Әлеумет

Қайтарымсыз грант алып, кәсібіңді баста!

Отбасы күніне орай «Анаға тағзым» кешенінде жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік гранттар беру мәселелері бойынша отырыс өткізілді. Шара барысында жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін шағын және орта бизнес ашу, тұрғындарды жұмыспен қамту, отбасының әлеуметтік жағдайын жақсарту, салық салу есебінен әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосуға жәрдемдесу мәселелері толық айтылды.   

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова өңірде 2017 жылдан бері атқарылып келе жатқан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген жұмыстарға тоқталды. — Аталған бағдарлама аясында қайтарымсыз гранттармен бірге аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, атаулы әлеуметтік көмек, әлеуметтік азық-түлік жинақтары, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекеттік жәрдемақылар беріледі. Мұның барлығы тұрғындарды әлеуметтік қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Ал бүгінгі шараға бағдарламаның бірінші бағыты және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» курсынан өтіп, сертификат алған азаматтар қатысып отыр. Бұл оқудан өткендер қайтарымсыз грант ала алады. Мұндай бағыттағы мемлекеттік грант «Еңбек» бағдарламасы аясында үш жылдан бері беріліп келе жатыр. Бағдарлама мақсаты — өз ісін бастауға ниет еткен азаматтарды қолдау. Ал курста оқып, сертификат алу — қандай да бір кәсіпті меңгеру үшін алғашқы кәсіпкерлік негіздерін үйренуге жасалған алғашқы қадам. Мемлекеттік грант алып, өз ісін бастауға ниет етіп отырған азаматтарға сәттілік тілеймін, — деді Б.Елеусінова.

Жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыруға мемлекеттік гранттарды беру бойынша өткізілген отырыс барысында болашақ кәсіпкерлер массаж кабинеті, жаңа үлгідегі киім  тігу, шұжық өнімдерін шығару, әртүрлі тәтті кондитерлік және нан өнімдерді шығару, жартылай фабрикат өнімдерін шығару, әсемдік және шаштараз салондары, мал және құс шаруашылығын жүргізу сынды жобаларын ұсынды.

Биыл қала бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында 219 адамға 185,2 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында бір адамға берілетін грант мөлшері — 555 600 теңге (200 айлық есептік көрсеткішке тең). Оны бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған немесе «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен, бұдан бұрын мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде грант алмағандар ала алады. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша жұмыссыздар шаштараз, аспаз, жиһаз құрастырушы, дәнекерлеуші секілді бірнеше мамандық бойынша қысқа мерзімді курстарға қатысуы тиіс. Бұл оқудың операторы  —  жергілікті жердегі халықты жұмыспен қамту орталықтары. Ал  «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсы  «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы базасында өтеді.

Сондай-ақ шара барысында бұрын мемлекеттік грант алып, кәсібін бастаған азаматтар да келді. Олар өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіптерімен таныстырды, олар жасаған өнімдер қойылған көрме де ұйымдастырылды.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button