АуылБасты жаңалықтар

Талдысай мен Еңбектуға газ келді

Өткен сенбіде облыс әкімі Оңдасын Оразалин Әйтеке би ауданына жұмыс сапарымен барып, өңірдің әлеуметтік-экономика салаларында атқарылып жатқан бірқатар шаруалармен танысты.  

Газбен қамтылу көрсеткіші — 47,8 пайыз

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің ауданға жасаған сапары Талдысай ауылынан басталды. Аймақ басшысы ауылішілік газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.

Мемлекет басшысының  Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы   басты бағыттардың бірі  — халықтың әлеуетін арттыру. «Жұмыспен қамту жол картасы»  бағдарламасы аясында биыл  ауданда   1 миллиард теңгеге жуық қаражатқа  13  инфрақұрылымдық жоба іске асырылатын  болады. Былтыр Талдысай, Жамбыл, Еңбекту ауылдарына газ құбырын салу жұмыстарына қаражат бөлінді. Бүгінде аудан тұрғындарының 47,8 пайызы көгілдір отынның игілігін көруде. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 56,4 пайызға дейін жеткізу жоспарда бар, — деген облыс әкімі 11 баласы бар ана Айгүл Әбілқайымоваға газ плитасын сыйға тартты.

Аудандағы тіректі ауылдардың қатарындағы Талдысайда 1800-ге жуық адам тұрады. Былтыр тамызда «Ерзат» мердігерлік ұйымы ауылға газ құбырын тарту жұмыстарын бастаған. Ауылішілік газ құбырының жалпы ұзындығы — 18 732 метр. Енді осы құбыр арқылы Талдысайдағы 408 тұрғын үй мен 23 әлеуметтік нысан көгілдір отын арқылы жылытылатын болады.  Құрылыстың сметалық құны — 242,6 млн теңге.

Әйтеке би ауданының әкімі Дархан Ермағанбетовтің айтуынша, Талдысай ауылы маңына орнатылған  газ тарату бекеті екі ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз етпек. Оның бірі — Талдысай, екіншісі — Жамбыл ауылы.  Қазір Жамбылда 130 түтін бар, 500-ге тарта адам тұрады.

Қуанышты сәтте ауыл ақсақалы Ақансері Ермағанбет: «Жаһанды жайлаған дертке қарамастан біздің мемлекетімізде, оның ішінде облысымызда осындай әлеуметтік бағдарламалардың орындалып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Біз — кешегі буынның өкілдеріміз. Мынадай тасжол мен теміржолдың салынып, газ, ауызсу  құбырларының тартылуы — кезінде біз ойламаған нәрселер.  Осындай игіліктерді көріп жатқан бүгінгі ұрпақ бақытты. Кешегі қиындықты көрген біз мына заманның қадірін түсінеміз. Бұл індет бізге еркін өмірдің, тәуелсіз тұрмыстың, адамдармен жақын араласудың қадірін ұғындырды. «Бағалағанға бақ тұрады, қадірлегенге құт қонады» деген қанатты сөз бар. Сондықтан жасалып жатқан әр істі бағалап, бірлікте болайық», — деп, жасалып жатқан істер үшін жергілікті билікке тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

Содан соң облыс әкімі Талдысай орта мектебінің мұғалімі Айгүл Қалиеваның шаңырағында болып, көгілдір отынның келгеніне көз жеткізді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта ауданның Құмқұдық, Аралтоғай ауылдарына газ құбыры желілерін жүргізуге жобалар жасақталған. Сонымен қатар Сарат, Үшқатты, Белқопа ауылдарына ауылішілік газ құбыры желілерін тарту бойынша да жұмыстар қолға алыныпты.

Жолдар жөнделіп жатыр

Ауданға жасаған сапарында аймақ басшысы Т.Жүргенов атындағы ауылда мемлекеттік бағдарламалар бойынша іске асырылып жатқан жобалармен танысты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында жолдарды жөндеуге 221 млн теңге бөлініп, 7 жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, 4,4 шақырымдық жол жөндеуден өткізіліп, жоспарланған жобалар бойынша 58 жұмыс орны ашылған. Атап айтқанда, Абай, Жастар, сондай-ақ Б.Момышұлы, Ю.Гагарин, Ы.Алтынсарин, Абылай хан, Қ.Айтазин атындағы көшелерді мердігер ұйымдар «Кең Даңғыл», «Атом-БГ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері асфальттаған.

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында Комсомол ауылындағы Т.Жүргенов атындағы көшенің 1,384 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылы құрылысты толық аяқтау жоспарланған.  Әйтеке би аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Темірбек Рахметовтің айтуынша, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының  жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы  үлесі — 13,67 пайыз.

Ол республикалық, облыстық трансферттерден аудандық маңыздағы жолдарға орташа жөндеу жұмыстарының жүргізіліп жатқанын да баяндады. Соның бірі — Светлый-Құмқұдық-Жабасақ бағытындағы автожол. Жобаға бөлінген қаражаттың мөлшері — 462,280 млн теңге. Бүгінде аталған бағыт бойынша жолдың 10-23 шақырым учаскесінде «АССАНАДорСтрой» ЖШС мердігерлік етуде.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жергілікті биліктегілерге жол құрылысына қатысты жұмыстарды ыждағаттауды тапсырды.

16 отбасы жаңа пәтерге кірді

Темірбек Жүргенов есімімен  аталатын ауылдағы баспаналары апатты жағдайда тұрған 16 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Екі қабатты ғимарат — аудандық ауруханаға қарасты жатақхана. Алайда бірнеше жылдан бері пайдаланусыз тұрған нысан былтыр күрделі жөндеуден өткен. Көп қабатты үйді «Бабэк Құрылыс» ЖШС жөндеген. Жоба құны — 242,6 млн теңге.

Келер жылы еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізгеніне отыз жыл толады. Елбасының саясатының арқасында тәуелсіздігімізді  нығайтып, мемлекетіміздің экономикасы дамып, жетістіктерге қол жеткізіп, көптеген әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндіктер пайда болды. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау, яғни бір жүйеден екінші жүйеге ауысу кезеңін  өздеріңіз жақсы білесіздер. Алайда ауызбіршіліктің, сабыр мен төзімнің, ең бастысы  еңбектің арқасында сол қиыншылықтарды жеңе білдік.  Соның нәтижесінде қазіргі уақытта бюджеттің табыс көзі молайып, көптеп кәсіпкерлік нысандары пайда болды. Бизнестің ықпалымен осындай мәселелерді шешудің де тиімді жолдары қарастырылды. Бұл орайда мен сапалы жұмыс атарған мердігер мекеме басшылығына алғыс айтамын, — деп, О.Оразалин  тұрғындарға  күрделі жөндеуден өткен  үйдің   пәтер кілттерін тапсырып, қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтады.

Жаңа қонысқа ие болғандардың бірі — көпбалалы ана Сәуле Қабденова. Пәтер кілттерін табыстау рәсімі кезінде ол қуаныштан көзіне жас алып, осындай мүмкіндікке ие болғаны үшін облыс, аудан басшылықтарына алғысын айтты.

Облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен нысанның ішін аралап көрді.

Сапар барысында аймақ басшысы Әйтеке би аудандық ауруханасының бас дәрігері Әсет Шарапатовтан  ауруханада індетке қарсы жасалып жатқан жұмыстардың барысын сұрады. Оның айтуынша, бүгінгі күні провизорлық орталыққа күрделі жөндеу жүргізіліп, қосымша кереуеттермен толыққан. Жасанды тыныс алу аппараттары мен оттегі концентраторлары орнатылған. Сондай-ақ рентген, флюроаппараттары да дайын тұр. Ол бүгінде  екі айға жоспарланған дәрі-дәрмек қоры бар екенін, алайда «СК-Фармация» мекемесіне жыл соңына дейін жететін препараттар алу үшін қосымша тапсырыс берілгенін айтты.

Сондай-ақ аймақ басшысы ауылдағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының халыққа қызмет көрсету орталығы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы сияқты өзге де  бөлімдер  бір ғимаратқа шоғырланған сервистік әкімдіктің ішін аралап көріп, жұмысымен танысты.

Тереңсайға газ керек

Содан кейін Әйке ауылдық округінің Тереңсай ауылына ат басын бұрған өңір басшысы ауылдық мектептің жай-күйімен танысып, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы  «Бастау» жобасы аясында өз  бизнесін бастаған жас кәсіпкер Гүлбану Кеңеспен  кездесті. Тереңсай ауылдық клубы ғимараты ішінен сұлулық салонын ашқан Гүлбану былтыр 505 мың теңгелік мемлекеттік грантты ұтып алған. Бүгінде ол грант қаражатына іске қажетті құрал-жабдықтарын алып, бизнесін жүргізіп отыр. Кейде тапсырыс бойынша көршілес орналасқан Сұлукөл ауылының қыз-келіншектеріне де қызмет көрсетіп қайтады.

Тереңсай елді мекенінің ақсақалдары атқарылып жатқан жұмыстарға дән риза екенін айтып, облыс әкіміне ауылға газ кіргізіп беруді сұрады.

Ауылға көгілдір отын келмегесін, көшіп кетіп жатқандар көбейді. Қазір 20 үй бос тұр. Жұмыс күші жоқ. Жергілікті тұрғындардың малын бағатын бақташы да жоқ. Теміржол мен тасжолдың бойында орналасқан ауылымызда орталықтандырылған ауызсу бар, интернет те қондырылды. Тек бізге керегі — газ, — деді  Тереңсай ауылында алпыс жылдан бері тұратын ақсақал Сұлтангерей Байгелдин.

Облыс әкімі ақсақалдың айтқан ұсыныс-тілегінің бәрі орынды екенін, алайда газ мәселесі ретімен шешілетінін түсіндірді. «Облыстың басшысы ретінде Тереңсайға алғаш келіп тұрмын. Мәселені бүгін-ертең шешеміз деп уәде бермеймін. Газ тарту үшін жобалау жұмыстарын жүргізуде қаражатты біз Үкіметтен талап етеміз. Сондықтан бұл мәселені шешуге атсалысайын, бірақ нақты қашан жүзеге асырылатынын айту қиын. Дегенмен айтып отырған шаруаңыз жобаға келіп қалуы мүмкін», — деді О.Оразалин.

«Беңқала»: 332 мың тонна кен өндірілді

Ауданға жасаған сапары кезінде аймақ басшысы  Сұлукөл ауылдық округі аумағында орналасқан «Беңқала» тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамының жұмысымен танысты. Карьер басында аталған компанияның бас директоры Бекболат Ақжолов облыс басшысына кен орнында жылына

710 мың тонна темір кені өндірілетінін айтты. Оның айтуынша, жерасты қазба байлығы Ресей Федерациясы мен  Қытайға жіберіледі.  Бүгінде мұнда 200-ден астам жергілікті азамат жұмыс жасайды. Биыл 7 айда 332 мың тонна темір кені өндірілген.

Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Кәсіпорын карантин кезінде де тоқтаусыз жұмыс жасапты. Компания басшылығы кен шығаратын аймақта ұялы байланыстың жоқтығын мәселе етіп көтерді. Аудан әкімі Сұлукөл ауылына ұялы байланыс жеткізу үшін бүгінде оператор компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті.

Өнімнің орташа түсімі — гектарына 7,5 центнер

Облыс әкімі Сұлукөл ауылдық округі аймағындағы «Алтынсарино» ЖШС егіс алқабында болып, ондағы науқандық жұмыстармен танысты. Осы жерде ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдерімен кездесті. Аталған серіктестіктің басшысы Борис Князов биыл 24725 гектарға бидай егілгенін айтты. «Алтынсарино» ЖШС дәнді дақыл егуде жоғары агротехникалық талаптарды сақтай отырып, аудандастырылған жоғары репродукциялы тұқым себумен айналысады. Аталған шаруашылықтың егіс алқаптарында  жыл сайын зиянкестерге және арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни көктемгі егістік жұмыстары аяқталғаннан соң арамшөптерді жоюға 16,2 тонна гербицид алынып, 4884 гектар жер өңделіпті.

Облыс әкіміне егіс алқабының басында аудандағы ауылшаруашылық саласында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Әйтеке би аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мейрамбек Сәтимовтің айтуынша, өңірде 395 шаруа құрылымы бар. Оның 20-сы  — ЖШС, 11-і — ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, қалғандары — шаруа қожалықтары.

Биыл ауданда 17 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 106 шаруа қожалығы егін салды. Ал қалғандары мал шаруашылығымен айналысады. Ағымдағы жылы 219 мың гектар жерге егін егілді. Оның 168 мың гектары — дәнді дақыл, 17,5 мың гектары — мал азығы, 4 мың гектарға — майлы дақыл,  қалғаны — көпжылдық өсімдіктер. Бүгінгі таңда егістің орташа түсімі — гектарына 7,5 центнер. Былтырғымен салыстырғанда өнім түсімі әлдеқайда жақсы. Бізде 8-18 тамыз аралығында ауа райы жауын-шашынды болып, шаруалардың жұмысына кері әсер етті. Себебі қатты бидайдың өзіндік сапасы жоғалғасын, бағасы да түседі. Бүгінгі таңда 104 мың гектар алқапта егін жиналды. Енді 60 мың гектар аумақтағы дәнді дақылды жинау қалып тұр. Соған күш салып жатырмыз. Аудан бойынша күніне шамамен 3,5-4 мың гектардай алқаптан өнім жинап тұрмыз, — деген М.Сәтимов 25 қыркүйекке дейін егін жинау науқанын толықтай аяқтауды жоспарлап отырғанын айтты.

Шаруалар облыс әкімімен кездесу барысында субсидия және басқа да мәселелерге қатысты ұсыныс-пікірлерін айтты.

Жаңарған саябақ

Аймақ басшысы Қарабұтақ ауылында да болды. 2018 жылы «Ауыл қамқоршысы» акциясы аясында салынған «Әкелер саябағы» демалыс орнының құрылысымен және осы жерде Қарабұтақ ауылының даму әлеуетімен танысты. Саябақта тұрғындардың демалуына, салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалған. Мұнда балалар ойын алаңы, волейбол, футбол алаңдары, стол теннисі орналастырылған. Жастар бос уақытын осында тиімді пайдаланады.

Жұмыс сапарын Еңбекту ауылында қорытындылаған облыс әкімі ауылішілік газ құбырының іске қосылу рәсіміне қатысты. Құны 59 млн теңгеге іске асырылған  газ құбырының ұзындығы — 6,4 шақырым.

Облыс әкімі жергілікті тұрғындарды  көгілдір отынның келуімен құттықтап, ауыл тұрғыны Ерлан Төреғалиевтің шаңырағында болып, жанып тұрған газды көрді.

Сапарының соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімі  Дархан Ермағанбетовке индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы мен  мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде жобаларды іске асыруды, шағын және орта бизнес саласын дамытуды тапсырды. Сонымен қатар аймақта  абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру қажеттігін айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button