Экономика

Бағдарламаның негізгі міндеті — жұмыс орындарын құру

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнебайланыс тәртібінде қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда сомасы 46 миллиард теңге болатын барлық 303 жоба бойынша жеңімпаздар анықталды, жұмыстар кестеге сай жүргізіледі, қаражаттың 54%-ы немесе 24,9 миллиард теңге игерілді. Бағдарламаға қатысушылардың орташа айлығы 87 мың теңге. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 11 942 жұмыс орнын құру, соның ішінде 11567 уақытша, 375 тұрақты жұмыс орындарын ашу белгіленуде.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасының негізгі мақсаты тек облыстық әлеуметтік нысандарды, жолдарды жөндеу және салу ғана емес, ең бастысы — халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету. Жұмысқа орналастыру басым бағыттардың бірі болып қала береді. Сондықтан әкімдер бұл мәселені үнемі бақылауда ұстаулары қажет», — деп атап өткен облыс басшысы мемлекеттік органдардың басшыларына, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдеріне жобалар аяқталған соң тұрақты жұмыс орындарын ашуды тапсырды.

Сондай-ақ жиында қол қойылған меморандумдар аясында орындалған міндеттерге, аумақты дамыту бағдарламасымен қарастырылған мақсатты индикаторларға қол жеткізуге, электронды еңбек келісімшартын енгізуге байланысты жайлар талқыланды.

Еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы Саламат Аманбаевтың сөзінше,  ҚР Еңбек кодексіне 2020 жылдың мамыр айында енгізілген өзгерістерге байланысты осы жылдың екінші жартыжылдығынан бастап облыстағы жұмыс істеп тұрған барлық жұмыс берушілер кәсіпорынды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы сайтына тіркеуге міндетті.

Көрсетілген норма ҚР Еңбек кодексіне «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуымен енгізілген. Жиын соңында облыс басшысы басшылардың жобаны сапалы әрі уақытында жүзеге асыруға, негізгі индикаторларға қол жеткізу бойынша нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button