Жаңалықтар

Өкпені жасанды желдететін 4 аппарат тапсырылды

Демеушілік

Сейсенбі күні «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына өкпені жасанды желдетуге арналған стационарлық көп функционалды 4 аппарат сыйға тартты.  Бұл шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының бастығы Сәбит Рзиев, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров қатысты.

Аталған компанияның жұртшылықпен байланыс және ішкі  коммуникациялар департаменті берген дерек бойынша, «ҚазТрансОйл» АҚ Қазақстанның медициналық мекемелеріне демеушілік көмек беру үшін 1 млрд теңге қаражат бөлген. Бұл қаражатқа коронавирустық өкпе қабынуымен және басқа да тыныс алу жүйесі ауруларын емдейтін Еуропада шығарылған осындай 68 аппарат сатып алынған.  Бұл аппараттар қажеттілікке сай 14 облыстық және  3 республикалық маңызы бар қаланың емханаларына беріледі.  Медициналық мекемелердің тізімі ҚР Денсаулық министрлігі және жергілікті атқарушы органдар ұсынған деректердің негізінде жасалған.

1 қыркүйек күні Ақтөбе облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына өкпені жасанды желдететін 4 аппарат тапсырылды. Аурухананың бас дәрігері Жолдас Қамбаровтың ай туынша, қазіргі уақытта осы 4 аппаратты қосқанда ауруханада өкпені жасанды желдетуге арналған барлығы 12 аппарат бар.

— Бұл аппараттар көпфункционалды. Яғни мұны қажет жағдайда ересектермен бірге, балаларға қатысты да қолдануға болады деген сөз. Германияда жасалған мұндай заманауи аппарат облыста әзірге тек облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында ғана бар. Облыстық әкімдік тарапынан көрсетілген қолдау аясында алып берілді. Бұл 4 аппаратты 25 кереуеттік жансақтау бөлімдеріне орналастырдық. Мамандар арнайы келіп, қалай пайдалану қажеттігін үйретіп кетті. Әр аппараттың құны 15 миллион теңгенің шамасында. Алдағы уақытта тағы да облыстық әкімдіктің қолдауымен өкпені жасанды желдету аппараттары сатып әкелінбек, — дейді бас дәрігер.

Қазіргі уақытта өкпені жасанды желдетуге арналған 42 аппаратты алушылар айқындалған. Бүгінге дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Қостанай, Жетіқара, Рудный және Лисаковск қаласындағы, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы медициналық мекемелерге жіберілген. Алдағы уақытта жасанды желдету жиынтықтары Жаңаөзен, Павлодар және Екібастұз қалалары, Атырау, Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола және Қызылорда облыстарындағы медицина мекемелеріне таратылады.

—  Жоғары технологиялық жабдықтар біздің дәрігерлерге азаматтардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп сенеміз. Бұл аппараттар бұл коронавирус инфекциясымен күресуге және ауруханаларды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге қосқан үлесіміз, —  деді аппараттарды тапсыру рәсімінде «ҚазТрансОйл» АҚ Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының бастығы Сәбит Рзиев.

 

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button