Басты бет » Ауыл » Егін де екті, мал да бақты енді қожалық ангус сиырын өсірмек

Егін де екті, мал да бақты енді қожалық ангус сиырын өсірмек

Кәсіп

Туған жер дегенде әр кез елеңдеп тұратын адамдар болады. Сондай жүрегі ауыл деп соғатын азаматтардың бірі — Мұғалжар ауданы Талдысай ауылындағы «Дәурен» шаруа қожалығының иесі Сәндібек Қалдин.

Сәндібек Жөкенұлы Темір ауданындағы Ақтаста дүниеге келді. Үшінші сыныпта оқып жүргенде Талдысайға көшіп келіпті. Содан бері осы ауылдың еңкейген қариясынан жаңа туған баласына дейін жатқа біледі.

Темірдегі ауылшаруашылық техникумын бітірген ол ауылда агроном, бас агроном болды, арасында бөлім меңгеруші секілді қызметтер атқарды. Еңбек ете жүріп, Оралдағы ауылшаруашылық институтын бітіріп алды.

  • Еліміз егемендік алған тұста жер-жерде кеңшарлар тарап, барлық өңірде «жекеменшік» деген түсінік қалыптасты. Ол кезде «приватизация» ұғымын, жекешелендіру саясатын, нарықты ешкім түсінбейді. Алдымызда не боларын да ешкім болжап білмейді. Сол тұста үлесіме мемлекеттен бірді-екілі техника алып, жеке шаруашылық жүргізуге бел будым. Өзім көп жылдар бойы агроном болғандықтан, жердің мән-жайын жақсы білгендіктен, сол жылдары тұрмыс жайы қаншалықты қиын болса да егін егуді қолға алдым. 70 гектар жерден бастап, мың гектарға дейін егін егетін болдық. 1998 жылы қуаңшылық болып, егін шықпай қалды, шаруашылыққа шығын келтірді. Кейін 2005 жылға дейін арпа-бидай егіп, астықты жақсы жинап, тапсырып жүрдік. Егін егіп жүріп, шаруаға қажет техникаларды түгендеп алдық. Техникамыз болғасын, шөп шабумен де айналыстық. 4-5 сиыр, 30 шақты қойымыз болған әу баста. Жылына 10-15 баспақтан жинап, мал басын көбейтіп отырдық. «УАЗ» көлігімді 70 қойға ауыстырдым. Солай шаруаның ретіне қарай ісім оңға басып, мал шаруашылығына қарай бет бұрдық. Мал қамайтын баз салып алдық, — дейді шаруа.

Сәндібек Жөкенұлы мал өсіріп, ауыл шаруашылығын дамытқысы келетін адамға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау барын, жеңілдікпен берілетін несиенің өзі үлкен көмек екенін, алайда әлі де барымыздан айырылып қалармыз деп жүрексінетіндер бар екенін айтады. Ал өзі мемлекеттік бағдарламалар енді шығып жатқан тұста «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несиеге 4 миллион теңге алып, ауылдардан сиыр сатып алыпты.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы арқылы ауылдық жерлердегі шағын және орта бизнесті жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымдармен қамтамасыз етеді. Бір жылдары «Дәурен» шаруа қожалығының мал тұратын базына да күн сәулесінен қуат алатын электр желісін қосып берсе,  ал биыл мемлекет есебінен тегін жоғары кернеулі электр  қуатын жүргізіп беріпті.

  • Менің түсінгенім, ерінбей құжаттарын жинайтын адамға, мемлекет тарапынан қамқорлық болады. Асылтұқымды сиыр бағып, мал басын көбейткім келеді. Биыл «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорына құжаттарымды жинастырып, тапсырып қойдым. Кепілге қойған мүлік бағасының жартысы 15 миллион теңгеге бағаланды. Енді сол қаражаттың түсуін күтіп отырмыз. Оған ангус сиырын сатып алғым келіп отыр, — дейді шаруа.

Бүгінде «Дәурен» шаруа қожалығының иелігінде 280 жылқы, 120 құлын,  600 саулық қой, 500-дей тоқты-тұсақ қой, 200-дей ірі қара бар.   

«Туған жер өзің дегенде…»

Қожалық иесі Сәндібек Қалдин балалық шағының куәсі — туған жері Ақтас туралы сағынышпен әңгімелейді:

Ақтаста кішкентай жатаған үйде туып өстім. Сол кезде үйіміз хан сарайындай үлкееен болып көрінетін. Үйіміздің алдында да, артында да өзен ағып жататын. Қазір сулар тартылып қалған екен. Тек бір жағы ғана ағып жатыр. Жаз бойы Орынбасар, Есекен, Таңжар, Қуат, Жұбатқан, Наурыз, Зоя, Дариға, Назекен, тағы басқа  көптеген ауыл балалары ес білгеннен сол судың жағасында, судың ортасында ойнайтынбыз. Осы күні «шорты» аталатын шешеміз тігіп берген ұзын балақ қара дамбалды жарысып келе жатып, жолшыбай лақтыра салатынбыз («балағының ұзыны жақсы» дейтін шешем). Сол екпінмен суға қойып-қойып кететінбіз. Сонда «суға кетіп қалды» дегенді естімедік.

***

Жаз айында көшпелі кино ауылдарды аралайтын. Темір ауданында Таку деген жалғыз киномеханик болды. Сол кісі бір күні жатақхананың сыртқы қабырғасына кино қойды, барлық бала жерге көрпе жайғандай жатып алып кино көрудеміз. Әлі есімде, кино соғыс туралы. Кеңес солдаттары таудың бауырында жатып алып винтовка, автоматпен немістерге қарсы атқылап жатыр, бір мезгілде неміс танкасы таудың ар жағынан атып шығып, бізді нысанаға алды. Ал біз тура келе жатқан танкі бізді басып кетердей шулап, сосын қорыққаннан жерге жата қалғанымыз бар. Ай, балалық-ай!..

***

Алғаш мектеп табалдырығын аттағанда, қолға қалам ұстай алмайтын едік. Қолымыз жуыспайтын,қаламды үш саусақпен орай алмайтынбыз. Мұғалім қолымыздың сыртынан ұстап, бір таяқ немесе ирек салғызатын. Осы күнгінің балалары мектепке бәрін біліп барады. Заман-ай!.. 

***

Ауылымызда қарбыз-қауын, басқа да көкөністер мен жемістерді егетін өзге ұлт өкілдері көп еді. Бір жылы ауылға ұлты удмурд отбасы көшіп келді. Кішкентай балаларына дейін таудан шаңғымен сырғанағанда барлық ауыл балалары болып таң қалғанбыз, оларда шаңғының түрі бар екен. Ал біз шаңғымен сырғанамақ түгілі, ол кезде ұстап көрген жоқпыз. Олардың балаларының суға да жүзуі ерекше, біз қорқып түсе  алмай жүрген қара суларға тік жардан секіретін. Кейін біз де таудан шаңғымен құлдилауды үйрендік. Сосын да болар, ауыл балаларының конькиге мініп, шаңғы тепкенін қалаймын. Жалпы, ойын баласы ойнау керек. Ал біз — үлкендер кішкентайлардың балалығын ұрламауымыз керек.

Малшылар мен механизаторлар

Қожалық иесі қыста қалада, жазда ауылда көбірек болады екен. Ал шаруашылық басында малшылар тұрады. Сәндібек Жөкенұлының айтуынша, қожалықтың басы-қасында күні-түні еңбек етіп жүрген малшылардың еңбегі ерен.

  • Көптен бері жұмыс жасап келе жатқан тұрақты малшылардың бірі — Берік пен Дила Нұрмановтар отбасы. Берік — жылқышы, ал келіншегі Дила — сауыншы. Бие сауады. Биыл 20 бие сауып отыр. Қымызды Қандыағаш пен Ақтөбеге апарып, өткізіп келеміз. Бұрын қымыз өткізу қиындау еді, пандемия болғалы ұлттық сусындарымыз сұранысқа ие. Екі ұлдары бар. Біреуі колледж бітірді. Кішісі Данияр — оқушы, әрі шабандоз. Ол 3-4 жасында тайға мінген бала. Жақында Ақтөбедегі ипподромда өткен ат жарыста кәсіпкер Қазыбек Алишевтің атына мініп, бірінші орынды жеңіп алды. Баздың маңына үй салып қойдым. Айлығы — жүз мың теңге. Жылына бір жабағы берем. Өзінің үш жылқысы бар. Енді Нұрмановтар отбасына Ақтөбеден бір бөлмелі пәтер алып бергім келіп отыр. Мал бағуға солай ынталандырмасақ, қазір малшы табу қиын. Әрі біраз жылғы адал еңбегі бар, — дейді Сәндібек Жөкенұлы.

Қобдадан келген шопан Мәкәрім Мұрыновтың да «Дәурен» шаруа қожалығында істегеніне біраз жыл болыпты. Үш қызының үшеуі де жоғары оқу орнын бітірген. Тұрмыста. Шопанның да жалақысы —  100 мың теңге.

Ал зейнет жасындағы бақташы Құттымұрат Есжанов сиыр бағады. Кемпірі қайтыс болған. Бойдақ ұлы бар.

Қашанда Сәндібек Жөкенұлы бауырындай боп кеткен малшылар мен механизаторлардың тілеуін тілеп отырады. Той немесе отбасылық кештеріне малын малдай, ақшасын ақшалай апарып, туысындай көмектесіп, көтермелеп қояды. Сыйақыға жандық беріп, жалпы төл сыйлайтын әдеті. Онысы мал ұстасын дегені.

  • «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» демей ме. Егін ектім дедім ғой. Сол уақыттан бері қасымда жүрген екі механизаторымыз бар. Бірі — білгір механизатор Нұрберген Сатыбалдин. Оны мен марқұм атасы мен әжесіне шай қайнатып жүрген бала күнінен еңбекке тартып едім. Трактор жүргізуге, моторын шашып-қайта жинауға баулыдым. Бұл күнде еңбекқор, білгір механизаторға айналды. Екіншісі — отыз жылдан астам тәжірибесі бар Бауыржан Таумұқанов. Екеуі де — ауылшаруашылық техникаларының тілін тәуір білетін мықты мамандар. Нағыз еңбек адамдары — осылар. Әйтпесе, жалғыз адам қожалық құра алмайды ғой. Бұрын үздік механизаторлар мен озат малшылар марапатталатын. Мен де соның ізімен туысымдай боп кеткен жұмысшыларыма арасында сыйақы беріп, еңбектерін елеп, қолымнан келгенше олардан көмегімді аямаймын, — дейді Сәндібек Қалдин.

«Балаға салған инвестиция қайтады»

 Қожалық егесі Сәндібек пен Сәния Қалдиндер бес бала тәрбиелеп өсірді. Бәрі де жоғары білімді. Самал, Ақмарал, Жанар, Фарида  — тұрмыста. Екеуі Алматыда, біреуі Астанада, тағы бірі Ақтөбеде тұрады.

Ал Дәуренбегі өзімен аттас қожалықтың шаруашылығына көмектессе, келіні Гүлзат бала тәрбиесіне қарап, шаруа қожалығының құжаттарын және ауылдағы дүкеннің шаруасын үйлестіріп отыр.

«Біздің отбасымызда балаға салған инвестиция қайтады деген ұстаным бар. Сондықтан да келінім қазір үйде бала тәрбиесімен айналысады. Әрі қожалықтың қазіргі басшысы — сол кісі. Отбасымыздың шешімімен сайладық. Қожалықтың құжаттарын өздері қолға алып, шаруашылықтың қыр-сырын ақырындап үйреніп жатыр», — дейді Сәндібек Жөкенұлы.

Ауылдастың баласына алаңдап, жаны ашып тұратын елге сыйлы азамат балаларының бәрі аяқтанған соң, енді немерелерінің тәрбиесіне көңіл бөліп жүр. — Сезім, Сажида, Айзере есімді немерелерім бар. Олардың екеуі — оқушы. Сырғанақ үшін Ақтөбедегі «Бұқара» дәмханасының маңына барамыз. Бір күні ойладым, неге ауыл балаларына осындай салып бермеске деп. Содан талдысайлық балаларға биіктігі — 5 метр, ұзындығы 24 метр сырғанақ салып, тарту еттік. Немерелеріммен мұз айдынына барып, коньки тебу — сүйікті ісім, — дейді С.Қалдин.

Қожалық егесі ауылдағы мәдени-қоғамдық шаралардың бәріне белсене араласады, қажет болса, қол ұшын беруді өзінің азаматтық борышы санайды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.