Спорт

Бір күнгі үш жеңіліс

Еуропа Лигасы

Бейсенбі күні, 17 қыркүйекте Еуропа Лигасы іріктеу ойындарының екінші кезеңі өтті. Бұған қазақстандық үш команда қатысатын болғандықтан әлденеге әжептәуір үміт те артып едік. Үмітіміз ақталмады.

*   *   *

 

«Қайсардың» Еуропа Лигасындағы ойыны осы кездесумен аяқталу мүмкіндігі онша күдік те туғызбаған еді. Солай болды да.

Дегенмен алғашқы голды қарсыластың қақпасына «Қайсар» енгізді. 6-минутта Элгуджи Лобжанидзе есеп ашты. Бірақ бұдан соң қызылордалықтар бармақ тістеумен болды. Үзіліске дейін-ақ қонақтар екі қарымта гол соқты. Үзілістен соң бұған тағы да екі гол үстеді.

Сөйтіп қызылордалық футболшыларға Еуропаның жасыл алаңы бұйырмайтын болды.

«Қайсар» (Қызылорда, Қазақстан) — АПОЭЛ (Никосия, Кипр) — 1:4,
Гол авторлары: Элгуджи Лобжанидзе, 6-минут (1:0); Томас Де Винcенти, 15-минут (1:1); Ануар Тухами, 25-минут (1:2); Омер Анцили, 47-минут (1:3); Томас Де Винсенти, 90+3 минут (1:4).

«Қайсар» төмендегі құрамда ойнады: Александр Заруцкий, қақпашы, Бағдат Қайыров, Иван Граф, Александр Марочкин, Ильяс Әмірсейітов (Дінмұхамед Кашкен, 89-минут), Кларенс Битанг, Думан Нарзилдаев (Александр Станиславлевич, 58-минут), Асхат Тағыберген, капитан, (Марк Гурман, 85-минут), Александр Колев, Максим Федин, Элгуджа Лобжанидзе.

Бас бапкер: Стойчо Младенов.

17 қыркүйек 2020 жылҚажымұқан атындағы стадион. Шымкент. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

 

Қызылордадағы сәтсіз ойыннан соң жанкүйерлер «Астанадан» үміт күтті. Өйткені жерлестеріміз қабылдаған команда Еуропа деңгейінде «Астанаға» қарағанда әлдеқайда ортақол клуб еді.

Бірақ елордалық клуб та жарқырап көріне алмады. Кездесудің Алматыда өткеніне қарамастан бірінші таймда қонақтар дес бермей қойды. Сөйтіп жүріп әуелете тасталған пасты қақшып түскен Василие Терзич допты көз ілеспес жылдамдықпен қақпаға еңірете соқты. Астаналық қақпашы Ненад Эрич еш амал жасай алмай қалды.

Екінші тайм басталған бойда астаналықтардың есепті теңестіру мүмкіндігі болды, бірақ Иван Маевский черногориялық қақпашымен бетпе-бет келіп тұрып, еш қайран жасай алмай діңкеледі.

Осылайша «Астана» да Еуропа Лигасын тастап шықты.

Кездесуден соң өткізілген брифингте «Будучность» клубының бас бапкері Младен Милинкович: «Біздің жеңіске жететінімізге ешкім де үміт артпап еді», — деп расын айтты.

Айта кетелік, елордалық команда бұған дейін бір рет Чемпиондар Лигасының, төрт рет Еуропа Лигасының топтық кезеңінде ойнаған болатын. Қатарынан. Ал, міне, алтыншы жылы оңбай сүрінді.

«Астана» (Нұр-Сұлтан. Қазақстан) — «Будучность» (Подгорица, Черногория)0:1.

Гол авторы: Василие Терзич, 25-минут (0:1).

«Астана» төмендегі құрамда ойнады: Ненад Эрич (қақпашы, капитан), Лука Шимунович, Урош Радакович, Евгений Постников, Дмитрий Шомко (Абзал Бейсебеков, 50-минут), Иван Маевский, Макс Эбонг (Алексей Щеткин, 86-минут), Рунар Мар Сигурьонссон, Тигран Барсегян, Дорин Ротариу (Марин Томасовң 57-минут), Пиерос Сотириу.

Бас бапкер: Пол Эшуорт.

17 қыркүйек 2020 жыл. Орталық стадион. Алматы. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

*   *   *

 

Қазақстандық командаларды тіпті де еркелетпейтін израильдық футболшылар бұл жолы да сол мақсаттарына жетті.

Обалына не керек, 31-минутта жіберіп алған голдан соң намысқа тырысқан алматылықтар таймның соңында есепті теңестірді де. Дегенмен екінші таймда, 72-минутта соғылған екінші голға жауап қайтарудың ретін таба алмады.

Сөйтіп үкілеуден кемдігі жоқ «Қайратымыз» да жылдағы әдетінше тағы да топтық кезеңге жете алмай жығылды.

«Маккаби» (Хайфа, Израиль) — «Қайрат» (Алматы, Қазақстан) — 2:1

Гол авторлары: Юваль Ашкенази, 31-минут (1:0), Вагнер Лав, 45+1 минут (1:1), Никита Рукавица, 71-минут (2:1).

«Қайрат» төмендегі құрамда ойнады: Стас Покатилов (қақпашы), Ғафуржан Сүйімбаев (капитан), Нұралы Әліп, Раде Дугалич, Дино Миканович, Гүлжігіт Алықұлов (Конрад Вржещиньский, 81-минут), Яцек Гуральский, Небойша Косович, Айбол Әбікен (Еркебұлан Тұңғышбаев, 87-минут), Вагнер Лав, Абат Айымбетов (Адеринсола Эсеола 64).

Бас бапкер: Алексей Шпилевский.

17 қыркүйек 2020 жыл. «Самми Оффер» стадионы, Хайфа, Израиль. Жанкүйерлерсіз өткізілді.

 

*   *   *

Осылайша Еуропа Лигасынан бір күнде 3 командамыз ығыстырылды. Ал осы Еуропа Лигасында ойнаған шымкенттік «Ордабасы» іріктеу ойындарының бірінші кезеңінде-ақ Румынияның «Ботошани» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалғаны белгілі.

Биылғы формат бойынша командалар ешқандай қарымта кездесу өткізбей, бір кездесудің нәтижесі бойынша ғана анықталып жатқанын жанкүйерлер жақсы біледі.

Осымен бұл маусымда Еуропа кубоктары ойындарына бұдан әрі қатысатын ешқандай қазақстандық команда қалған жоқ.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button