Тарих

Таспадағы тарих

«Ақтөбе» телеарнасына — 60 жыл!

«Таңбаланған тарих есте қалады, таңбасыз жұрт тарихынан айырылады», —  депті бір қаламгер.  

Мына таспаларға назар салыңызшы,  бұл жерде ескі кинопленка, бүгінде кәдеге жарамайтын кассеталар мен дискілер сақталған. Біз бейнежазбаларды электронды форматқа көшірдік. Осылайша, қасиетті өңірдің өмір бүлкілімен біте қайнаған керемет қазынаға кенелдік. Арнаның «Алтын қорында» сақталған, еш жерде кездеспейтін құнды кадрларды таптық.

Бұл бейнекадрлар 1979 жылы Шалқар ауданында түсірілген.  Кинопленкамен қоса сақталған құжатта: «Ақтөбе облысының емдеу мекемелері мен сауда нысандарына Шалқар минералды суының алғашқы миллион бөтелкесі жөнелтілді. Цех тәулік бойы, үш ауысымда жұмыс істейді.  Минералды сусынның емдік қасиеті бар.  Сондықтан сұраныс  жоғары.  Келесі жылдан бастап су құю процесі автоматтандырылып,  өндіріс орнының жылына 10 миллион бөтелке су шығаруға қауқары жетеді», — делінген. Ия, 50 жылдық тарихы бар «Шалқар суы» Кеңес Одағының барлық дәріханаларында сатылатын.  Тоқырау жылдары  тұралап қалған зауыт былтыр қайта іске қосылып,  Шалқардың шипалы суы қайта шығарыла бастады.

Ал бұл Арал теңізі десек сенер ме едіңіз? Ия, біз де таңырқай қарадық.  Бірақ,  ұшы-қиыры жоқ, алып су айдыны Арал теңізі екенін қолда бар құжаттар растайды.  1979 жылы  теңіздің батыс жағалауында орналасқан  «Шағала»  пионер лагерінде  «Бұқара-Орал» газ  құбырында еңбек ететін шалқарлық жұмысшылардың балалары демалған екен.

Атакәсіпті қолға алып, төрт түлікті түлеткен малшылар слеті 1979 жылы Шалқарда өтіпті.  Жиында Аудандық атқару комитетінің төрағасы Мұрат Жүсіпов мырза  сөз сөйлеп, мал шаруашылығын дамытып отырған серіктестіктердің жұмысын қорытындылап, үздіктерді марапаттаған сәті таспаға түсірілген.  «Айшуақ» совхозының шопаны Қапыш Нұртазин, аға түйеші Инел Халықова,  «Ақтоғай» совхозының аға шопаны Сағидолла Жанияровқа алғыс жарияланып, сала майталмандарының иығына шапан жабылғанын байқауға болады. Салтанатты жиын соңы спорттық жарысқа ұласқан. Палуандар боз кілемде белдесіп, ат жарысы ұйымдастырылған.

Ал ендігі бір кадр — егемендік алған тұста тойланған алғашқы Наурыз мерекесі. Баға жетпес құнды көріністер 1992 жылы  Шалқар ауданында таспаға жазылған. Редактор: Жақсылық Айжанов, бейнеоператор:  Анатолий Брылев.

Наурыз-думанға жиылған халықта есеп жоқ. Жер-жерде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілген, тұрғындар ұлттық киімдерін киіп, бір-бірімен көрісіп жатыр.  Домбыра тартып, мереке көркін қыздыруда. Ұлыстың ұлы күнін шалқарлықтар кең көлемде атап өткені көрініп-ақ тұр.

«Ақтөбе» — өңірдің тарихымен тамырлас телеарна.  Жарты ғасырдан астам уақыт бойы аймақтың саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік жылнамасын жасап келе жатқан ақпарат құралы. Өлкенің шежіресі мына менің қолымдағы таспаға таңбаланған. Бүгін киелі Шалқар өңірінің өткен өмірінен сыр шертсек, алда айтарымыз бұдан да көп.

Гүлдана АБАЙҚЫЗЫ,

журналист.

Басқа жаңалықтар

Back to top button