Абай — 175

Ақынға арналған мүшәйра

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнап республика көлемінде көптеген игі шаралар өтуде. Сондай жақсы істердің жалғасы – жас таланттарды қанаттандыруға арналған республикалық жас ақындар мүшәйрасының Ақтөбе қалалық кезеңі өткізілмек.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ҚР Ақпарат және қоғамдық даму минис­трлігінің және «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен республикалық жас ақындар мүшәйрасы  өтеді.

Мүшәйраның ұйымдастырушысы: «Педагогикалық ғылымдар академиясы» ҚБ.

Мүшәйра шарты:

Бұл мүшәйраға 16-29 аралығындағы жас ақындар, жазушылар, журналистер және басқа да еліміздің жастары бағын сынай алады.

Жас таланттар   поэзия номинациясы бойынша  Абай шығармаларын насихаттауға арналған екі өлеңін немесе проза номинациясы бойынша екі шығармасын  жолдайды.

Шығармалар қазақ және орыс тілдерінде қабылданады. Байқауға қатысу үшін жұмыстарды баспа немесе электронды түрде ұсынып, конкурс ережесіне сәйкес өтінім беруі қажет.

Байқау іріктеу және қорытынды кезеңдерінен тұрады. Әуелі іріктеу кезеңі 14 облыста және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 10 тамыз бен 30 қыркүйек аралағында өтеді.

Осы кезеңде жүлделі орынға ие болған 3 жеңімпазға 1-20 қазан аралығында өткізілетін қорытынды кезеңге жолдама беріледі.
Байқау жұмыстарын бағалау үшін ұйымдастырушылар қазылар алқасын бекітеді. Филологтар, абайтанушы, ақындар, жазушылар, мәдениет қайраткерлері мен журналистер арасынан іріктеу кезеңінде 3 адамнан, қорытынды кезеңде 5 адамнан тұратын қазылар алқасы құрылады.
Жас таланттарға зор мүмкіндік беріп отырған байқау­дың жалпы жүлде қоры бір миллион бір жүз мың теңгені құрайды. Жекелей жүлде қоры төменгідей:
– бас жүлде — 500 мың теңге.
– 1 орын — 300 мың теңге.
– 2 орын — 200 мың тг.
– 3 орын — 100 мың тг.
Байқау онлайн жағдайында өткізіліп, қаржы үнемделген жағдайда жүлде қоры ұлғаюы мүмкін екенін ескерте кетеміз!
Республикалық конкурсқа қатысушылар туралы биографиялық мәліметтер арнайы жинақпен бірге дайындалып жарық көреді. Және байқаудың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында республикалық қорытынды кезең таспаға толығымен түсірілетін болады. Ал жас дарындардың шығармашылығын бағалауда шығарма идеясы, тілдік сауаттылығы, әдеби тілінің, тақырыпты кеңінен аша білуі мен өзекті мәселерді көтере білуі басты назарға алынады. Конкурстың Ақтөбе  қалалық кезеңін ұйымдастырушылар тарапынан ақпараттандыру жұмыс­тары мен талантты жастарды байқауға тарту жұмыстары жүргізілуде. Қатысуға өтінім берушілер ұйымдастырушыларға Ақтөбе облысы бойынша Мұхтар Орынбасарұлы Мировке 87767923001 байланыс телефоны бойынша тіркеліп, abaykonkurs2020@mail.ru электронды поштасына жұмыстарын жолдай алады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button