Денсаулық

Кондиционер де — өкпенің жауы

Биылғы жаз тек біздің еліміз ғана емес, барлық әлемде коронавирус инфекциясын асқындыру салдарларының бірі болып табылатын пневмонияға қарсы күреспен өтті.

Жалпы, соңғы жылдары пневмония дертінің таралуы, (тіпті пандемия басталмастан бұрын-ақ) мамандарды айрықша алаңдатып келеді. Дәрігерлердің айтуынша, бұрын жедел өтетін пневмонияның өршуі тек қазан мен наурыз айлары аралығына, яғни күз бен қысқа ғана тән болса, соңғы жылдары бұл қысы-жазы мазалайтын дерттердің біріне айналған. Оның бір себебі — жазда ауаны салқындатып, ал суық түскенде бөлмені жылытатын кондиционерлердің жаппай қолданысқа енгізілуі.​

Кондиционерлер арқылы пневмония дертін тудыратын легионелла бактерияларының таралатыны алғаш 1976 жылы анықталған. АҚШ-тың өзіне қатысы болмаса да, әлемнің әр түкпіріндегі түрлі соғыстарға араласатыны белгілі. Сондай соғыстарға қатысып, аман оралған АҚШ жауынгерлері 1919 жылы «Америка легионы» атты ұйым құрады. 1976 жылы Филадельфия қаласында осы ұйымның 4 мыңнан астам адам қатысқан үлкен жиыны өтеді. Жиыннан соң қатысушылардың 221-і пневмонияға шалдығуына байланысты ауруханаға түсіп, 34 адам қайтыс болған. Тексерген мамандар аурудың қоздырғышын анықтаған соң, оны әлгі ұйымның атымен «легионелла» атап кетіпті және бұл бактерияның кондиционерлер арқылы көбейіп-таралатыны да сол кезден бастап айтылып келеді.​

Ақтөбе қаласының тұрғыны Е. жуырда әлеуметтік желідегі парақшасына былай деп жазды: «Он шақты жыл бұрын Алматыдан оралдым. Екі күн бойы купеде кондиционер салқын ауаны ұрды да тұрды. Келгесін пневмония болып, 20 күн ауруханада жатып, әзер ес жидық. Демікпе, әлсіздік, дене ыстығының көтерілуі, т.б. белгілерін бастан өткердік. Содан бері кондиционер — жауым, ол бүкіл микроб, вирусты үрлейді. Ал кейбір адамдар оның ішін тазалап, фильтрін алмастырып, аптасына екі рет жуып тұру керек екенін айтсаң, таңғалады. Олай істемесе, кондиционер — пневмококк, микроб, шаң-тозаңның нағыз ошағы. Машинаның кондиционерін де тазалап тұру керек».

Расында, көптеген адамдар кондиционерді қазіргі заманның жетістігі, игілігі ретінде пайдалануды дұрыс көргенімен, оны денсаулыққа зияны тимейтіндей етіп пайдалану үшін не істеу, нені білу керектігінен мүлде бейхабар.​

Кондиционердің аурутудырғыш микробтар таратқаннан бөлек, тағы бір зияны бар, бұл — бөлме ішіндегі ауа мен сырттағы ауаның арасындағы айырмашылықты шектен тыс арттыратыны. Мысалы, кондиционер қосулы бөлме мен сырттағы ауа температурасының айырмашылығын, мүмкіндігінше, 4-6 градустан асырмаған дұрыс деп есептеледі. Айырмашылық неғұрлым көбірек болса, тыныс алу жүйесіне салмақ түсіреді, оны әлсіретеді. Соңғы жылдары суық тиіп, түрлі тұмау, тамақ, қолқа, өкпе ауруларына шалдыққандар қатарының тіпті шыжыған жазда да азаймайтынының осындай себептері бар.

Оның үстіне қазір әлемде COVID-19 пандемиясы өршіп тұр. Коронавирустың тыныс алу мүшелерін, соның ішінде, асқындырған жағдайда өкпені істен шығаратындығымен қауіпті екені белгілі.​

Ендеше, ыстық-суыққа шыдамаймын деп, кондиционердің әсері арқылы тыныс жүйесін әлсіретпеу керек. Керісінше, табиғи әрі қуатты тағамдар, таза ауа (бөлмені желдету) және арнайы жаттығулармен шынығудың қамын жасаңыз. Ал қандай да бір ауру белгілері байқалған жағдайда, өз бетіңізбен емделмей, маман дәрігердің көмегіне жүгініңіз.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button