Жаңалықтар

Ақтөбеде 50 орындық хостел ашылды

Жеке кәсіпкер Абзал Аманшиев 2014 жылдан бері қонақүй бизнесімен айналысады. Жақында ол мемлекеттік қолдаудың арқасында хостел ашты. 

Тарихы ғасырдан асатын эконом санаттағы қонақүйлер «хостел» деген атаумен алғаш рет ХХ ғасырдың басында пайда болған. 1909 жылы неміс мұғалімі Рихард Ширманн оқушыларды жаяу серуенге алып шығып, жолай кездескен түнемеліге сабан толы қап төсеніп жатқан. Сөйтіп кейін бұл  идея кәдеге жарап, жолаушылардың аяқ суытып, тынығатын арзан түнемелігі ретінде тез танылып кетеді. Алғашқы хостел Германиямен іргелес Нидерландыдағы Алтен провинциясында ашылыпты. Айта кетерлігі, Алтендегі «көне» хостел әлі күнге халыққа қызмет етеді.

Бүгінде жолаушылар үшін осындай қолжетімді хостелдер елімізде де қызмет жасайды. Осыдан 2-3 жыл бұрын республика бойынша Ақтөбеде бірінші болып еуропалық үлгіде салынып, қызмет ететін хостел ашылған еді. Содан бері мұндай бизнес нысаны жер-жерде көптеп ашыла бастады.

Ақтөбелік кәсіпкер Абзал Аманшиев «Еңбек» бағдарламасы аясында жеңілдікпен несие алып, хостел ашты. Теміржол вокзалы ауданындағы «Shanyrak» хостелі бүгінде жолаушыларға қызмет етіп жатыр.

Жақында кәсіпкердің бұл бизнесін көзбен көру үшін оның серіктестері, сондай-ақ  «Даму» қоры филиалының, «Атамекен» палатасының өкілдері хостелдің ашылу рәсіміне қатысты. Абзалдың айтуынша, хостелде қысқа немесе ұзақ мерзімге тұру үшін орынды жалға алуға болады. Одан әрі ол қонақтарды мекеме жұмысының егжей-тегжейімен таныстырды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова кәсіпкердің ісіне сәттілік тілеп,  жаңа бизнес нысанының ашылуымен құттықтады. Оның айтуынша, мұндай бизнес ашқан кәсіпкерді коронавирус пандемиясынан туындаған дағдарыс кезінде тәуекелге барудан әрі өз ісін ашудан қорықпаған батыл адамдар санатына жатқызуға болады.

Жеке кәсіпкер Абзал Аманшиевтің қонақүй бизнесімен айналысқанына онша көп уақыт бола қойған жоқ. Қазір оның атында екі қонақүй кешені бар. Екеуі де теміржол вокзалы маңында орналасқан. Алайда ол уақыт өте келе бизнесті кеңейту қажеттілігі туындағанын, ол үшін қосымша инвестициялар қажет екенін сезінеді. Сөйтіп, ол өз мүдделерін ескеретін, яғни несие берудің жеңілдетілген шарттарын ұсынатын — төмен пайыздық мөлшерлемемен  қарыз алуға бел буады. Абзал көптеген банктердің несиелік шарттарын мұқият талдағаннан кейін, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Ақтөбе филиалының қолдауымен «Еңбек» бағдарламасына қатысуға шешім қабылдайды. Аталған бағдарлама  шеңберінде 6 пайыздық үстемеақымен «Қазақстан Халық банкі» АҚ Ақтөбе филиалы арқылы ғимарат сатып алу мақсатында жеңілдетілген несие қаражатына қол жеткізеді.  Банк кәсіпкерге кепілде тұрған ғимаратты жаңа кәсіпорын ретінде ұсынып, жобаны қаржыландырған. Осылайша мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінген кәсіпкер көп ұзамай хостел ашқан.

Шағын қонақүйде  50 төсек-орын бар. Кәсіпкер өз қаражаты есебінен үй-жайды жөндеп, клиенттер үшін барынша жағдай жасауға тырысыпты. Мұнда WI-Fi, кабельді теледидар бар. Хостелде тұратындар үшін толық жабдықталған асүй, жуынатын орындар, сонымен қатар кіржуғыш машина мен  холлда жеке заттарды сақтауға арналған шкаф-сейфтер орнатылған.  Аулада жайлы, шағын кафе бар.

Жаңа бизнес нысанында төрт адам тұрақты жұмысқа қабылданған.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button