Басты жаңалықтар

Праймеризге қатысушылар үгіт-насихат жұмыстарын бастады

Nur Otan

Nur Otan партиясы 17 тамыз бен 3 қазан аралығында партияішілік сайлауын өткізіп жатқаны белгілі. Праймеризге қатысуға Ақтөбе облысы бойынша 486 адам ниеттеніп отыр. Олар 7 қыркүйектен бастап үгіт-насихат жұмыстарын бастады.

Айта кетейік, үміткерлер саяси науқанды өткізу бойынша Ақтөбе облысы филиалының қадамдық жоспарына сәйкес  31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін үгіт-насихат науқанына дайындалды. Бұл кезеңде үміткерлерге семинарлар өткізілді.

Бұған дейін Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов Ақтөбе қаласы бойынша праймеризге қатысып жатқан кандидаттармен кездесіп, үгіт-насихат және дебат өткізу жұмыстарының ережесін түсіндіріп, толғандырған сұрақтарға жауап берген болатын. Ол үміткерлерге әлеуметтік желіні тиімді пайдалануға кеңес беріп, оның түрлі форматын түсіндірді. Ал аталған кездесуде партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов үгіт-насихат жүргізуге болатын орындарды атады.
Оның айтуынша, Ақтөбе қаласынан тіркелген 159 кандидат 7-30 қыркүйек аралығында белгіленген тоғыз орында өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады. Елдегі жағдайларға байланысты санитарлық нормаларды сақтай отырып, аудитория көлеміндегі адам санын 40-50 адамнан асырмау қажет.  Жұмыс күндерінен бөлек демалыс күндері де «Есіктен-есікке» акциясын өткізуге рұқсат. Үміткерлерге  партия мүшелерінің үйлеріне барып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізулеріне болады. Тек сақтық шаралары қатаң сақталуы керек.

Ал 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Жария пікірсайыс облыс бойынша 25 жерде 3 деңгейде: үгіт-насихат  барысында, партияның аудандық және қалалық филиалдарының конференцияларында және партияның облыстық филиалының конференциясында өтеді. Барлық кандидаттар үшін жария дебаттарға қатысу міндетті.

Праймеризге тіркелгендердің барлығына пікірсайысқа қатысу міндетті. Пікірсайыстың өткізілу тілі қатысушылардың қалауы бойынша таңдалады және 90 минутқа созылады. Берілген екі раундта кандидаттар нақты елді мекендердің проблемаларын шешу бойынша өз көзқарастарын айтып, қойылған сұрақтарға жауап береді, — деді Ербол Данағұлов.

Үміткерлер пікірсайысқа қатысу үшін алдын ала жеребе тарту рәсімінен өтіп,  тобын анықтады. Тіркелген 159 үміткер 26 топқа бөлінген. Әр топ алты адамнан құралған. Бұл кезең Nur Otan ғимаратында, қалалық Мәдениет үйінде, Мұз сарайында өткізіледі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button