Жаңалықтар

Үйі өртенген отбасыларға қолдау көрсетіледі

Оқиғадан соң

Құмжарған ауылында 4 қыркүйек күні 3 жеке тұрғын үй өртке оранған болатын. Қазіргі таңда өрттің себебі мен салдарын анықтау мақсатында  төтенше жағдайларға байланысты құрылған аудандық комиссия мүшелері Құмжарған ауылында жүр. Абырой болғанда, тұрғындар дін аман. Осы оқиғаға байланысты Мұғалжар аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғады.

Төтенше жағдайға байланысты құрылған комиссия құрамында

Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Ержанов, Мұғалжар ауданы әкімінің бас инспекторы Арман Үсенбаев, Мұғалжар аудандық Nur Otan партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Көмекбай Бектұрғанов, Nur Otan партиясының белсенді мүшесі, «Атамекен» кəсіпкерлік палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі Наурызбек Сарбасов пен партияның белсенді мүшесі Серік Сағындықов бар.

Өртке оранған үш үйдің отбасыларына Мұғалжар ауданы әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, өртке оранған үй иесі Мейірхан Жақсылықовқа өзі қызмет ететін «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС үй салуға қаржылық жəне материалдық көмек көрсететіндігін жеткізді. Енді ол үй салуға талаптанып жатыр. Екінші отбасыға Құмжарған ауылында орналасқан «ИнтергазЦентральнаяАзия» ЖШС-ның жалдамалы үйін уақытша пайдалану үшін басшылықпен келіссөздер жүргізілуде. Үшінші отбасыға Құмжарған ауылында тұратын көпбалалы отбасының үйі берілетін болады. Ал тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасы Қандыағаш қаласына қоныс аудармақ.

Қазіргі таңда тілсіз жаудан зардап шеккен отбасылар туысқандарының үйлерінде жүр. Әрине, әлеуметтік желілер арқылы тез таралған хабарға елең еткендер үйсіз қалғандарға тиын-тебен болса да, есепшоттарына аударып, қолғабыс етуде.

Сондай-ақ, Nur Otan партиясының белсенді мүшелері Наурызбек Сарбасов пен Серік Сағындықов «BizBirgemiz» акциясы аясында осы үш отбасыға қолдау көрсетті.

 Ж.АБАЙҰЛЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button