Басты жаңалықтар

«HALYQ SAÝDA» шағын көтерме орталығының 19 дүкені ашылды

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жауапты мекемелерге берілген тапсырмалардың орындалуын бақылады.

Облыс басшысы алдымен аумағы 1800 шаршы метр болатын «Дорожников» скверіне жасалған абаттандыру жұмыстарымен танысты. Мұнда шамдар қойылып, тротуар салынған, футбол алаңы жаңартылып, орындықтар орналастырылған. Скверде  адамдардың  демалуына  жағдай жасалып қана қоймай, үй жануарларын серуендетуге де арнайы орындар қарастырылған. Қалыпқа келтіру жұмыстары биылғы жылдың  маусым айында басталған.

Бұдан кейін облыс әкімі Ақтөбе қаласындағы №23, №68, №13 орта мектептерде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын қарады. Атап айтсақ, №23 орта мектепте құны 617,9 млн теңгеге 3 қабатты 200 орындық, № 68 орта мектепте 299,9 млн теңгеге 150 орынға арналған 3 қабатты ғимарат және №13 орта мектепте  290,5 млн теңгеге 220 орынға арналған 2 қабатты нысан бой көтеруде. Бұл ғимараттар балалар санының артуына байланысты білім ошақтарының сыйымдылығын кеңейту қажеттігінен салынып жатыр.

Өңір басшысы Сәңкібай батыр даңғылы мен Ряхов көшесінде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарын да бақылады. Ұзындығы 3384 метр болатын Сәңкібай батыр даңғылындағы жөндеу жұмыстары биыл желтоқсан айында аяқталады. Жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар, жарықтандыру, веложолақтар, суағарлар да салынады. Сондай-ақ ұзындығы 1850 метр болатын Ряхов көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталмақ.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы әкімдігі ескі үйлердің қасбеттерін әрлеу жұмыстарын қолға алып отыр. Мәселен, Шернияз Жарылғасұлы көшесіндегі 6 көп қабатты тұрғын үйдің  сыртын жаңарту жұмыстары «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның демеушілігімен жүзеге асырылуда. Облыс әкімі қала басшылығына аула ішіндегі жолдарды жөндеу қажеттігін айтты.

Оңдасын Оразалин жас натуралистер станциясының тыныс-тіршілігімен танысты. Балаларға өсімдік, мал шаруашылығы және экология туралы сабақтан тыс үйретуге   бағытталған орталықта 630 бала білім алады. 3 бағыт бойынша 24 үйірме жұмыс істейді. Дендросаябақта 300-ден астам ағаш, 100-ге жуық түрлі жеміс ағашы бар. Сонымен қатар қоян, су тасбақасы, дала қыраны, т.б. құстарды асырайды.

Қала тұрғындарын бағасы қолжетімді, әлеуметтік маңызды азық-түлікпен қамту мақсатында «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығының 19 дүкені ашылды. Облыс әкімі жобаларды іске қосуға онлайн режимде пәрмен берді.

Айта кету керек, бұған дейін орталықта осы бағытта бір дүкен ашылған. Облыс басшысы халық сұранысына байланысты «HALYQ SAÝDA» шағын көтерме сауда орталығындағы дүкендердің санын 20-ға жеткізуді тапсырған болатын.

Бұдан кейін Оңдасын Оразалин инвесторлар мен кәсіпкерлерге толық консалтингтік қызмет көрсететін фронт-кеңсенің қызметімен және корпорацияда жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалармен танысты. «Ақтөбе» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Имантаев облыс басшысына корпорацияның дамудың алдағы бесжылдық стратегиясына негізделген жаңа моделімен таныстырды. Корпорацияда инвесторларды тарту мен сүйемелдеудің кешенді жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда жобалар портфелінде жалпы құны 124,4 млрд теңге болатын 88 жоба бар.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа қала көркін қалыпқа келтіруге, жолдарды жөндеу жұмыстарын қарқындатуға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button