Басты жаңалықтар

Ауылдың ажары — жол мен жоба

Аудан

Хромтау — әлеуеті жоғары, экономикасы өсімтал, ауыл шаруашылығы ауқымды, өндірісі көп аудан. 43 мың халқы бар өңірде негізінен өзекті мәселелер шешілген. Айталық, ауданға қарасты 14 селолық округ болса, оның барлығына дерлік газ барды. Яғни көгілдір отынмен қамту — 97 пайыз. Сол сияқты ауызсу мәселесі де осы деңгейде орындалып тұр. Ал интернеті 100 пайыз таралған облыстағы бірден-бір өңір.

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері  экономикалық-әлеуметтік дамуын және облыс әкімінің тапсырмасы қалай орындалып жатқанын көру мақсатында Хромтау ауданына барды.

— Шалғай ауылдардың ахуалы, ондағы тұрғындардың тұрмысын жақсарту мақсатында бірқатар жобалар орындалды.  Қай ауылда да қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар, құрылыстар, көлемді шаралардың арқасында атқарылып жатқан игі істер көп. Облыс, аудан әкімдерінің тарапынан көп көмектер беріліп жатыр. Соның нәтижесінде ауылдарымыздың ажары кіріп келеді, — деген аудан әкімінің орынбасары Меткүл Қосымбаева ауылдарды аралатып, ондағы жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Көктөбе ауылдық округіндегі «Мырза» шаруа қожалығы сүт өнімдерін өндіруге көшкен. Қожалықтың иесі Қайрат Тауанов 2017 жылы  400 гектар жер алып, мал өсіруді бастапты. Алғашында он шақты сиыры болыпты.  Айналдырған 3-4 жылда мүйізді малы жүзден асып кетті. Ауылшаруашылық секторындағы мемлекеттің жеңілдігіне жүгінген ол «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 6 пайызбен несие алып, ірі қара санын көбейткен. «Әулиекөл» тұқымын әкелген ол қазір «Сыбағаның» сүтін сауып отыр.

Бір сауғанда 20 литр сүт аламыз. Тапсырыс көп түседі. Сүт пен оның өнімдеріне сұраныстың бар екенін білдік. Енді бұл кәсіпті жандандырғымыз келіп отыр. Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін пайдалануымыз керек. Жыл сайын субсидия аламын. Қазір шаруаларға жеңілдік көп. Тек оның уақытын өткізіп алмай пайдалана білу керек, — дейді қожалық иесі.

Көктау селолық округінде құрылыстардың қарқыны көңіл қуантарлық. Село екіге бөлінеді. Жаңақоныс жағында  4 пәтерлік 75 үй бар. 150 қандас ағайындар тұрады. 300 отбасы бар. Биыл «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасымен басталған 3 шақырым көше жолдарының жұмысы бітуге таяу. «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында құны 217 миллион теңге болатын денешынықтыру кешенінің іргетасы қаланып жатыр. Оның қасындағы салынып жатқан жаңа әкімшілік үйінің құрылысы жыл аяғына дейін бітеді. Ал келесі жылы Мәдениет үйі салынбақ.

Ауылдың 80 пайыз тұрғыны «Ақтөбе мыс компаниясы» комбинатында жұмыс істейді. Шешімін күткен шаруалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Ескі ауыл мен жаңа ауылдың арасы 3 шақырымдай. Ескі ауылда амбулатория мен пошта мәселесі қиындық тудырып келді. Жаңа амбуляторияға баруға қашықтау. Енді бұл мәселе де шешілгелі тұр. Жаңа ғимаратқа көшкен соң бұрынғы ескі әкімшілік үйін фельдшерлік пунктке айналдырмақпын. Оған дәрігер мамандарымыз да бар, — дейді село әкімі Бақытбек Усмаханов.

Оның айтуынша, Ақтөбе мыс компаниясының демеушілігімен хоккей алаңы жасақталған. Ендігі кезекте воркауттар салып бермек екен.

Хромтау қаласының іргесіндегі шаруасы дөңгеленіп тұрған Дөң селолық округінің орталығы қоныстанушылардың мекені болмақ. Қазір онда 760 үй бар. 3200 халық тұрады. Дөң кен байыту комбинаты мен «Восход» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылдың тең жартысын жұмыспен қамтып отыр. Одан басқа 12 шаруа қожалығы бар. Тұрғындардың барлығы мал ұстайды. Бір ерекшелігі, бұл ауылдың бақташылары тұрақты. Ірі қаралары үшін екі бағытта күту ұйымдастырылып бағылады. Ауылдың өсу қарқыны өте жоғары. Дөңнің қасында 4 шақырым жерде Оңғар ауылы бар.  Сол екі аралықта 1100 жер телімі дайындалған. Ауыл әкімі Ербол Аққұловтың айтуынша, екі ауылдың арасы үйлермен толып қосылмақ. Қазірдің өзінде тұрғындар 860 жер учаскесін алып болған. Үй салушылар тек құр жерді ғана алмайды. Егер үй салатын болсаңыз газ, су, жарығы тартылған жерден беріледі. 1100 жер учаскесіне коммуникация жүйесін тарту жұмыстары келесі жылы аяқталады. 600 орындық жаңа мектеп оқушыларды сыйғызып тұр. Ал бұрынғы мектеп 200 бала қабылдайтын үлкен балабақшаға айналған. Бұл ауылда да 3500 шақырым 7 көшеге асфальт төселді. Алдағы жылы тағы 7 көшеге жобалық құжат жасалып тұр. Ауыл тұрғыны Әбдір Құдаров өсіп, өркендеген ауылдың тынысына ризашылығын білдіріп, шешілген мәселелерді атап өтті.

Аудан орталығы Хромтау қаласы — қайнаған тірліктің ордасы. Тұрғындарға тиімді болып отырғаны — тазалығы. Барлық жерде қоқыс жинайтын орындар жаңартылған. Қалада 126 көп қабатты үй болса, оның 57 ауласы асфальттанған.

Аудан әкімі Нағымжан Алдияров журналистерге берген сұхбатында   ауылшаруашылық саласындағы жағымды істерді атап өтті. Жалпы аудан бойынша 109 мың гектар егіс алқабы болса, оның 51 мың гектары — дәнді дақылдар. Бүгінде дәнді дақылдардың 40 мың гектар жеріндегі өнімдері жиналып, қамбаға құйылған.

Электр жарығы мен жарықтандыру 100 пайыз орындалған ауданның ендігі мәселесі — Төсөткел, Құдықсай, Тамды елді мекендеріне газ, ауызсу құбырларын тарту. Аудан басшысы бұған қаражаттың бөлінгенін айтты.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button