Экономика

Бизнесті қолдау немесе дамудың ортақ векторы

Меморандум

«Ақтөбе» индустриялық аймағының басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен облыстық кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжат «Ақтөбе» индустриялық аймағының аумағында жұмыс жасайтын отандық өндірушілерді қолдау бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді көздейді. Негізгі міндет ретінде жер қойнауын пайдаланушылардың мемлекеттік сатып алу және сатып алу шеңберінде жәрдем көрсету жоспарлануда. Меморандумға кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова мен «Ақтөбе» индустриялық аймағының басқарушы компаниясы» ЖШС директоры Әлімжан Жалбаторов қол қойды.

Қазіргі уақытта нормативтік-құқықтық құжаттарда қазақстандық өндірушілерге мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде арнайы тәртіпті қолдана отырып, өз өніміне тиісті қазақстандық сертификаттары бар өндірушілер арасында ғана сатып алуды өткізуді көздейтін жеңілдіктер қарастырылған. Сондай-ақ сатып алу қағидасында көмірсутек шикізаты саласындағы жер қойнауын пайдаланушыларға отандық өндірушілерден бір көзден сатып алу мүмкіндігі көзделген. Кәсіпкерлер палатасы жергілікті тауар өндірушілерге индустриялық сертификат алуға көмек көрсетеді. Бұл — кәсіпорынның отандық тауар өндірушілердің, жұмыстар мен қызметтердің тізіліміне енгізілгенін растайтын және отандық өндірушінің мәртебесін куәландыратын құжат. Құжаттың болуы сатып алуға қатысуға, сол арқылы өткізу нарығын кеңейтуге және өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік береді, — деді кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер кейде осы преференцияларды толық пайдалануға мүмкіндік бермейтін проблемаларға тап болады. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу шеңберінде тапсырыс берушілер бір көзден сатып алудың орнына ашық конкурстар өткізуді жөн көреді. Онда жергілікті өндірушілер шетелде шығарылған өнімді тасымалдауда жеткізушілермен қатаң бағалық бәсекелестікте болады. Мемлекеттік сатып алу шеңберінде тапсырыс берушілер конкурс жариялаған кезде бірыңғай номенклатуралық анықтамасын дұрыс көрсетпейтін жағдайлар кездеседі, соның нәтижесінде қазақстандық өндірушілердің СТ-kz сертификатының болуына қарамастан сатып алуға қатысуға мүмкіндігі болмай жатады.

Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында жоғарыда аталған және басқа да мәселелер облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен жергілікті қамту мониторингі жөніндегі комиссияның отырысы барысында қаралады.

Сол сияқты меморандумда консалтингтік қызметтер көрсету, бірлескен кездесулер, көрмелер ұйымдастыру сияқты  индустриялық аймаққа қатысушылардың мәселелерін шешу және кәсіпорындардың қалыпты жұмыс істеуі үшін қолайлы ортаны қамтамасыз ету мақсатында басқа да іс-шаралар көзделеді. — Кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі ірі ұйым саналатын «Атамекенмен» бірге дамудың ортақ векторын таптық. Кәсіпкерлікті дамыту және біздің бюджетіміз индустриялық аймақта жұмыс жасайтын отандық жергілікті тауар өндірушілердің дамуына байланысты. Барлық түсімдер мен қаржылар облыс ішінде айналымда болады, — деп атап өтті «Ақтөбе» индустриялық аймағының басқарушы компаниясы» ЖШС директоры Әлімжан Жалбаторов.

Меморандум аясында кәсіпкерлер палатасы өңір кәсіпкерлері үшін осы аумақта жұмыс істейтін компаниялар өнімдерінің көрмесін ұйымдастыра отырып, индустриялық аймаққа экскурсия өткізуді ұсынды.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button