Басты бет » Жаңалықтар » Облыста кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың саны артқан

Облыста кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың саны артқан

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орынбасарлары Мейрамбек Шермағамбет пен Қайрат Бекенов жетекшілік ететін 9 басқарманың атқарған жұмыстарының нәтижелерін тыңдады.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-ағарту салаларын, ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыста тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жасалуда. Бүгінгі басқосуда жоспарларыңызды тыңдап, қандай да бір кедергілер мен кемшіліктер болса, талқылауға дайынмын, — деді облыс әкімі жиында.

Басқосуда алдымен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева биылғы жылдың 8 айында облыста 851 орынға арналған 10 балабақшаның ашылғанын, жыл соңына дейін тағы 20 балабақша пайдалануға берілетінін атап өтті.

Ал облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі өткен жылмен салыстырғанда, биылғы 8 айда өнеркәсіп көлемі 97,1%-ды құрағандығын жеткізді. Биыл инвестицияның көрсеткіші артып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 340,4 млрд теңгені құраған. Сонымен қатар аймақта кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың саны артқан. Мәселен, өңірде 5 млн теңгеге дейінгі мемлекеттік грантты жеңіп алуға биыл 200-ден астам өтініш келіп түскен. Өткен жылы 162 азамат өтініш берген.

Сондай-ақ биыл «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 18,9 млрд теңгеге 177 жоба, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 2,8 млрд теңгеге 580 жоба мақұлданған.  Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік басқармасының  басшысы Нұрхан Тілеумұратов баяндап берді. Сондай-ақ, қазіргі таңда облыс тұрғындарына өз бизнесін ашу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Жиында облыс әкіміне облыстық мәдениет, архив және құжаттама, ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері, дін істері, тілдерді дамыту, индустриалды-инновациялық даму, еңбек инспекциясы басқармаларының басшылары биылғы жылдың 8 айында жасаған жұмыстары мен алдағы жоспарларын баяндаса, облыс әкімі аппаратының басшысы хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жайлы ақпарат берді. Сондай-ақ облыс әкімінің баспасөз қызметі басқарма басшыларының халықпен кері  байланыс орнатуда байқаған бірқатар мәселелерін атап өтті.

Жиын соңында облыс әкімі Оңдасын Оразалин өзінің орынбасарларына қарқынды жұмыс жасауды тапсырды.

— Өңірде кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың көбейгені жақсы үрдіс. Бизнестерінің әрі қарай дамуына қолдау көрсетіп, аяқтан тұруына жағдай жасау қажет, — деді облыс басшысы.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметі.