Басты бет » Әлеумет » Еріктілер 300 отбасыға азық-түлік таратты

Еріктілер 300 отбасыға азық-түлік таратты

Ақтөбе қаласының Астана аудандық және Алматы аудандық пробация қызметі облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған, бірақ ерікті болып жүргендерді  «Нұр- Ғасыр» мешітінің ұжымы ұйымдастырған қайырымдылық шарасына қатыстырды.

Акция барысында Астана аудандық және Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған-еріктілер көмекке мұқтаж 300 отбасыға азық-түліктер таратты.

Қайырымдылық шарасы — батыр ана, марқұм Бибі-Жамал Әбдімәлікқызының қырық күндік садақасына орай ұйымдастырылды. Бибі-Жамал апаның артында қалған ұрпақтары тұрғындар арасында жұқпалы аурудың таралуына жол бермеу мақсатында халықты мейрамханаға жинамай, оның орнына ас беруге арналған азық-түліктерді мұқтаж отбасыларға таратты. Қайырымдылық шарасы кезінде Ақтөбе қаласының Астана аудандық және Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған-еріктілерге осы игі істің ұйымдастырылуына арқау болған Бибі-Жамал апаның кім болғаны және елге жасаған қайырымды істері туралы айтылды, — дейді Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің психологі Кәмшат Елтаева.

Бибі-Жамал Әбдімәлікқызы бала күнінде ІІ дүниежүзілік соғыстың зардабын тартқан. Кейін отбасылы болып, көпбалалы ана атанса да, елде ата-анасыз жетім қалған бірнеше баланы бауырына басып, оларға өз баласындай қарап, тәрбиелеп өсірген.

Сонымен қатар, көзі тірісінде елдегі әлеуметтік жағдайы төмен 67 отбасыға баспана сыйлаған. Қажылық жасағысы келетін 80 адамды қасиетті мекенге аттандырып, жол шығынын өзі көтерген.

Ел басына күн туған кезде, елмен бірге алғашқылардың бірі болып, халыққа көмек қолын созған. Арыс қаласындағы жарылыс кезінде және Қызылағаш пен Мақтаарал аудандарындағы су тасқыны кезінде Бибі-Жамал Әдбімәлікқызы қиындыққа ұшыраған  ағайынның жанынан табылып, оларға демеу болған.

 Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА.