Денсаулық

Емханаға тіркелу науқаны басталды

Брифинг

Жыл сайынғы емханаға тіркеу науқаны басталды. Екі айға созылатын шара 15 қарашада аяқталады.

Емханаға тіркеу науқанының мақсаты туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақтөбе филиаланың директоры Батырбек Нұрғалиев пен республикалық электронды денсаулық сақтау орталығының облыстық филиалы директорының орынбасары Рано Анарбаева айтып берді.

— Жыл сайын біздің елімізде емханаға тіркеу науқаны өтеді. Негізгі мақсат — тұрғындарға емхананы өздері таңдауға мүмкіндік беру. Тұрғындар емхананы, учаскелік дәрігерді өзі таңдайды. Азаматтар мүмкіндігі келгенше өз үйіне жақын жердегі емхананы таңдағаны жөн. Қандай да бір медициналық көмек қажет болса, дәрігер тез келеді. Тағы бір ескеретін нәрсе, отбасы мүшелерінің барлығы бір емдеу мекемесіне қаралғаны дұрыс, — деді  Рано Анарбаева.

Батырбек Нұрғалиев сақтандыру қоры тарапынан жүргізілетін жұмыстарды баяндады.

Тіркелу науқанының қорытындысының нәтижесінде  медициналық ұйымдарға тіркелген тұрғындардың санын ескере отырып,  2021 жылға арналған қаржыландыру жоспары жасалады. Қор дерекқордың  абсолютті дұрыстығына мүдделі, өйткені әрбір тіркелген тұрғын үшін медициналық ұйымдарға ай сайын жан басына қаржы төленеді, – деді Батырбек Нұрғалиев.

Емханаға  электронды қолтаңба арқылы электрондық үкіметтің www.e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркелуге болады. Порталға енгеннен кейін денсаулық сақтау бөлімінде «Медициналық — санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Емхана пациент туралы ақпаратты мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алады. Операция сәтті болған жағдайда азаматқа медициналық ұйымның ЭЦҚ қойылған электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама беріледі.

Халықтың жекелеген санаттары емханаға тікелей тіркеле алады. Ол үшін өтініш пен жеке басын куәландыратын құжаты болуы қажет. Бұл санаттарға зейнеткерлер, мүгедектер, заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар, сондай-ақ қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, колонияларда жазасын өтеп жатқан сотталғандар, студенттер, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, шет мемлекеттерде туған балалар, сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар жатады.

Естеріңізге сала кетейік, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматтар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алуға құқылы. Ал жоспарлы емдеуге жатқызу,  мамандардың қабылдауы, қымбат тұратын тексерулерден өту және жоғары технологиялық ем алу үшін МӘМС жүйесінде сақтандырылған болуы қажет. Сақтандыру мәртебесін электрондық үкімет порталында, қор сайтында және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы білуге болады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button