Басты жаңалықтарӘлеумет

Бассейндер әлі де аздық етеді…  

Бассейннің адам денсаулығына пайдасы зор екені, дүниежүзінде жыл санап салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатары көбейіп келе жатқаны біз айтпасақ та белгілі. Сәйкесінше, суда жүзу спортына сұраныс едәуір артты. Ал  жұртшылыққа ұсынылған жағдай соған сай ма? Біз құзырлы орган өкілдерінен Ақтөбедегі аталған спорттық нысандардың жай-күйі турасында біліп, артынша халықаралық дәрежедегі спорт шеберімен сөйлескен едік.

Балаларға арналғаны бар, ал ересектерге?..

Бассейн дегенде ақтөбеліктердің есіне бірден шаһардың ескі бөлігіндегі «Дельфин» мен Батыс-2 шағын ауданындағы «Достық» су спорты орталықтарының түсетіні анық. Алғашқысының жұмысы ұзақ жылдар бойы тұралап, енді жанданғанын ескерсек, таңдаудың соншалықты үлкен еместігі рас. Ал облыстық денешынықтыру және спорт басқармасындағылар «көштің жүре түзелетінін» алға тартады. Мұндағы мамандар өңірде оннан астам бассейннің барын, бірақ бұлардың барлығы келушілерді жаппай қабылдамайтынын және қосты.

Ақтөбе қаласында 13 бассейн бар. Оның 10-ы кәсіби спортшыларға арнайы жасақталған. Ал жалпы саны 7 бассейн жекенің меншігінде екенін атап өткім келеді. Осы тұста 3 бассейннің спорт мектептерінің базасында орналасқанын, яғни медициналық тексерістен өткен, денсаулығы жараған кез келген баланың сол жерге ақысыз жазыла алатынын айтсам деймін. Өзге азаматтарға — ересектерге, қала тұрғындарына ақылы негізде жұмыс істейтін бассейндер бар. Мәселен, «Достық» бассейні — су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі болғандықтан, негізінен осы жастағыларға шақталған. Дегенмен мекеме негізгі жүктемелерден тыс уақытта тұрғындарға ақылы негізде қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар біраз жылдар бойы Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік университеттің иелігінде болған «Дельфин» бассейні былтыр ғана дербес балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне айналып, Ақтөбе қаласының денешынықтыру және спорт бөлімінің меншігіне берілді. Бұл жерде енді ұл-қыздар үшін жүзуге жазылу тегін. Бару жиілігі, жасы мен әлеуметтік жағдайына қарай әртүрлі бағада абонемент те қарастырылған. Мысалы, ересектерге бассейнде 1 сағат жүзу 800 теңге болса, айына абонементтік төлем — 9600 теңге. Зейнеткерлер мен спортпен кәсіби түрде шұғылданбайтын балаларға жеңілдіктер бар, — дейді жоғарыда аталған басқарма басшысының орынбасары Нұрбол Сыдықов.

Бұл ретте шенеунік тілге тиек еткен екі бассейн де бірінші кезекте балаларға арналып, олардың сабағынан тыс уақытта ғана өзге келушілерді қабылдайды. Бір сөзбен айтқанда, суда жүзуге ниетті ересектерге сол жағынан қиындықтар бар…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы ұсынған ресми дерекке сүйенсек, қазіргі таңда облыста 278933 адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады. Бұл — өңір тұрғындарының 31,8 пайызы. Ал спорттық мекемелер мен ұйымдарға қатысушылар 104 мыңнан асады екен.

800 жас су спортымен айналысады 

Өңірдегі ең үлкен бассейн «Достық» су спорты түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің ашылғанына биыл 7 жыл толады. Халықаралық талаптар бойынша салынған нысанда түрлі деңгейдегі чемпионаттар өтіп тұрады. Он жолақты жасанды су айдынының ұзындығы — 50 метр, ал тереңдігі 2 метрден асады. Бұған қосымша жаттығу және хореография залдары, 330 көрерменге арналған орындық бар. Спорт мекемесінің басшысы Серікбол Нұралиннің айтуынша, мектепте жүзу, су добы, байдарка мен каноэде есу, триатлон, барлығы 4 секция жұмыс жасайды.

— Біздің мекемеде жас спортшыларды даярлауға басымдық беріледі. Қазіргі таңда 800-ден астам бала суда жаттығып жүр. Осы айдың 15-іне дейін іріктеу жүргізіп, біразын тағы қабылдадық. Солардан артылған уақытта келушілердің ақылы негізде бассейнде жүзуіне рұқсат етіледі. Күніне 4 сағат абонементтерге қарастырылған. Сағатына — 1 мың теңге. Ондай санаттағы азаматтардың орташа саны — 300-400. Бірақ карантиннен кейін олардың қатары айтарлықтай азайды. Сондай-ақ жексенбі күні қарттардың екі сағат тегін жүзуіне болады. Және жаз мезгілінде кішкентайларды жүзуге үйретеміз.

Мемлекеттік мекеме болғандықтан, «Достық» бассейніне жыл сайын бюджеттен қомақты қаражат бөлінеді. Биыл 234 миллион теңге бөлінді. 25 миллион теңгеге халықаралық талаптарға сай келетін қондырғыларды алдық. Коммуналдық төлемдер, өзге де шығындар әлгі соманың есебінен өтеледі. Орталықта 18 жаттықтырушы еңбек етеді, соларды арасында Ресей Федерациясына тәжірибе алмасуға жіберіп тұрамыз.

Әрине, Ақтөбе халқының саны жыл санап өсіп жатқандықтан, қалаға жаңа бассейндер қажет-ақ. Өйткені біз тұрғындардың бәрін қамти алмаймыз. Негізгі күшті шәкірттерімізді жаттығуға бөлетінімізді тағы да қайталаймын. Сондықтан сөзсіз, бассейндердің қазірдің өзінде аздық ететіні хақ, — дейді Серікбол Нұралин.

«Достыққа» келетіндердің арасында мүмкіндігі шектеулі ақтөбеліктер де бар. Бүгінгі таңда кешенде қоларбадағы 4 азамат тұрақты түрде суда жүзіп жүр. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Жалпы, бассейнге барамын деген мүгедек жандарға есік ашық һәм кіру ақысыз. Тек дәрігерден медициналық анықтамасы мен қасында еріп жүретін серігі болса жеткілікті.

 Суда жүзуден спорт шебері не дейді?

Дүниежүзілік, республикалық додаларда су спорты бойынша Ақтөбенің намысын қорғап жүрген оннан астам жігіт пен қыз бар. Солардың бірі — суда жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия ойындарының екі мәрте қола жүлдегері Айбек Қамзенов. Жергілікті бассейндерге баратын спортшы жігіттің бұл туралы пікірін білген едік:

— Ақтөбедегі бассейндерге көңілім толады. Өзім күн сайын «Достық» су спорты орталығына барамын. Ол жақта спортшылардың бабының жақсы болуына өз деңгейінде көңіл бөлінеді. Десе де, спорт мектебінің балаларға арнап салынғанын, әуелгі кезекте соларға мән берілетінін ескерте кетсем деймін. Осы жағынан келгенде ересек жастағы кәсіби спортшыларды тестілеуге арналған, өзге де қондырғылардың жетіспейтіні бар. Сосын жоғары білікті мамандар көбейсе артық болмас еді.

СІЗ БІЛЕСІЗ БЕ?  

«Бассейн» сөзінің өзі бізге француз тілінен енген. Тәржімалағанда «суға түсетін аумақ», «тоған» деген мағынаға саяды.

Мамандар суда жүзу шынығудың ғана емес, сауығудың да амалы екенін айтады. Мәселен, жүзу кезінде адамның барлық бұлшық еттері қозғалысқа түсіп, бұның өзі дене жаттығуы болып есептеледі. Бұл омыртқа мен қозғалыс аппараты, жүрек ауруларының да алдын алады. Тыныс алу жолдарына да игілігі мол. Сонымен бірге артық салмақтан арылғысы келетіндерге бассейннің көмегі зор.

Қала халқы баратын бассейн 2-3-еуден аспайды. Өзім жүзу спортымен кішкентайымнан айналысқасын білемін, жылма-жыл бұған ден қойғандар көбейіп келе жатыр. Сондықтан сыйымдылығы «Достықпен» пара-пар, барлық талаптарға жауап беретін тағы бір бассейн ашылса, бұл тамаша мүмкіндік болар еді. Әсіресе, қаланың ескі бөлігінде, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында осындай нысан керек. Жалпы, суда жүзудің пайдасы мол ғой. Бассейндер көптеп салынса, бәсекелестіктің артатыны сөзсіз, — деп атап өтті.

Олимпиадаға қатысуды армандайтын Айбек қазіргі таңда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің магистратурасында оқиды. Спортшыларға арналған стипендияның иегері — әңгімелесушімізге жетістіктер тілейміз.

P.S. Спорт мамандары мен тұрғындардың өзі бассейндердің керектігін ұдайы айтып жүр. Біз бас сұққан мекемеде жүзу спортына қызыққан үлкен-кішінің санының артуы да бұған бірден-бір дәлел. Ел Президенті кезекті Жолдауында халыққа қажетті спорттық нысандарды салу жөнінде тапсырма бергенін ескерсек, бұның кезек күттірмейтін мәселе екені сөзсіз.

 Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button