Жаңалықтар

Мұнайшыларды марапаттады

Жыл сайын қыркүйектің алғашқы жексенбісінде мерекелерін тойлайтын мұнайшылар үшін  биыл карантин талаптарына орай үлкен шаралар болмады. Бірақ бұл күн атаусыз қалмай, бірнеше мұнайшыға құрмет көрсетілді.  Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары «КМК Мұнай» акционерлік қоғамының қызметкерлерімен кездесіп, атаулы мерекелерімен құттықтады.

Мұнай-газ саласы облысымыздағы өндірістің 30 пайызын құрайды. Қандай жағдай болса да жұмысын тоқтатпай келген кәсіпорындар пандемия кезінде жұмысшыларын қысқартқан жоқ. Облыстағы мұнай-газ саласында 25 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Оның 10 мыңнан астамы жергілікті тұрғындар. Індеттің толық аяқталмауына  байланысты мерекелік шараға көп адам шақырылмады. Барша мұнайшыларға облыс әкімінің атынан алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімінің орынбасары Қ.Бекенов.

«КМК Мұнай» акционерлік қоғамының президенті Ван Цзиньбао облыс әкімдіігі тарапынан көрсетілген көмектері мен қолдауларының арқасында жетістіктерге жетіп отырғанын, мұнайшылар ұжымы Ақтөбе облысының дамуына үлес қосатынын айтып, ризашылығын жеткізді.  Биыл мұнайшылардың жалақысын 6 пайыздан 33 пайызға дейін көтеріп, үстемеақы берілгенін айтты.

Мерекеде ұзақ жыл еңбек етіп,  мұнай саласының дамуына үлес қосып жүрген 3 мұнайшыға Алғыс хат беріліп, мерекелік сыйлықтар табысталды. Солардың бірі —  Нұрбол Қонысбайұлы 17 жылдан бері осы салада үзбей жұмыс жасап келе жатқан  тәжірибелі маман. Қазіргі кезде аға технолог боп жастарды мұнай ісіне баулып жүрген ол өз сөзінде облыстың көркеюі үшін тынбай тер төгетінін айтты.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button