — дейді Алға аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Алмагүл Қойлыбаева.

Ауданда «Еңбек» бағдарламасы бойынша да несие алып, ісін дөңгелентіп отырғандар бар. Биыл 68 кәсіпкер 322.0 миллион теңгеге жеңілдетілген несие алыпты. Бағдарлама бойынша  алты пайызбен алты миллион теңгеге дейін несие беріледі. Несиені  саудадан басқа саланың бәріне алуға болады. Биыл алынған несиенің көпшілігі, яғни 50 жоба мал шаруашылығын дамытуға бағытталыпты. Сонымен қатар, 15 жоба көлік тасымалы болса, кафе және монша құрылысы, бал арасын өсіруге қатысты да  жобалар бар. Бағдарламаның шарты бойынша несиені жұмыссыз немесе өз кәсібінен ғана пайда тауып отырған кәсіпкер ғана алады. Қосымша жұмысы бар кәсіпкерлерге қаржы берілмейді. Несие алуға өтінішін берген адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерліктің қыр-сырын оқиды.

Алмагүл Қойлыбаеваның айтуынша, пандемия кезінде аудан кәсіпкерлеріне түрлі жеңілдіктер жасалыпты. Мәселен, сауда ғимаратын жалға беріп отырған ірі кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіліпті. Ғимаратты жалға алушылар жұмыс жасамаған күндері жалға беру ақысын төлемеу туралы келісім жасалған. Сондай-ақ кәсіпкерлердің несиесін кейін төлеу, жалға беру ақысынан босату секілді жеңілдіктер қарастырылған.

Індет өршіп, карантин енгізілген кезде көптеген кәсіпкерлердің шаруасы тоқтап қалды. Тек ауыл шаруашылығы саласының ғана жұмысы жүрді, яғни «жасыл дәліз» осы бағытта ғана болды. Жанармаймен қамтамасыз ету, жол қатынасы, тасымал секілді жұмыстарға көңіл бөлініп, шаруашылықты жүргізуге рұқсат берілді. Көпшілік киім-кешек сатып алмаса да азық-түлік сатып алды. Кәсіпкерлер азық-түлік саласының өміршеңдігіне көз жеткізді. Оның ішінде мал шаруашылығымен айналысқанның пайдасы көп екенін білді. Мәселен, «Абылай» шаруа қожалығының иесі бұрын қымызды өткізе алмайтынын айтса, індет өршіген кезде тіпті бие сауып үлгере алмапты. Халық табиғи өнімнің пайдасын түсінді. Мал базарлары жабылған кезде қожалықтарға тапсырыс берілді. Осы бағытқа ден қоя бастады, — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.

Мемлекеттік бағдарламалар арқылы алынған қаржының көпшілігі мал шаруашылығы бағытына жұмсалса, мал санын өсіргісі келетіндер де көп екен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button