Жаңалықтар

Ақпарат саласының үздігі

Тарих қойнауына енген өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта тұсында журналистикаға келген буынның бір өкілі — Аманкелді Мектепбаев.

Ол Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейінгі кәсіби қызметін Ақтөбе облыстық телерадио хабарларын тарату комитетінде кіші редактор болып бастады. Бұл орыс тілінің мәртебесі ілгері болып, қазақша хабарлардың көбінесе көлеңкеден шыға алмай, бірқатар ұлттық мәселелердің жайын қозғайтын тақырыптардың аяғына тұсау салынған мезгіл еді. Алайда қазақ редакциясының қызметкерлері алыс ауылдардағы, шалғай мекендердегі таланттарды іздеп тауып, сол арқылы өнеріміздің өрісін кеңейтуге, ескі дәстүрлерді жаңғыртуға жол тапқандай болған-ды. Осы қатарда жас жігіт Аманкелді де іссапарларға жиі шығып, бір жағынан өзі де елмен араласып, тәжірибе жинақтай түскенін замандастары жақсы біледі.

Ол осы ұжымда тұп-тура жиырма жыл еңбек етті. Телевизия редакциясының бас редакторы болып, оқырман ойынан шығатын хабарларды берудің ұйытқысы ретінде танылды, комитет төрағасының бірінші орынбасары лауазымына дейінгі жолдан өтті.

Қуанышқали Хайруллин, Жандай Тәукебаев, Бибізада Көздібаева секілді аға-апалар  салған жақсы жолды жалғастырып, өзі де ізімен шәкірттер тәрбиеледі.

Жастықтың жалынымен көптеген шаруалар атқарылғаны анық еді. Бұқаралық ақпарат құралдары алдында тұрған не­г­ізгі тақырыптарды қозғау, оны былай қойғанда ұжым ішіндегі маңызды мәселелер тізгінін се­­німмен қолға ұстауы оның жауапкершілігін көтере берді. Облыстық теле­радио­компаниясы төрағасының бірінші орынбасары болып еңбек еткен жыл­дарында ақпараттық қамту мүмкіндігін пайдаланып, елдікке, егемендікке қатысы бар көп­теген жұмыстар тындырылды. Сол жылдарда Ақтөбе телекомпаниясы Ресейдің Орынбор теле­визиясымен байланыс жасап тұрды. Соның нәтижесінде ақтөбелік журна­листер дайындаған қазақ әндері мен ха­бар­лары Орынбор телевизиясы арқылы тұрақты түрде берілуі дәстүрге айналды. Екі өңір арасындағы тәжірибе алмасу, сырт­тағы қандастарымызға рухани нәр беру секілді көзге көріне бермес шаруалар облыстық телекомпания арқылы атқарылып жатты.

Аманкелді Мектепбайұлы 1996 жылы облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары қызметіне келді. Бұл Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріндегі экономикалық байланыстардың әлі де қалыпқа түсе қоймаған уақыты еді. Облыстық басылымдар да күрделі кезеңді бастан өткерді. Баспасөзге жазылу, қызметкерлердің еңбекақысын тауып беру, тіпті газет шығарудың өзі тұйыққа тірелген сәттер аз болған жоқ. Сондай тұста тәжірибелі журналист әрі адамдармен тіл табысуға, орын алған мәселелерді оңтайлы шешуге икемі бар ол бірқатар жұмыстарды атқара білді.

Екі облыстық газет бірігіп, «Шамшырақ-Ақтөбе»  ЖШС болып құрылғаннан кейін 2004-2007 жылдары директордың орынбасары болып жұмыс жасады.

Аманкелді Мектепбайұлы бірыңғай журналистика саласында ғана еңбек еткен жоқ. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Он жылдай уақыт Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды, партиялық бақылау комиссиясының инспекторы болды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы жарыққа шыққан «Біздің Президент» атты кітаптың таныстырылымы да облыстағы ауқымды саяси шаралардың біріне айналды. Ұжымдардағы көпшілік қатысқан кездесулер барысында ел Тәуелсіздігі, оның тұғырының беріктігі, егемендік әкелген рухани жетістіктер туралы кеңінен айтылды. Бұл жиындардың жоғары деңгейде өтуі үшін ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, белгілі мамандық иелері шақырылды. Соның барлығында Nur Otan партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің қызметкерлері ізгі іске ұйытқы болып жүрді.

Облыстық Әлия музейінде өткізілген «Апаттан құтқару — азаматтық парыз» атты бейбіт заман батырларымен кездесу жас ұрпақтың патриоттық сезімін ояту, шынайы патриоттың және қорғаушының бейнесін қалыптастыру, жастардың эмоциялық әлемін адамгершілік әсерлермен байыту және олардың моральдық дамуына, шығармашылық қабілеттеріне ықпал етуге бағытталды.

Филиалдың қоғамдық қабылдауының жетекшісі ретінде Аманкелді Мектепбаев «Жолда қабылдау» республикалық акциясына белсене қатысты. Мәселен, үдемелі инновациялық даму аясында іске қосылған «СпецТрансСтройКомпани» ЖШС-ның өзгеше өнімдер шығаратын зауытында оның бастауымен болған партиялық топ  жаңаша жұмыс істеп жатқан нысандағы жағдайды қадағалау, қажетті көмек көрсету, туындап жатқан проблемаларға тез арада әрекет ету және олар бойынша кеңестер беру тұрғысынан бірқатар шараларды жүзеге асырды. Осындай ықпалды қозғалыстар партия мүшелерінің белсенділігін арттыруға жол ашты, әсіресе жастарды жігерлендіріп, ортаға тартуға мол мүмкіндік берді.

Өмір белестерінде талай тарау жолдар кездесетіні белгілі. Әрине, қимас шақтар, көңілде сақталып қалатын кезеңдер болады. Ырғыздағы үлкен білім ордасы — Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепті 1967 жылы тоқсанға жуық түлек бітірді. Солардың бәрі ыстық. Қатар жүрген Орынбай Ақайдаров, Қасымбек Әбдірахманов секілді құрдастардың жөні бөлек. Осыдан үш жыл бұрын мектеп бітіргендерінің жарты ғасыр толуына байланысты кездесу ұйымдастырылды. Қарап отырса, бұлардың сыныптастары жалпы саны он сегіз мамандықты игеріпті. Оның ішінде алтын медаль иегері Қуандық Ахметов Ленинградтағы политехникалық институтты бітіріп шығып, кенді өңірде еңбек етті. Басқалары да өздері білім алып шыққан алтын орданың мәртебесін көтеруге үлестерін қосты.

Міне, жетпіс атты жас та желкенін көтеріп келіп қалыпты. Жанындағы жақсы серігі Дания апаймен бірге үш перзентінің қызығын көріп келеді. Құралайы мен Дидары қашанда тілекші. Ал Олжасы бүгінде елге танымал азамат. Солардан тараған немерелері ата-әжесінің жанын жадыратады, көңілін көтереді.

Еңбек елеусіз қалмаса, сол сүйінішті. Аманкелді Мектепбайұлы ҚР Президентінің  Алғыс  хатымен екі мәрте марапатталды. Облыс, қала әкімдерінің сыйлығына ие болды.

Өткен жылы ғана «Ақпарат  саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды. Оның алдында «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды.

Қандай да бір жетістікке жету үшін бастауы баянды болуы тиіс. Арада қаншама жылдар өтті, бірақ бір кездері балаң қаламынан туған «Жанаргүл» новелласы, «Ақ сағым сағыныш», «Ақмоншақ» секілді очерктері қалай жазылғанына дейін көңілінде сайрап тұр.

Азамат қандай биікке көтерілсе де, жүрек түкпірінде туған жерге деген жауапкершілік, құрмет сезімі тұнып тұрады. Әбекеңнің жетпіс жасқа толуына орай Ырғыз ауданының әкімі Аққанат Шахин бастаған бір топ азаматтар келіп жылы лебіздерін білдірді. Ел сәлемін жеткізген бұл жүздесу мерейтой иесінің мәртебесін одан сайын асқақтата түскендей болды. Бұл — ең алдымен қалам иесіне, сөз қадірін ұғынған азаматқа деген құрмет.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button