Жаңалықтар

Егін жинауда ешқандай қиындық  жоқ

Брифинг

Аймақта егін жинау жұмыстарына қатысты өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Әбтиев осылай деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазір  облыста 445,4 мың гектарда — дәнді дақыл, 46,2 мың гектарда — майлы дақыл, 103,7 мың гектарда — мал азығы, сондай-ақ 12,2 мың гектарда  картоп пен көкөніс, бақша дақылын жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 212,2 мың га дәнді дақыл алқабы шабылып (47,6 пайыз), гектарына 9,2 центнерден, яғни  орташа өнімділікте 195,2 мың тонна өнім жиналған.

Соңғы мәлімет бойынша, қазір өңірде 24,6 мың тонна — картоп, 57,7 мың тонна — көкөніс, 18,3 мың тонна — бақша өнімі жиналыпты.

Облыста астық ору науқанына 960 комбайн, 5342 трактор, 860 жүк автомобилі мен 87 механикаландырылған токтар жұмылдырылуда. Жаңа астықты лицензияланған 7 астық сақтау кәсіпорны, яғни элеватор қабылдап жатыр. Олардың жалпы сыйымдылығы — 395,0 мың тонна. Сонымен қатар ауылшаруашылық тауар өндірушілерде 123,4 мың тонна сыйымдылықты құрайтын 184 астық сақтау орны бар, — деді Асылхан Әбдиев.

Оның айтуынша, астық жинау науқанымен қатар, күзгі далалық жұмыстар да қатар атқарылып жатыр. Биыл бұл бағытта аймақтағы  шаруашылықтарға 7,3 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Оның бағасы — литріне 161 теңге.

Бөлінген дизель отыны күзгі далалық жұмыстарды жүргізуді толықтай қамтамасыз етуде. Бүгінде 104 шаруашылық  1,7 мың тонна дизель отынын тасып алды. Бұл орайда айта кететін жайт, басқарма тарапынан дизель отынын жеткізушілерге жанар-жағармайды демалыс және мейрам күндерінде де  жіберу ұйымдастырылуда. Сонымен қатар шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында  сатып алынған пестицидтерді, минералдық тыңайтқыштарды және тұқымды субсидиялауға бағытталған 1,3 миллиард теңге бөлінді. Қазіргі уақытта 119 шаруашылыққа  715  миллион теңгенің үстінде субсидия төленді. Жалпы көрсетілген осындай қолдаулардың нәтижесінде 1,6 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізіліп, 264,0 мың гектар алқапта арамшөпке қарсы химиялық өңдеу жұмыстары  жүргізілді. Бүгінгі күні бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда,  — деді А.Әбдиев.

Белгілі болғандай, келер жылдың егісіне жер дайындау бойынша 166,1 мың гектар алқапқа — сүр, 4,1 мың гектарға — сүдігер дайындалған. Мамандардың айтуынша, қазір де сүдігер дайындау жұмыстары жалғасып жатыр.  Сонымен қатар 4217 гектар жерге күздік дақылдар егу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Бұл шаралар негізінен Әйтеке би, Қобда, Мәртөк, Темір және Хромтау аудандарында қолға алынған. «Егін жинау жұмыстары бойынша ешқандай қиын мәселе жоқ. Ауа райы қолайлы болса, науқандық жұмыстарды қыркүйектің соңында аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деп қорытты сөзін Асылхан Әбдиев.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button