Жаңалықтар

Қайырымды істер жалғасып жатыр

Әлемді алаңдатқан індеттің алдын алуға және онымен күресуге өңірдегі кәсіпкерлер біркісідей атсалысуда. Қайырымды азаматтардың көмегімен ауруханаларға тыныс алу аппараттары алынып, қой еті мен қымыз, саумал тегін жеткізілгенін бұған дейін де хабарлаған болатынбыз.

Қайырымды істер әлі де жалғасып жатыр. Жуырда Қобда ауданына іссапармен барған облыстық мәслихат депутаты, «Ақ жол» партиясының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов пен «Еуразиялық банк» АҚ-ның Ақтөбе қаласы бойынша №3 филиалының директоры Әсия Құлдыбаева аудандық ауруханаға оттегі концентраторын тарту етті.

Қазіргі уақытта санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жақсарғанымен,  алдағы уақытта екінші толқын болуы мүмкін деген болжамдар айтылуда, осыған орай өз үлесімізді қосайық деп батырлар мекені — Қобда ауданына демеушілік жасауды ұйғардық, — деді өз сөзінде Әсия Құлдыбаева.

Айта кету керек, бұл демеушілікпен аудандық ауруханаға тарту етілген 12-ші аппарат. Бұған дейін де жергілікті кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары «Біз біргеміз» акциясы аясында өз үлестерін қосқан болатын.

Сонымен қатар іссапар барысында аудан орталығындағы «Атамекен» сауда орталығының ішінде орналасқан «Еуразиялық банк» бөлімшесіне банкомат аппараттары қойылып,  аудан халқының игілігіне берілді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ,

Қобда ауданы.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button