Жаңалықтар

Тыныс алу аппаратын тарту етті

Індеттің  алдын алу үшін демеушілер тарапынан облыс медицинасына көмек көрсетіліп жатыр. Кеше Ақтөбе медициналық орталығына гуманитарлық көмек ретінде «Еуразиялық банк» АҚ медициналық қорғаныс құралдарын берді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов қатысты.

Қорғаныс құралдарының ішінде екі жасанды тыныс алу аппараты, медициналық бетперделер, костюмдер мен қолғаптар бар. «Еуразиялық банк» АҚ облыстық филиалының директоры Әсия Құлдыбаева коронавирус инфекциясымен күресуде дәрігерлердің еңбегі зор екенін айтты.

— Қазір еліміздің алдында тұрған міндеттің бірі — коронавируспен күресу. Оның ішінде дәрігерлерге жүктелетін міндет өте үлкен. Осы ретте акционерлік қоғам медицина қызметкерлеріне қолдау танытып жатыр. Ақтөбе облысына төрт жасанды тыныс алу аппараты әкелінді. Оның екеуі Ақтөбе медициналық орталығына табыс етілсе, қалғандары аудандарға жөнелтілді, — деді филиал директоры.

Ал облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов орта және шағын бизнес өкілдері облыс медицинасына қолдау танытып жатқанын айтып, банк өкілдеріне алғысын білдірді.

Медициналық орталық басшылығы банк қызметкерлеріне алғыстарын айтты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button