Жаңалықтар

Алыс аудан: алдағы күндер жоспары

Баспасөз туры

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен көшпелі баспасөз мәслихаты бұл жолы Байғанин ауданында өтті. Екі күндік іссапар аясында облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуы таныстырылып, облыс әкімінің тапсырмасы қалай орындалып жатқандығы көрсетілді.

Ауданда қазіргі уақытта мал шаруашылығын дамытуға, осы ауқымда кәсіпкерлікті өрістетуге баса назар аударылып отыр. Байғанин ауданының негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болғандықтан жыл сайын мал басының өсу қарқыны байқалады. Мәселен, жыл басынан бергі 7 айдың өзінде ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім көлемі 9,6 миллиард теңгені құраған. Бұл дегеніміз жоспар 106,0 пайызға орындалды деген сөз. Сондай-ақ жыл басынан бері жайылымдарды суландыру, шаруашылықтарды су көзімен қамту бағдарламасы аясында 21 терең түтікті скважиналар қазылып, 70 шаруашылықтың бұрынғы қазылған құдықтарына электр қуаты арқылы сумен жабдықтау қондырғылары орнатылып, бағдарлама бойынша шаруашылықтарға 250,0 миллион теңге субсидия төленген.

Байғанинге арнайы барған журналистерге аудан әкімі Қайрат Отаров алдымен ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан толымды істер туралы айтып, кейін ауданның өзге де салаларында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.

Аудан орталығы Қарауылкелдіде құрылыс жұмыстары да қарқын алған. Жыл басынан бері жалпы көлемі 5303 шаршы метрді құрайтын 37 тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Ал қазіргі таңда екі қабатты 16 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның біреуін жыл соңына дейін тұрғындарға тапсыру жоспары тұр. Сонымен қатар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да аяқталуға жақын. «САҚ Групп» ЖШС салып жатқан денешынықтыру және сауықтыру кешені қараша айында пайдалануға берілмек. Екі блоктан тұратын кешенде жаттығу залдарымен қатар бассейн, футбол, волейбол, баскетбол ойнайтын алаңдар болады.

Сонымен қатар Байғанин ауданы тұрғындары үшін тағы бір жағымды жаңалық — «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» республикалық маңызы бар автомобиль жолының аудан территориясына кіретін 125 шақырымындағы құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.

—  Аудан бойынша 397,5 шақырым жергілікті маңызы бар жол бар. Оның 139 шақырымы қанағаттанарлық жағдайда. 2020 жылы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарына 44 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда нақты жұмыстар жасалып жатыр, — деген аудан әкімі биыл ауылішілік 6 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

Бүгінгі таңда Байғанин тұрғындарының 79,7 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал аудан халқының 54,4 пайызы ғана көгілдір отынның рахатын көріп отыр. Аудан әкімі қазіргі таңда Дияр, Жаңатаң, Баршақұм, Қопа ауылдарын сумен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын, Алтай батыр, Көкбұлақ, Қосарал, Қораши елді мекендерінің жобалық құжаттары дайын екенін айтты. Ал Қаражар ауылына ауызсу жыл соңына дейін жетеді.

Отын жинап, күл шығарудың бейнетін көрген Жарлы ауылының тұрғындары үшін биылғы жыл ерекше есте қалмақ. Аудан әкімінің сөзінше, жыл соңына дейін ауылға газ барады. Қазіргі таңда ауылішілік газ құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ жыл аяқталғанша Кемерши, Ноғайты ауылдарына көгілдір отын жеткізілмек.

Журналистермен жаңа оқу жылының басында кездескен аудан әкімі Байғанин ауданы бойынша білім саласында атқарылып жатқан оң істер туралы да айтты. Аудан бойынша биыл 6 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Барлық мектеп ішкі және сыртқы бейнебақылау камераларымен жабдықталған.

Бұлақтыкөл ауылында салынып жатқан 100 орындық орта мектептің құрылысы қазан айына дейін аяқталса, Жаңатаңдағы мектептің құрылыс жұмыстары енді басталып жатыр. 2021 жылдың қаңтарына дейін толық аяқталып, пайдалануға берілмек.

Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында облыстық БАҚ өкілдері аудан әкімі айтқан жұмыстарды өз көздерімен көрді. Журналистер алдымен Сартоғай ауылдық округіндегі «Ая» шаруа қожалығына барды. Өткен жылдың мамыр айында іске қосылған шаруашылық жылқы өсіруді қолға алған. Аумаққа электр желісі тартылса, бие сүтін өңдейтін цехтың құрылысын бастамақ.

Ал асылтұқымды қой өсіріп отырған «Мұңал» шаруа қожалығы өз ісін 2004 жылы бастаған. Жылына 600-700 асылтұқымды қошқар сатады. Өнімдерін Ақтөбеден бөлек, Маңғыстау облысына шығарады.  2018 жылы ет өнімдерін көрші Ресей Федерациясына да тасымалдаған. Бүгінде 6 пункті бар шаруа қожалығы бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ журналистер Көлтабан ауылдық округінің орталығы Жарлы ауылында болып, газ құбырын салу жұмыстарымен және Жарқамыс ауылдық округіне қарасты Қаражар ауылындағы су құбырын тарту жұмыстарымен танысты.

Ауданға арнайы барған тілшілерге Қарауылкелді ауылында жөндеуден өткен бірнеше мектеппен қатар, Б.Тәжібаев атындағы музыка мектебінің де жұмысы таныстырылды. Бұдан соң, журналистер ауылда «Бизнестің жол картасы – 2020»,  «Еңбек» бағдарламалары аясында салынған М.Қасен мен П.Елжановтың жылыжай кешендерінің жұмысымен танысты. Айта кетейік, 2017 жылы кәсібін 200 шаршы метр алаңнан бастаған кәсіпкер Мұратбек Қасенов бүгінде өнімдерін аудандағы дүкендерге шығарып сатуда. Бірақ аудан халқын толық жергілікті өніммен қамтамасыз ету үшін әлі де бірнеше жылыжай қажет екендігін айтады.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button