Рухани жаңғыру

Өмір мен өнер

Өнері, білімі бар жұртқа айналғанымыз бертінде секілді. Білімді кітаппен, өнерді техника жетістіктерімен өлшегенде, әрине, солай екені де анық. Әйтсе де білімді зердемен, өнерді талантпен таразыласақ, бұл мәселені бір ауыз сөзге сыйғызу мүмкін де емес.

Осы тұрғыдан қарағанда, биыл туғанына 160 жыл толып отырған Нұрпейіс Байғанинді де қазіргі (әрине, келер) ұрпаққа да жеткілікті таныстыра алмай     келе жатқанымыз шындық. Жо-жоқ. Ақынның бірнеше томдық кітаптары шықты, түрлі зерттеулік мақалаларға да өзек болып жүр. Әйтсе де ол туралы жалпы жұртшылықтың назарын аударатын кереметтей көркем дүние жазылмағанын және мойындауымыз керек.

Нұрпейіс өткен ғасырдың сонау 30-40 жылдары күллі қазаққа мәлім небір ақын-жыршылармен қатар өмір сүрді. Соның ішінде Жамбылмен де жүздескені, оған жыр да арнағаны мәлім. Ал сол Жамбылыңыз туралы естеліктер мен мақалаларды былай қойғанда, повестер де, тіпті роман да жазылды.

Нұрпейіс ақынға келгенде бұлай еркін сөйлей алмаймыз. Нұрпейіс ақын туралы жазылған көркем дүниенің біреуі де, бірегейі де — Тобық Жармағамбетов жазған «Бәйтеректің жас шағы» атты повесть. Прозашылық таланты дау туғызбайтын Тобық жазушының бұл шығармасы жырау өмірінің жас дәуренінің бір тұсын ғана қамтығандықтан, әрине, оқырманның сусыны қанбай қалды. Әттең, Т.Жармағамбетовтің бұл хикаятты ұлғайтуға ғұмыры жетпеді, немесе, көңіліне лықсып келіп тұрған басқа дүниелерді жазып тастауға бейілденіп жүргенде бір қолын екі ете алмаған да болуы мүмкін. Қалай болғанда да, ұлы жыраулардың санатына қосылатын Нұрпейіс туралы тамсана оқитын бас-аяғы бүтін көркем еңбек дүниеге келмей қалды.

Рас, ақынның соңында қыруар туындылар қалды. Өлең-толғаулары өз алдына ғой, «Ақкенже», «Нарқыз» тәрізді дастандары қандай?!

Дегенмен ақын жөнінде Тобық Жармағамбетов қалдырған көркем дүниені де жұбаныш етуге болатын тұстарымыз бар. Әйтпесе Нұрпейіс үлгі алған, дос-жаран болған, бірқатарымен айтысқа да түскен Абыл Тілеуұлы, Шернияз  Жарылғасұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Нұрым Шыршығұлұлы, Қашаған Күржіманұлы, Ақтан Керейұлы, Марабай Құлжабайұлы, Әбубәкір Кердері, Қазақбай, Сабыр тәрізді сөз зергерлерін алты алаштың назарына ілігерліктей етіп бейнелеген көркем дүниелер бар ма? Ақынның өзі де: «Жаяу жыршы» кезімде / Араладым талай жол, /Қазақстан даласын, / Еділ, Жайық, Қобда, Елек, / Ойыл мен Сағыз, Ұлы  Жем, / Ор, Темірдің арасын, Көзді бұлақ Балқаштың Сансыз тарау саласын», — демеуші ме еді.

Ақын атамыздың «Ақкенже» мен «Нарқызға» қандай дайындықпен келіп кіріскені де бізге біршама мәлім. «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Алпамыс», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Құбығұл», «Төрехан» тәрізді жыр-дастандарды келістіре жырлаған ғой. Соның ішінде Нұрпейіс жырлаған «Қобыланды батыр» жырының басқа жыршылар жеткізген нұсқаларға қарағанда көлемі молдығы, оқиғасы жағынан мазмұнды екенін ғалымдар баса айтты. Сан салалы «Қырымның қырық батырын» қалай жүйелеп мол жырлағаны да бүгінде тамсанып айтуға тұратын үлгі еді.

Осы тұста өкінішпен айтатын жайттар да бар. Жоғарыда аталғандар Нұрпейістің білетіндерінің бір бөлігі ғана. Әйтпесе ғалымдардың пайымдауынша, ақын әрідегіні былай қойғанда, берідегі Есет пен Бекет, Көтібар, Кенесары мен Жанқожа батырлар туралы жырларды да зердесінде ұстап, тыңдаушының санасын сілкіндіріп отырған ғой. Бірақ бұл жырлар да сол замандағы көптеген себептерге байланысты қағазға түспеді, ұлы жыраудың көкейінде кете барды.

Міне, осындай тамаша да тағдырлы мектептен өткен Нұрпейістің әлгі аталған екі дастанды (екеуін ғана емес) дүниеге әкелу үшін қанша уақыт толғанып, нетүрлі тармақтар мен шумақтарды неше күн құрастырғанын білмейміз, әйтеуір, бас-аяғы бүтін, жұртшылық жалықпай тыңдайтын дүниелерді жарқыратып бере салған ғой. Бір жағынан бұған сол кездегі Қазақстан Жазушылары ұйымы басқармасының жауапты хатшысы Дихан Әбілов пен «Халық ақындары» секциясының жетекшісі Қасым Аманжоловтың 1938 жыл­дың 10 шілдесінде Нұрпейіс Бай­ғанинге: «Оқи­ға­лы ірі поэма беру сіздің қолыңыздан келеді деп санаймыз. Ұзақ өлеңдермен қатар ірі шығарма берсеңіз өте жақ­сы болар еді… Жұрт­шылық сіздей ақыннан көп­теген жақсы өлеңдерді құмарта күтеді. Сіз бұл тілекті ақтайды деп сенеміз», — деген мазмұнда хат жазуы да себеп болған шығар.

Расында да, мектептік білімді игермеген соң, қазіргі ақындар секілді ақ қағазға түскен жолдарды бір сызып, бір толықтырып, түзеп-күзеп отырарлықтай мүмкіндігі болмаған Нұрпейіс тәрізді халық ақындарының, әсіресе, осындай күрделі шығармаларды (хатта жазылғандай, «оқиғалы ірі поэмаларды») төгіп-төгіп салатын қабілеттерінің құпиясын біз білмей өтетін де шығармыз.

Сол сияқты 1860-1945 жылдар аралығында ғұмыр кешкен Нұрпейістің қай кезде қандай сезімде болғаны да бізге беймәлім. Сырттай мінез-құлқын сөз еткен бірқатар естеліктер жазылды, бірақ ішкі жан-дүниесіне дендеп ене қойған кім бар дейсіз. Әр адамның басқалар білмейтін өз жұмбағы бар десек, елге аты кең жайылған бұл ақынның жұмбағы одан да қыртысты болмауы мүмкін бе?! Оның үстіне тура қырық жыл өмірін ХІХ ғасырда өткізген ақынның бертінде көргендері де қызыққа толып тұрмағаны аян: түріктермен соғысқан патша өкіметінің тылдың қара жұмысына қазақтарды да алуы, қазақ даласын шарпыған көтерілістер, ақпан, қазан төңкерістері, азамат соғысы жылдары, қайталанып соққан екі бірдей аштық, тәркілеу дүрбелеңі, зорлықпен ұжымдастыру, рабайсыз қуғын-сүргін (респрессия), дүниежүзілік соғыс…

Әттең, осының бәріне куә болған Нұрпейістің осының бәрін жырлауға мүмкіндігі болмады. Саясат бұларды жырлатпақ түгілі, әңгімелеуге рұқсат берді ме екен. Сол себептен де біз қазір ақынның ірі дастандары мен заман ыңғайына қарап жазған өлең-жырларын ғана тілге тиек ете аламыз. Бірақ тап қазір бұларды талдауды да мақсат етіп отырған жоқпыз.

Өйткені, қазақ әдебиетінің ХХ ғасырдағы даму жолына жолшыбай үңіліп өтсеңіз де, көзіңіз бірден біраз нәрсеге жетер еді. Осы Нұрпейіс Байғанин туралы да жылы ықыласпен жазған қазақтың белгілі әдебиет сыншысы, профессор Есмағамбет Ысмаиловтың 1939 жылғы бір мақаласында: «…Бізде өлең өте көп жазылады, тіпті қисапсыз. Осы көп өлеңнің маңызын салмақтап, нағыз көркем поэзияға тән қасиеттері жағынан сұрыптай бастасақ, бізде бүгін жұртшылығымыздың тілегіне жауап бере алатын өлеңдердің өте аз екенін көреміз» делінуі де сол кезеңнің ащы шындығы еді. Осы сұрықсыздықты сейілтуге кейін, соғыстан соң, әсіресе, Қасым Аманжолов белсене кіріскені, ал қазақ өлеңі жалпы 60-жылдардан бастап жаңа, биік тұғырға көтерілгені мәлім.

Міне, осындай жағдайларға байланысты Нұрпейістің сол дәуірде жазылған, шын мәнінде ілтипатқа бөленген «Қазақстан», «Гүлденген заман», «Өңімдегі жұмбақ», «Ғажайып көрмеде», «Москва», тағы басқа өлеңдерін, терме мәнерінде жазылған «Ақын шабыты», «Ақынға», «Отарба», «Зор майданға шапшаң бар» тәрізді туындыларын ғылыми-танымдық тұрғыда зерттегенімізбен, бүгінге үлгі ете алмайтынымыз анық. Бүгінге үлгі етсек, бұл өлеңдерді емес, ақынның қиямет-қайым жылдардың зәр-заһарын күн сайын сезіне жүрсе де, талантын жоғалтып алмаған, жаратушының бойына берген қабілетін мүмкіндігі жеткен тұсқа шейін пайдаланған абзал қасиетін үлгі етуіміз керек. Әрі-беріден соң Нұрпейіс үйішілік, ауылішілік салмақсыз көріністерді емес, әлдебір жарқын заманға, қой үстіне бозторғай жұмыртқалауға тиіс сәулелі болашаққа ынтызарлықпен ұмтылған қалың елді, қазақ жұртын жырлады ғой, Рас, Ленинді, Сталинді дәріптеді, бұл да қылмысқа жатпайды, өйткені қазіргі ақындарымыздың әр тұста қазан құлағын ұстағандарды, айталық, уақытша министрлерді, жалпы жұрттың еншісінен жырып қаржы жинаған бизнесмендерді, рулық-аталастық дерттің туын көтерушілерді, т.б. осындай сырғымалы элементтерді мадақтап жазған «современный одаларын» оқығаныңызда, Нұрекеңдерге жылап көрісетіндейсіз. Қызметін осы қазақтың жоғын жоқтаумен атқарған, айталық, Жұмабек Тәшеновке немесе Ілияс Омаровқа, осындай-осындай басқа да аз-кем ардақтыларға жағымпаздана жазылған жырларды сол кісілердің тақта отырған кезінде шыққан газет-журналдардан таба алар ма едіңіз. Бірақ, бұл да, әрине, басқа әңгіменің сорабы.

Дегенмен Нұрпейістің жырларын түгелдей социалистік саясат талаптарына негізделген дүниелер есебінде мүлде атаусыз қалдыруға әйтпесе тұсынан үнемі үн-түнсіз өте беруге де болмайды. Айталық, тым әріде де емес, тым беріде де емес, күні кеше мектептердің «Қазақ әдебиеті» оқулығына ақынның «Еңбек туралы жыры» енгізіліп келді, радиодан да осы жыр ерекше шабытпен орындалып жүрді. Ол кез ең алдымен еңбек (әсіресе, қол еңбегі) ерекше бағаланатын заман еді, бірақ еңбек қай заманда да еңбек болуға тиіс емес пе, еңбек қай заманда да қадірленуі тиіс емес пе?! Сол тәрізді Кеңес Одағының Батырлары Нарсұтбай Есболатов пен Төлеген Тоқтаровқа, жиырма сегіз панфиловшыларға арнаған туындылары ескірмейтін сөздер екендігіне және дау жоқ қой.

Тағы бір айта кетер жайт бар. Көрнекті әдебиет сыншысы Есмағамбет Ысмайылов 1939 жылы сыни тұрғыда: «…Көп ақындарымыз Жамбылдан үлгі алады. Жамбыл бүгінгі өміріміздің ең маңызды тақырыбын, озық ой-пікірін мезгілімен жеткізіп, басқа ақындардан бұрын жырлайды. Жамбылдың осы қасиетінен үйренуді бірқатар жас ақындарымыз дұрыс ұғынбай жүр. Олар Жамбылдан үлгі алуды сол Жамбыл бұрын айтып қойған ой-пікірді Жамбылдың ақындық үлгісімен қайталап айтып беру деп түсінеді, қайталап айтқанда, көркемдігі нашар, пікірі жалаң, жаңа образ, жаңа ақындық, өнері жоқ шығармалар береді» деп жазған екен. Осы қисынға тереңдеу үңілсек, сол кезеңде Нұрпейіске де еліктегендер аз болды деймісіз. Демек, Нұрпейіс те талай жас буын талапкерлердің ықыласын оятып, ілгері жетелегені күдік туғызбаса керек.

Жалпы Нұрпейіс Байғанин туралы әрідегі ақын-жазушылар, ғалымдар мен берідегі зерттеушілердің қағазға түсірген дүниелерін таразыласақ, сол замандағы халықтық өнер иелеріне тән екі ерекшелікті түйіндеп айтуға болады.

Біріншіден, Нұрпейіс қазақ даласында пәленбай заманнан қалыптасқан жыршылық өнерді ХХ ғасырдың ортасына дейін әкелген жыраулардың соңғыларының, әрине, ірілерінің бірі.

Екіншіден, ол ауыз әдебиетінің асыл дәстүрі мен жазба әдебиеттің жаңалығын бір-біріне жалғастырушылардың қатарындағы беделді өкілдердің бірі.

Әдетте түрлі көрікті теңеулермен сөйлеуге құштар қазақ жұрты Нұрпейіс ақынды жапырағын жайған бәйтерекке теңер еді. «Бәйтеректің жас шағы» дегенде жазушы Тобық Жармағамбетов те осыны ескергені даусыз. Әттең, біз сол бәйтеректің жапырақтарын түгел тамашалай алмадық.

Иә, уақыт өтеді. Бірақ руханият құндылықтары, соның ішінде сөз өнері әр ұлттың өткен өміріндегі көз тартар өрнектерін қай кезде де әрдайым жарқыратып көрсетіп отырады. Нұрпейіс Байғанин де бізге төл руханиятымыздың көрнекті тұлғасы ретінде қадірлі болып қала бермек.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button