Басты бет » Жаңалықтар » Бақылаушы топ нысандарды аралады

Бақылаушы топ нысандарды аралады

Аудан

Өткен аптада аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері мен мәслихат депутаттары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Аманкөл ауылдық округінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандарды аралады.

Алдымен аталған топ Құтикөл ауылында қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан Жарма көпірін қарады. Көпірдің жалпы ұзындығы — 54,8 метр, ені — 8 метр.

Бақылаушы топ бүгінге дейін көпірдің құрылыс жұмыстарының 50 пайызы ғана жүргізілгенін, жұмыс қарқыны өте баяу екенін, жағалау жұмыстары енді қолға алынғанын қатаң сынға алды. Сондай-ақ топ өкілдері плиталар, басқа да құрылыс материалдарының толық келмегендігіне алаңдаушылық білдірді.

Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасымен республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың жергілікті жерде толық игерілмеуіне жауапты мердігер ұйым — «Мансар» ЖШС-ның басшысын келісімшарт негізінде заңдық тұрғыда тәртіпке шақыру жөнінде тапсырыс беруші Ырғыз аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне ұсыныс берілді. Келісімшарт бойынша биыл қараша айында құрылысы аяқталуы тиіс нысанның қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірген қоғамдық бақылау өкілдері көпірдің мерзімді уақытында бітпей қалу қаупі бар екенін ескертті. Қазір мұнда жұмыспен қамту орталығы арқылы 25 жұмысшы жұмыс жасап жатыр.

Бұдан кейін бақылаушы топ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Жарма ауылында жүргізіліп жатқан су құбыры желілерінің құрылысын қарады. Қоғамдық бақылау тобы бұл нысанға жауапты мердігер ұйым — «Өтес Ақтөбе» ЖШС-ның жұмысты қарқынды жүргізіп жатқанын көріп, компания жұмысшыларына ризашылықтарын жеткізді.

Бүгінде мердігер компания 9526 метр қашықтыққа құбыр салып, құрылыс жұмыстарын аяқтаған. Атап айтсақ, ауылішілік су құбыры желілері жүргізіліп, 53 үйге ауызсу құбыры кіргізілген. Ауыл ішіне 2 резервуар орнатылған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы жасалған. Бұл жоба жыл аяғына дейін аяқталуы тиіс.

Д.ҚАЗИХАН,

Ырғыз ауданы.