Пікір

Сапалы білім берудегі  басымдықтар

Ләззат ОРАЗБАЕВА,

облыстық білім басқармасының басшысы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы Жолдауында жаңа оқу жылының ерекшеліктері, педагогтердің жалақысы, балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту, үздіксіз білім беруді қамтамасыз ету,  қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын теңестіру, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау мәселесі көтерілді. Бұл мәселелердің барлығы қазіргі таңда елдегі білім саласында өте өзекті. Осы орайда бүгінгі күні біздің облыста білім жүйесін дамыту, жетілдіру жұмыстары барлық бағыттар бойынша жүзеге асырылуда.

Алдағы уақытта өңірде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша үздіксіз білім беру тұжырымдамасын қалыптастыру, қашықтан оқыту платформасы және 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100% қамту үшін қарқынды жұмыстар жүргізіледі.

Президент өз Жолдауында сапалы білім алу үшін балаларға әдеттегідей сабаққа қатысудың орны бөлек екенін атап өтті. Бұл бағытта облыс мектептерін эпидемиологиялық ахуалға қарай біртіндеп дәстүрлі оқытуға көшірудің арнайы бағдарламасы жасақталатын болады. Облыста оқушылардың қай санатына болмасын, білімнің бірдей деңгейдегі қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Айта кету керек, биыл жаңа оқу жылында аралас (қашықтан оқыту және шалғай елді мекендерде дәстүрлі оқыту) оқыту форматы қарастырылып отыр. 207 (51,5%) шағын жинақты мектеп дәстүрлі форматта, 195 (48,5%) мектеп аралас білім береді. Қазіргі таңда бірнеше жаңа платформалар жұмыс жасауда. Облыс мектептерінің 191-і «BILIMLAND» және 4-еуі «DARYN.ONLAIN» платформаларын таңдап отыр. Сондай-ақ қашықтан оқыту барысында оқушылар қолданатын 19 146 компьютер алуға республикалық бюджеттен 2 млрд 944 млн теңге қаржы қарастырылды. Сонымен қатар алдағы уақытта жергілікті бюджеттен 5459 компьютер, жер қойнауын пайдаланушылардың есебінен қосымша 3771 компьютер алынатын болады.

Жолдауда Мемлекет басшысы мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты дамыту,  қамту көрсеткішін арттыру, жеке инвестицияны тартуға айрықша назар аударды. Осы орайда өңірде 1-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамту — 84,7%, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100%-ға жетіп отыр. Соңғы 3 жылда мектепке дейінгі ұйымдар желісін арттыру жекеменшік секторды дамыту есебінен жүргізілуде. Бүгінде өңірдегі жекеменшік балабақшалардың үлесі — 40,1%. Биыл 4005 орындық 31 жеке балабақша ашылуы жоспарлануда.

Президент өз Жолдауында мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпай, білім сапасын арттыру мүмкін еместігін ерекше атап өтті. Үкіметке жыл сайын ұстаздардың жалақысын 25 пайызға өсіре отырып, мұғалімдердің еңбекақысын екі есе арттыруды тапсырды. Қазіргі таңда қаңтар айындағы 25 пайыздық өсіммен жоғары санатты педагогтердің орташа жалақысы 149 000 теңгені құраса, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап 189 000 теңге болады. Бұл қолдаумен біздің облыста 25 мыңға жуық ұстаз қамтылмақ. Сондай-ақ биылғы жылдың қыркүйек айынан бастап Президент бұған дейін тапсырғандай, сынып жетекшілігі және дәптерлерді тексергені үшін қосымша ақы екі есе өседі, ал мұғалімнің магистрлік дәрежесі үшін 27 мың теңге мөлшерінде ай сайын қосымша ақы төленеді. Ал келер жылы 1 қаңтардан бастап мектеп, колледж, қосымша білім беру ұйымдары мен балабақшалар педагогтерінің лауазымдық жалақысы тағы да 25 пайызға артатын болады.

Биылғы Жолдауда ауыл мектептерін қолдау үшін ауыл мен қала арасындағы білім берудегі алшақтықты қысқарту шаралары айтылды. Бұл міндетті орындаудағы нақты механизмдердің бірі — шағын жинақты мектептердегі білім берудің сапасын көтеру. Бүгінгі таңда облыстағы 402 мектептің 199-ы (49,4%) — шағын жинақты. Оның ішінде ауылдық жерлердегі 281 мектептің 197-сі (70,1%) — шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептер оқушы санының аздығымен, сыныптарды біріктірумен, мұғалімдердің көп пәннен сабақ беруімен сипатталады. Бұл мақсатта облыста пән мұғалімдерінің бірлестіктерінің басын қосатын, ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық қолдауды, кеңес беруді қамтамасыз ететін «Сапалы білім» жобалық кеңсесі іске қосылады. «Ауыл мектептерін кешенді дамыту: «Ауыл мектебі — үздік білім сапасы» жұмыс бағдарламасы жүзеге асырылады.

Бұл ұсынылған жобалар сапалы білім алуға қол жеткізуде ауылдағы және қаладағы мектептер арасындағы алшақтықты қысқартуға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Президент Жолдауында айтылған түйткілді мәселелерді шешу мақсатында облыстағы білім жүйесі қарқынды жұмыс жасауда. Алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын жоғары деңгейде жүзеге асыруға бар күшімізді салатын боламыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button