Экономика

Алғашқы кеңес, жаңа төраға

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесі жаңа құрамының алғашқы отырысы өтті. Жиында өңірлік кеңестің жаңа төрағасы сайланды және қызметтің басым бағыттары анықталды.

Биыл өткізілген онлайн-сайлау қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің құрамы 33 мүшеден, яғни аймақтағы танымал кәсіпкерлерден құралды. Олардың 60 пайызы — Ақтөбе қаласынан, қалғаны —  аудан кәсіпкерлері. Кеңес мүшелері — бизнестің  барлық саласы бойынша еңбек ететін кәсіпкерлер. Бұл ретте өңірлік кеңестің алдыңғы құрамынан 7 кәсіпкер жаңа құрамға өтті. Жаңа құрамның өкілеттік мерзімі — 4 жыл. Бұл — қоғамдық негіздегі жұмыс әрі ол үшін еңбекақы төленбейді.

Кеңес отырысында кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова өңірдің дауыс беруге қатысқан барлық бизнес өкілдеріне алғыс айтып, кеңестің жаңа құрамы кәсіпкерліктің өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол өңірлік кәсіпкерлер палатасының негізгі функциялары мен міндеттерін белгілеп, ерекше назар аударылатын қызмет бағыттарын атап өтті.

Біздің қызметіміз өңір кәсіпкерлеріне тәжірибелік көмек көрсетуге бағытталған. Осы шаралардың ішінде негізгілерін бөліп көрсетуге болады. Бұл — кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, шетелдік әріптестермен іскерлік байланыстар орнатуға жәрдемдесу, өңірде кәсіпкерлік үшін қолайлы ахуал қалыптастыру, бизнесті сервистік қолдау үшін қажетті жағдайлар жасау. Мұндай жұмыстар өз кезегінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің қазақстандық қамту үлесін арттыруға, жастарды кәсіпкерлік қызметке тарту және жұмыс жасап жатқан шағын және орта бизнес субъектілерін қолдап, ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті, жалпы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға ықпал етпек, — деп атап өтті Анар Даржанова.

Жиында өңірдегі кәсіпкерліктің даму болашағы мен өңірлік кәсіпкерлер кеңесі жұмысынан күтілетін нәтижелер туралы кеңес мүшелері өз ойларымен бөлісті.

Айта кету керек, өңірлік кеңес мүшелері Мемлекет басшысының халыққа арнаған кезекті Жолдауын талқылауды да назардан тыс қалдырмады. Олар бизнес-қоғамдастық атынан экономиканы дамытуға және елдегі кәсіпкерлікті нығайтуға  бағытталған Жолдауда сөз болған шараларға қолдау білдірді.

Атап айтқанда, Президенттің реформаларды стратегиялық жоспарлау жөніндегі және бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттіктер құру сияқты тапсырмаларының маңыздылығына ерекше тоқтады.  Нақты айтқанда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына Үкіметпен  бірлесіп, отандық өндірушілердің тауарларындағы қазақстандық қамту үлесін одан әрі ұлғайтуға бағытталған шаралар бойынша ұсыныстарды әзірлеу, сондай-ақ Салық кодексіне тексеру жүргізу, оны кәсіпкерлер үшін қолжетімді әрі түсінікті етіп дайындау тапсырылған болатын.

Өңірлік кеңестің бірінші отырысының соңында жаңа құрам бойынша кеңес төрағасын сайлау өтті. Кездесуге қатысушылардың бірауыздан шешімімен бұл орынға Ақтөбе қаласындағы «Дастан» компаниялар тобының президенті Асхат Айтжанов сайланды.

Өңірлік кеңес шағын және орта бизнестің негізгі міндеттерін тиімді шешуге, оның ішінде әкімшілік кедергілерді жоюға, кәсіпкерлерді құқықтық қолдауға, іскерлік ахуалды жақсартуға, отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көмектеседі, — деді А.Айтжанов.

Сондай-ақ өңірлік кеңестің отырысы барысында  облыстық кәсіпкерлер палатасының Ойыл, Әйтеке би және Мәртөк аудандарындағы филиалдарының директорлары лауазымына үміткерлерді келісу өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button