Жаңалықтар

Той жасағандарға айыппұл салынды

Санитарлық талап

Облыста кәсіпкерлік нысандары санитарлық талаптарды сақтамай отыр. Тұрғындар тарапынан да заңсыздықтар орын алуда. Той жасап, қыз ұзатып, келін түсірушілер санитарлық ережелерге салғырт қарауда.

Мобильді топтар мен жергілікті полиция қызметкерлері облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері қабылдаған қаулылардың орындалуына бақылау жүргізуде. Нәтижесінде 476 хаттама толтырылып, 53 240 370 теңге көлемінде айыппұл салынған. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы Айсәуле Оралбаева айтты.

Оның ішінде кәсіпкерлердің жұмыс уақытын бұзу фактілері — 23,5%,  бетперде кию тәртібін бұзу — 16,7% , әлеуметтік дистанцияны сақтамау — 14,7%,  дене қызуын өлшемей қызметкерлерді жұмысқа жіберу — 2,3% және  жұмыс істеуге рұқсаты жоқ нысандардың жұмыс істеуі — 2,9%. Сонымен қатар облыс тұрғындары ішінде қаулыны бұзғандар кездесіп жатыр. Қыз ұзату, келін түсіру секілді жиын, тойлар әлі де тоқтамай тұр. Бұндай фактілер — 23,7%. Кәсіпкерлер мен облыс тұрғындарына ескерту жасалғанымен, көпшілік әлі де жағдайға салғырт қарауда. Коронавирус инфекциясының алдын алу үшін облыс тұрғындары мерекелік кештерді, той, отбасылық шараларды тоқтата тұруы керек. Сонымен қатар тұрғындарды бетперде тағуға, қолды жиі жуып, антисептиктерді пайдалануға және әлеуметтік дистанцияны сақтауға  шақырамыз. Кәсіпкерлік субъектілеріне коронавирус  инфекциясының алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық шаралардың қатаң орындалуын қадағалау керектігін ескертеміз, — дейді Айсәуле Оралбаева.

Ал талапқа бағынбағандарға айыппұл салынады. Мәселен, той, садақа, қыз ұзату шараларын жасаған 18 кәсіпкерлік нысанына 6 миллион 111 600 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button