Әлеумет

Еріктілер сыйлаған қуаныш

Мектепке жол

Бірнеше жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына  «Volonter.2020_aqtobe» волонтерлік ұйымы да өз үлесін қосты.

Волонтерлар жылы  қарсаңында волонтерлік қызметті жүзеге асыру арқылы жастарды мейірімділікке, қайырымдылыққа баулу мақсатында құрылған ұйым ақтөбелік 65 оқушыға жаңа оқу жылына қажетті мектеп құралдарын сыйға тартты. Олардың қатарында аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларымен қатар, биыл баспанасы жанып кеткен Ақтөбе қаласында тұратын 8 отбасының балалары да бар.

— «Мектепке жол» акциясы аясында жыл сайын көмекке шын мұқтаж отбасылардың балалары мектепке қажетті киім-кешек пен оқу құралдарымен қамтамасыз етіліп келеді. Біздің «Volonter.2020_aqtobe» волонтерлік ұйымы да биыл аталған акцияға өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар арнайы жоба ретінде өзіміз «Мектепке даярлау» акциясын қолға алдық. Бұл акция барысында даярлық тобы мен 1-сыныпқа енді қадам басқан 65 оқушы қамтылды. Яғни мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған іні-қарындастарымызға ұйымдағы білікті мамандар санау, түстерді ажырату секілді арнайы курстар өткізді. Айта кетейін, бұл акция жыл бойы жалғасады. Алдағы уақытта көмекке мұқтаж отбасылардың 1-11 сынып аралығында оқитын балаларына игере алмай жүрген пәндері бойынша қосымша сабақтар өткізетін боламыз. Бұл бойынша мұғалімдерді де бөліп қойдық. Барлығы тегін түрде ұйымдастырылады, — дейді «Volonter.2020_aqtobe» ұйымының жетекшісі Нұрбек Жалғасбаев.

Еріктілер әлемінде енді қанат қағып келе жатқан волонтерлік ұйымның бүгінге күнге дейін орындаған шаруаларымен қатар, алға қойған мақсаттары да көп. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен көмекке мұқтаж отбасылардың балалары үшін өнер, білім, спорт бағытында түрлі тегін үйірмелер ұйымдастырғылары келеді. Бұл жұмысты атқаратын мамандар болғанымен, үйірме өткізетін орын басты мәселе болып тұр.

Айта кетейік, «Volonter.2020_aqtobe» волонтерлік ұйымы бүгінгі күнге дейін Ақтөбедегі баспанаға мұқтаж 2 отбасына үй салып берген болатын. Бүгінгі таңда тағы бір баспанаға мұқтаж отбасының арманын ақиқатқа айналдыру жолында халықтан көмек жинап жатыр. Еріктілердің аталған ерлігін қолдап, қол ұшын созамын деген жандар болса  8705 917 49 02 – Нұрбек Жалғасбаевтың телефон нөміріне хабарласуларына болады. Каспий голд:4400 4301 8785 3731.Әлеуметтік желідегі парақшалары: @nurbek_zhalgasbaev,  @volonter.2020_aqtobe

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button