Денсаулық

Шағын және орта бизнес жұмысшылары қалай сақтандырылады?

Шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылдың 1 қазанына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жарна мен аударым төлеуден босатылды. Осы ретте әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры шағын және орта бизнес субъектілеріне қызметкерлер сақтандырылған мәртебесін сақтап қалу  үшін, әр айдың 25-іне дейін жұмысшылары  туралы мәліметті жаңарту  қажеттігін ескертеді.

Сақтандыру қорының мамандары жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін жауапкершілікті сезінуі  қажет екенін айтады. Кәсіпорындардағы  қызметкерлер сақтандырылып, МӘМС жүйесінде барлық қажетті медициналық көмек алуы үшін тізімдерді үнемі жаңартып отыруы керек. Қор өкілдері қазіргі күні кәсіпкерлермен, оның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы, Мемлекеттік кіріс комитеті және олардың аймақтардағы ұйымдарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 20 тамыздағы мәлімет бойынша жарналар мен аударымдарды төлеуден босатылған кәсіпорындардағы жұмыскерлердің  61%-ның ақпараты өзектендірілмеген. Егер деректерді жұмыс беруші енгізбесе, қыркүйекте шағын және орта бизнес қызметкерлерінің бір бөлігі жүйеде сақтандырылмаған болуы мүмкін. Сондықтан жұмыс берушілер осы мәселеге назар аударғаны дұрыс. Қордың мәліметіне сүйенсек,  өз қызметкерлеріне қамқорлықпен қарап, уақтылы ақпарат берген ең белсенді бизнес субъектілері Алматы облысында тіркелген. Бұл өңірде шағын және орта бизнестің 67%-ы мәліметті жаңартқан. Қостанай облысында – 54%, Ақмола облысында 50%-ден астам болып отыр.

Біздің өңірде де осы бағыттағы жұмыстарға жіті көңіл бөлінуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Батырбек Нұрғалиевтің айтуынша, шағын және орта бизнес өкілдеріне ақпараттық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қала мен аудан бойынша талдау жұмыстары жүруде. Соңғы үш айда жалдамалы жұмысшылар саны 246,2 мың. Ал қыркүйектің басындағы мәлімет бойынша, 15 жеңілдетілген санат негізінде 495 989 адам көмек алады.

Еске сала кетсек, алгоритмге сәйкес жұмыс беруші әр айдың 25-іне дейін мына сілтемеге  https://msb.fms.kz/login өтіп, БСН бойынша тізімнен өз ұйымын тауып, заңды тұлғаның немесе жеке кәсіпкердің  ЭЦҚ көмегімен қордың ақпараттық жүйесіне тіркеліп, пайдаланушы келісіміне қол қою керек. Бұдан әрі МӘМС төлеуден босатылған қызметкерлердің ЖСН-і қосылады.(Excel-де бір файлмен немесе әр қызметкерге жолма-жол). Бір тіркелгенен кейін деректерді қайта енгізудің қажеті жоқ, тек қана жаңартылып отырады. Ақпарат ай сайын мемлекеттік кірістер комитетіне беріледі.

Егер  кәсіпорын қызметкері өзінің сақтандырылмағанын байқаса, онда ол деректерді qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы дербес жібере алады. Электрондық мекенжайын, тегін, ЖСН, телефон нөмірін көрсете отырып, шағын және орта бизнес субъектісінің атауын, жұмыс берушінің БСН / ЖСН көрсете отырып, өтінішті ресімдеу және еңбек шартын немесе тағайындау туралы бұйрықты бекіту қажет. Сәйкестікті растау кезінде қызметкерге бір айға уақытша мәртебе беріледі. Алайда қызметкер жұмыс берушіге ол туралы ақпаратты ақпараттық жүйеге енгізу қажеттігін еске салып, айтуы керек.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button