Әлеумет

Зейнетақы шотындағы ақшаны кім ала алады?

Алдағы жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы қордағы өз жинағының бөлігін үй алу, емделу үшін пайдалана алады немесе қаржы ұйымдарының басқаруына бере алады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылға халыққа Жолдауында айтты.

«Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.  Бұл реформа, сондай-ақ еңбек қатынастарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құралға айналады», — деді Президент.

Зейнетақы шотындағы ақшаны кім ала алады? Зейнетақы жинақтарын пайдалану тетігі қандай болады? ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бұл сұрақтарға Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте егжей-тегжейлі айтып берді.

Министрдің айтуынша, Бірыңғай зейнетақы қорынан жинақтарының бір бөлігін жеткілікті салымы бар азаматтар ала алады. Олар кімдер?

—  Олар біріншіден, «жеткіліктілік шегі» деп аталатын сомадан асатын бір бөлігін ала алатын зейнетақы жинақтары бар еңбекке жарамды жастағы азаматтар (шамамен 529,7 мың адам).  Белгілі бір сома зейнетақы шотында қалуы керек. Осы соманың артығын азаматтар өз қалауы бойынша жоғарыда көрсетілген қажеттіліктеріне пайдалана алады. Негізгі қағидат – зейнетақы жинақтары азаматтардың жинақтаушы зейнетақы жүйесінен болашақ зейнетақымен қамсыздандырылуы үшін қажет.  Екіншіден,  қорда жинақтары бар зейнеткерлер  (қалған соманың 50%-ына дейін ала алады, олар шамамен 178,4 мың адам). Бұл санаттағы азаматтардың жиынтық зейнетақы жоғалған табыс (бұрын алынған жалақы) мөлшерінің кемінде 40%-ына тең болуы керек. Үшіншіден, зейнетақы аннуитетін ресімдеген және әлі де жинақтары бар азаматтар жинағындағы қалған соманы (шамамен 13,3 мың адам) ала алады.  Осылайша, зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты пайдалану мүмкіндігін 721 мыңнан астам адам пайдалана алады, — деді министр Біржан Нұрымбетов.

Ал министр айтқан «жеткілікті шек» деген қандай шек?  Министрдің айтуынша, «жеткіліктілік шек» мөлшері  — салымшыларға өз жинағын алуға мүмкіндік беретін зейнетақы жинағының ең төменгі мөлшері. Яғни жинақтан ақша алғаннан кейін онда 82 жасқа дейін ең төменгі зейнетақы мөлшерінен кем емес зейнетақы төлемдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін белгілі бір сома қалуы тиіс. «Жеткілікті шек» деген осы.

—  «Жеткіліктілік шегінің» негізгі параметрлері әйелдер мен ерлер үшін бірдей. Алдын ала есептеулер бойынша, мысалы, 30 жастағы азаматтар үшін «жеткіліктілік шегі» —  2 миллион 518 мың теңге. Яғни жинақтағы қаражат осы сомадан асса, үстіндегі ақшаны жоғарыда көрсетілген мақсаттар үшін ала алады. 35 жас үшін – 2 миллион 961 мың теңге, 40 жас үшін – 3 миллион 437 мың теңге, 45 жас үшін – 3 миллион 947 мың теңге; 50 жас үшін – 4 миллион 495 мың теңге, 55 жас үшін – 5 миллион 084 мың теңге, 59 және одан үлкен жастағы азаматтар үшін  – 5 миллион 586 мың теңге. Осы «шекті» сомаларға қол жеткізу орташа айлық жалақы деңгейінде табысы бар тұрақты жұмыс істейтін азаматтар үшін әбден қолжетімді,  —  деп түсіндірді министр.

Зейнетақы шотыңыздағы ақшаны тек белгілі бір мақсаттарға ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Оның барлығы заңмен реттеледі. Министрдің айтуынша,  «жеткіліктілік шегі» бар азаматтар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында немесе өзі, ерлі-зайыптылар немесе жақын туыстарын (аталары,әжелері, ата-аналары, балалары, немерелері, аға-інілері) емдету үшін пайдалана алатынын айтты. Мақсатты пайдалану үшін отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіруге де болады.

— Біз тұрғын үй сатып алуды ғана емес, тұрғын үй жағдайын жақсартуды да ұсынамыз. Сондықтан алуға болатын қаражатты азаматтар бастапқы және қайталама нарықтағы тұрғын үй мен жер учаскесін сатып алуға жұмсай алады. Олар ипотека алу үшін бастапқы жарнаны пайдалана алады, ипотеканы өтеу және несиені қайта қаржыландыру үшін қай банктен алынғанына қарамастан, сондай-ақ тұрғын үй салу, жөндеу және кеңейту үшін пайдалана алады. Үстінде несиеге алған үйі болса, ипотеканы өтеуге пайдалануға болады. Зейнетақы жинақтарын пайдалана отырып сатып алынған тұрғын үй 5 жыл өткеннен кейін ғана сатылуы мүмкін, — деді министр. Бұл ретте министр  «бір терезе» қағидаты бойынша тұрғын үй жағдайларын жақсартуға төленетін зейнетақы жинақтарын мақсатты пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде жаңадан құрылатын «Отбасы Банкін» белгілеу ұсынылады.

Зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту тәртібін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, зейнетақы жинақтарын төлеу есебінен медициналық көмек алуға азаматтарды жіберу ережесін Денсаулық сақтау министрлігі, зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға беру ережесін  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айқындайтын болады.

— Бұл тәсілдерді Мемлекет басшысы қолдады. Оларды іске асыру үшін жыл соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, дайындық жұмыстары жүргізіледі. Азматтар зейнетақы қорындағы ақшасын 2020 жылдан бастап пайдалана алады, — деді Б. Нұрымбетов.

primeminister.kz сайтының ақпараттары бойынша әзірлеген Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button