Әлеумет

Мешіттер 273 баланы оқу жылына дайындады

Мектепке жол

Облысымыздағы мешіттер жылдағы дәстүр бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын өткізді.

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы бұл игі шара тек Ақтөбе қаласында ғана емес, аудандық және ауыл мешіттерінде де жүзеге асты. Мақсат – әлеуметтік аз қамтылған оқушыларды мектепке қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз ету. «Мектепке жол» акциясы аясында барлығы 273 оқушыға қайырымдылық көмек көрсетілді.

Атап айтқанда, облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті — 80 оқушыны, Ақтөбе қаласындағы мешіттер — 111 оқушыны, аудандардағы мешіттер 82 оқушыны жаңа оқу жылына дайындады. 273 баланың 248-іне оқу құралдары салынған мектеп сөмкелері берілсе, 25 балаға онлайн оқу үшін қажетті планшет пен нетбук тарту етілді. Қайырымдылық акциясын ұйымдастыру барысында 2,4 миллион теңге көлемінде қаражат жұмсалды.

«Нұр Ғасыр» мешітінде өткен шарада облыстың бас имамы Төлеби Оспан дінімізде әр адамның білім алуына зор маңыз берілетініне тоқталып, оқушыларға жаңа оқу жылында сәттіліктер тіледі. Игі шараға жиналған ата-аналар қайырымдылық акциясын ұйымдастырған барша мешіт қызметкерлері мен демеушілік көрсетіп, қайырымдылық көрсетуге бірауыздан атсалысқан барлық жомарт жандарға өз алғыстарын айтты.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button