Денсаулық

Абайлаңыз, тұмау!

Тікелей желі

Күн салқындаған сайын түрлі инфекциялық аурулар өршиді. Оның ішінде тұмау ауруына шалдығатындардың қатары көбейеді. Дәрігерлер күзде коронавирус инфекциясының екінші толқыны болуы мүмкін екенін, сондықтан тұмаудан барынша сақтанып жүру керектігін ескертеді.

Осыған орай әлеуметтік желіде тұмау профилактикасы туралы тікелей эфир өтті.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев биыл  коронавирус инфекциясының екінші толқыны тұмау инфекциясының эпидемиологиялық маусымына сәйкес келуі мүмкін екені болжанып отырғанын айтты. Бұл жағдайда аталған екі аурудың қоздырғыштары адам ағзасына түскен жағдайда иммунитет жүйесіне орасан күш түсіп, адам өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан иммунитеті әлсіз, осал топқа жататын тұрғындар  тұмауға қарсы вакцина алуы қажет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамына сәйкес, биыл тұмаудың А (Н1N1) – «Guangdong-Maonan», А (H3N2) – «Hong Kong» және В – «Виктория желісіндегі Washington» түрлері таралуы мүмкін. 2019 жылдың 1 қазанынан бастап бүгінгі күнге дейін тұмаумен 221 адам науқастанған. Оның ішінде жүкті әйелдер – 46, 1 жасқа дейінгі балалар – 5, мектеп оқушылары – 39, 14 жасқа дейінгі балалар  – 103. Жұқпалы респираторлы вирустық инфекцияға 7567 адам шалдықты.

Биыл қыркүйек айында жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға 98 436 доза «Гриппол+» вакцинасы сатып алынды. Екпе  Ресейде өндірілген.

Биылғы эпидемиологиялық жағдайға байланысты облысымызда тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны әдеттегіден 1 ай бұрын, яғни 15 қыркүйектен басталмақ. Иммундау облыстың барлық қалалық, аудандық емханаларында жүргізіледі. Облыста 68 жылжымалы бригада жасақталған. Екпе салынатын кезде  егілетін адамға міндетті түрде термометрия жүргізіледі. Вакцинациялаудан кейін асқынулар пайда болған жағдайда арнайы шара қабылдау үшін, екпе алған адам сол медициналық ұйымда 30 минут бойы бақылауда болады. Профилактикалық егулерді жылжымалы егу бригадасы жүргізген жағдайда егілген адамдар егуді жүргізген медицина қызметкерінің бақылауында болады, — деді Мұхтар Сербаев.

Ал екпені кімдер тегін алады? Олар — медицина қызметкерлері, медицина ұйымдарында диспансерлік есепте тұрған балалар, әлсіз және алты айдан асқан көп ауыратын балалар, балалар мен сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйі контингенті және мүгедектері, жүктіліктің екінші немесе үшінші триместріндегі жүкті әйелдер, жүрек-тамыр жүйесінің созылмалы аурулары бар адамдар және эпидемиологияық көрсетілімдері бойынша 60 жастан асқан адамдар, мектеп- интернат және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары және тағы басқалары.

Ақтөбе қалалық мешітінің бас имамы Нұрлыбек Күзенбай тұрғындарды екпеден бас тартпауға шақырды. Оның айтуынша, екпеден бас тартатындардың басым көпшілігі интернет желісіндегі негізсіз ақпаратқа сүйенгендер, оның ішінде діни көзқарасы бойынша да екпе алудан қашатындар бар. Бірақ олар айтарлықтай көп емес.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының жетекшісі Мейрамбек Құрманғазин тұмау мен коронавирус инфекциясының белгілері өте ұқсас екенін, ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге қаралып, оқшаулану керектігін айтты.

Тұмау адамнан адамға ауа-тамшылы және қарым-қатынас  арқылы   тарайтын жұқпалы вирусты инфекция. Инкубациялық, яғни жасырын кезеңі бірнеше сағаттан 7 күнге дейін созылады. Аурудың басталуы жедел, интоксикация синдромымен сипатталады. Бірнеше сағат ішінде дене температурасы 39-40С-қа дейін көтеріліп, маңдай тұсының, әсіресе, қабақ үсті аймағының ауырсынуы, бас айналу, әлсіздік, буындар мен сүйек-бұлшық еттерінің ауырсынуы сиптомдары пайда болады. Ауру асқынса соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Сондықтан тұрғындар барынша сақтанып жүруі керек. Тұмаудан сақтану үшін қарапайым тазалыққа мән берген жөн.

Қазіргі кезде көпшілік жиналатын жерге бармаған дұрыс, барған жағдайда медициналық бетперде киіп жүру керек.  Қолды жиі сабындап жуып, таза ауада серуендеген жөн.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button