Жаңалықтар

Ақтауға барғыңыз келсе…

Әуе қатынасы

FlyArystan әуе компаниясы арқылы енді ақтөбеліктер Ақтөбе-Ақтау және Ақтау-Ақтөбе бағыттарына жол жүре алады. Қазіргі таңда бұл бағыттарға билет сатылып жатыр.

Жолаушылар алдағы уақытта заманауи әрі жайлы «Airbus A-320» ұшақтарымен ұшатын болады. 180 орынды әуелайнерлер биылғы жылдың 16 қазанынан бастап қатынайды. Ақтөбеден Маңғыстау облысына жету билетінің құны 6999 теңгеден басталады. Аталмыш баға нарықтағы басқа бағалардан неғұрлым арзан.

Батыс өңірінде орналасқан екі шаһар арасындағы әуе қатынасының уақыты — бір жарым сағат, ал рейстер аптасына төрт рет – дүйсенбі, сәрсенбі, жұма мен жексенбі күндері жүреді. Билеттерді дәл қазір flyarystan.com сайты немесе әуе компаниясының мобильді қосымшасы арқылы сатып алуға болады. Сонымен қатар билеттер келер жылдың 27 наурызына дейінгі сапарларға қолжетімді.

— Жыл сайын Каспий жағалауында демалуға ниетті азаматтар саны артып келеді. Теңізден бөлек, демалып келушілер қаланың басқа да көрнекі жерлерін жиі тамашалап тұрады. Олардың ішінде аса қызығушылық тудыратын орындар —  Бекет ата мешіті, Кенді баба қорымы, Бозжыра мен Саура шатқалдары. Ақтаудың ерекшелігі – оның жайлы температурасында. Мұнда жыл бойы ауа райы жылы, сол себепті мұнда қысы-жазы демалуға болады, — дейді компанияның қаржы директоры Әлім Шалбаев.

Айта кету керек, биылғы жылы жаз айларында қазақстандықтардың көбі Ақтауға барып, демалуда. Атап айтсақ, шілде айымен салыстырғанда, тамыз айында Каспий жағасына барып демалушылардың саны 120 пайызға жеткен.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button