Экономика

Кәсіпкерлердің 1 миллиард 168 миллион теңге мүліктік құқығы қорғалды

Ақтөбелік кәсіпкер мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің заңсыз әрекеттеріне шағымданды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасына «Галиева Ж.Н.» жеке кәсіпкерлігінің иесі Ақтөбе мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің шарт талаптарын бұза отырып, жалдау ақысын есептеу фактісі бойынша заңсыз әрекеттері үшін жүгінді. Өтініш бойынша, кәсіпкер биыл 13 шілдеде Ақтөбе мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мен ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «КА-168/2» мекемесінің аумағында және балансында тұрған объектіні дүкенге мүліктік жалға беру шартына қол қояды. Қабылдау-тапсыру актісіне тараптар арасында қол қойылып, құжат 15 шілдеде бекітіледі.

Осыған байланысты кәсіпкерге қабылдау актісіне қол қойылған сәттен бастап үй-жайды жалға алу үшін 153 549 теңге көлемінде төлемақы төлеу белгіленген.

Алайда шарттың 5-тармағына сәйкес, кемінде бір жыл мерзімге жасалған жылжымайтын мүлікке мүліктік жалдау шарты «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуге жатады әрі осындай тіркеу сәтінен бастап жасалған болып саналады. Шартты мемлекеттік тіркеу жалға алушының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Ал  кәсіпкер («Галиева Ж.Н.») осы уақытқа дейін мемлекеттік тіркеуден өтпеген.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде кәсіпкерлер палатасының заңгерлері жалға берушінің, яғни Ақтөбе мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің жалдау ақысын шарт талаптарын бұза отырып, заңсыз деп есептейді.

Кәсіпкердің шағымы zoom режимінде өткен облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысының қарауына шығарылды. Жарыссөз барысында кәсіпкерге мәселені сот тәртібімен шешу ұсынылды. Мамандардың айтуынша, бұл орайда палатадағылар кәсіпкерге заңгерлік көмек ұсынады. Сондай-ақ кәсіпкерлердің проблемалық мәселелерінің осындай сипатының жүйелілігін жоққа шығармай, бірқатар ұсыныстар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына жіберілетін болады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте бизнестің проблемалық мәселелерін қарау арқылы кәсіпкерлердің құқықтары қорғалады.

Биыл алғашқы жартыжылдықтың нәтижелері бойынша үш кеңес отырысы өткізілген. Оның бірі көшпелі әдісте, яғни Алға ауданында және бір отырыс online режимінде ұйымдастырылған.  Бизнесті қорғау саласы бойынша барлығы 6 мәселе қаралып, оның 5-еуі оң шешілген, бір іс қарауға алынған.

Кеңес отырысының қорытындысы және соған сәйкес қабылданған шаралар бойынша оң шешілген мәселелердің бірқатарына тоқталуға болады. Соның бірі — ақпан айында Алға қаласында кеңестің көшпелі отырысында көтерілген мәселе. Шаруа қожалықтарының жергілікті атқарушы органдардың (Алға және Хромтау аудандары) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алып қою фактісі бойынша әрекеттеріне шағымдары мен өтініштері қаралған.

Кеңес отырысының қорытындысы бойынша Хромтау ауданының әкімдігі талап- арыздарын соттан кері қайтарып алса, ал Алға ауданының әкімдігі талап- арыздарын сотқа жіберуден бас тартқан. Осылайша, жалпы сомасы 926 миллион теңгеге 50 шаруа қожалықтың мүліктік құқығы қорғалған.

Сондай-ақ маусым айында online режимінде «Adam Decolight CA» ЖШС-ның Ақтөбе қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жарнамалық құрылымдарды бөлшектеу талаптары бойынша өтініші қаралған. Кеңестің қарарына сәйкес, кәсіпкерлер палатасы кеңесінің төрағасы Е.Құрманғазин қол қойған облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотынан талап-арызды қайтарып алуға байланысты мәселені шешу жөнінде Ақтөбе қаласы әкімінің атына хат дайындалып, жіберіледі. Өйткені компанияда құқықбұзушылықтар болмаған. Бұл мәселе сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тарапынан да пысықталған. Соған сәйкес жергілікті атқарушы органдармен, Ақтөбе қаласының әкімімен кездесулер де өткізіліпті. Нәтижесінде,  Ақтөбе қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі «Аdam Decolight» ЖШС-нан LED экрандар құрылысын бұзу нысандарын бөлшектеу арқылы бұзушылықтарды жою туралы талап-арызын қайтарып алып, сот ұйғарымымен талап арыз қараусыз қалдырылды, мәселе оң шешілген.  Осылайша кәсіпкердің 30 миллион теңге көлеміндегі мүліктік құқығы қорғалған.

Мәлім болғандай, биыл 6 айда кәсіпкерлер палатасына бизнесті қорғау желісі бойынша 62 өтініш түсіп, оның 51-і (82 пайыз) оң шешімін тапқан. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің қорғалған мүліктік құқықтарының жалпы сомасы —

1 168 369 003 теңге.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button