Жаңалықтар

Талаптың серігі — табандылық

Кәсіп

Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлнұр Қожанованың қолынан шыққан дүниелер ерекше сәнді. Не істесе де, өзгені қайталамай, өзгеше етіп жасауға тырысатын ол көп ізденіп, ерінбей еңбектенеді.

Гүлнұрдың шеберлігі қанмен берілген. «Әжем он саусағынан бал тамған шебер болды. Киіз үйдің барлық жабдықтарын киізден оюлап, тепшіп тігіп, алаша, түрлі төсеніштерді өзі істейтін. Маңғыстау өңірінде қолөнер жақсы дамыған ғой», — деп бастады әңгімесін ол.

Гүлнұр — отбасындағы бес баланың кенжесі, үйдің еркесі. «Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезімнен қуыршаққа киім тігу — сүйікті ісім болды. Ойыма бірдеңе алсам, соны тігіп көруге асығатынмын. Балалықпен қиып, тігіп, кейде бүлдіріп тастайтынмын», — дейді ол бала кезден тігін ісіне әуес болғанын айтып.

Негізі Гүлнұрдың анасы — осы жақтың қызы. Сосын да ол мектепті бітірген соң, киелі Маңғыстау өңірінен Ақтөбеге оқуға түсуге келеді. Алайда Орал қаласындағы «Евразия» индустриалды-экономикалық колледжін бітіріп алады.

Кейін Гүлнұр ақтөбелік жігітке тұрмысқа шығып, осында тұрақтап қалады. Қазір

сүп-сүйкімді ұл мен қыздың анасы.

  • Жолдасым — жұмыста. Өзім жұмыссыз үйде отырғандықтан қалалық жұмыспен қамту орталығына барып, тіркелгенмін. Бір күні сол мекеме мамандары хабарласып, шақырды. Негізі өзім де көптен бері ойлап жүретінмін, жүрек қалауым — тігін ісі, соны кәсіп еткім келетін. «Бастау- Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсын оқу менің мақсатымды орындауға себепші болды. Курсты тәмамдап, бизнес-жобамды қорғап, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грант алдым. Сол қаражатқа тігін ісі кәсібімді бастауға қажетті құралдарымды сатып алып, ақырындап тапсырыстар алып, кірісіп кеттім, — дейді Гүлнұр.

Кішкентайы бір жаста болғасын Гүлнұр қазір бала күтіміне байланысты үйде отыр. Оның үстіне шартарапты шарлаған жаман індет те адамды әрі-сәрі етіп, үйден шығармай тастады. Карантин кезеңінде басқа да біраз кәсіпкер секілді Гүлнұрдың да жұмысы тоқтап қалды. Жолдасы да жұмыста.

Алайда ол жалдап отырған пәтерінің бір бұрышына тігін машинасы мен ноутбугын қойып алып, ізденуден жалықпады. Графикалық дизайн жасауға арналған corel draw бағдарламасын тәуір білетін ол тігетін бұйымының эскизін де өзі жасап, қажет болса, логотип салып, ерекше дизайнмен көркем дүниелер жасағанды ұнатады. Мәселен, Гүлнұрдың әшекейлі (декор) оюмен немесе дизайнмен жасаған бір жастығы шамамен 6000-7000 теңге тұрады. «Дайын бұйымдардың бағасы материалдың түріне, өлшеміне, жұмыстың істелу қиындығына байланысты қойылады. Ою салынғаны, әшекейленгені қымбаттау болады», — дейді тігінші.

  • Бұрын тапсырыстар жеке адамдардан, сосын балабақшалардан түсетін. Қазір карантин кезеңінде жұмыс болмай қалды. Тапсырыс болмаса да, үйде қарап отырмаймын, қолда бар заттардан әшекейлі бұйымдар жасап қойып жатырмын. Алла қаласа, кәсібімді кеңейткім келеді. Өндірістік деңгейге жеткізуді жоспарлап жүрмін. Көпсалалы шеберхана ашу ойда бар. Яғни әшекейлі жастық, үстел жапқыш, жиһаз жапқыштан бастап текстиль өнімдері, сондай-ақ, той бұйымдарын жалға беру саласын да қолға алсам деймін. Арманым көп. Мақсатыма жету үшін ерінбей еңбек етіп, ізденуден жалықпаймын, — дейді тігінші Гүлнұр.

Кәсіп бастаған кей адамдар уақытша қиындықтарға шыдамай, бастаған ісін тастап кетіп жатады. Ал біз сөйлескен тігінші кездескен кедергілерге мойымай, табандылық танытып отыр. Талабы таудай Гүлнұрға алда талай тапсырыстар түсіп, тігін машинасына тапжылмай отырып, тер төгетініне сенімдіміз.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button