Пікір

Жүктелген  міндет — педагогтердің  жағдайын  жақсарту

 

Марал Әділханова,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы  Ақтөбе облысы

 бойынша педагогикалық қызметкерлердің

біліктілігін арттыру институтының тренері, магистр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы  Жолдауының басым бөлігін экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арнады. Жолдауда білім беру, мәдениет және спорт саласындағы  көкейкесті мәселелер  баса айтылған. Сондай-ақ мемлекеттік басқару, өнеркәсіп әлеуетін күшейту, шағын және орта бизнесті дамыту, экономикалық даму, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты нақты атқарылатын жұмыстар да атап көрсетілген. Сондай-ақ  Мемлекет басшысы ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы – цифрландыру екенін атап өтіп, ақпараттық технологиялар нарығын, инжинирингтік және басқа да жоғары технологиялар қызметін дамыту қажеттігіне тоқталды.

Алдағы уақытта білім саласында азаматтардың сауаттылығы мен  біліктілігін арттыру мақсатында  «Үздіксіз білім беру» тұжырымдамасы,  кәсіби білім беруде  еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға басымдық берілуі, ғылым саласын дамытуда арнаулы бағдарламалық құжаттың әзірленетіні көңіл қуантады. Бұл құжаттардың білім және ғылым саласы үшін маңызы ерекше.

Өткен жыл білім саласы қызметкерлері үшін нәтижелі жыл болды. Тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Қолданыла бастағанына аз уақыт болса да педагогтер Заңның игілігін көріп отыр.

Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысы. Былтыр Президент алдағы жылдары  мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес келер жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі. Бұл мәселе туралы Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында да атап өтті. Президенттің педагогтерге осылайша қолдау көрсетіп отырғаны қуантарлық жағдай. Қазіргідей қарыштап дамып, озық технологиялар қолданысқа енгізілген заманда оқушылардың сапалы білім алуы үшін мұғалімдердің жағдайын жасау өте маңызды.

Осы орайда Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты мұғалімдерге тегін қашықтан оқыту курстарын жүргізіп, бейнесабақтар өткізуде. Алдағы уақытта да педагогтердің біліктілігін арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button