Жаңалықтар

Аға еді ар жолынан айнымаған…

Тағзым

Жарық дүние есігін кезең-кезеңімен ашқан әр буынның өздерінің тағдыр-талайына бұйырған енші-несібелері де әртүрлі болады екен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары өмірге келген ұрпақ ел тарихындағы қаралы оқиғалар біріне-бірі жалғасқан кезеңнің төлдері еді. Олар Жаратқан иенің маңдайларына жазған қиындықтарын қара нардай көтерді, бұғаналарына ауырлықтың зіл батпан салмағы батқан сайын ширықты, ширады, шыңдалды.

Сол бір жасампаз ұрпақтың, тәкаппар ұрпақтың, арыстарымыздың өтеуі болып туған ұрпақтың бірі Нұқы Қартбайұлы еді. Бұл кісінің ғұмырнамасы жастай қиындық көріп өскен адамдардың түптің түбінде «ақылы мен еңбегі екі жақтап» бір биікке көтерілетініне, абыройға қол жеткізетініне айғақ. Кейін, тіпті өзі өмірден өтерінен бірер жыл бұрынғы естелігінде «Біздің буынның басына түскен ауыртпалық пен қиыншылықты құдай басқа адамның маңдайына жазбасын. Бақытты да, басқаны да білмей, балалық балдәурен шақты көрмей, сезбей өстік. Ерте есейдік. Ашқұрсақ, азабы мол тіршілік тауқыметін бір кісідей тарттық» деп жазуы сол бір қасіретті күндердің бала көңілде қалған суреті болатын.

Әрине, оған ең алдымен кінәлі соғыс еді. Ер-азаматтар Отан қорғау үшін майданға аттанды. Әкесі өмірден ертерек өтіп, отбасын асырап отырған үлкен ағасы Нысан, оған ілесе жасы 17-ге толмаған ортаншы ағасы Хасен әскерге алынған болатын. Ауылдағы бар ауыртпалық қатын-қалаш, кәрі-құртаң, бала-шағаның иығына түсті. Буыны қатып, бұғанасы бекіп үлгермеген бала Нұқы да колхоз жұмысына жегілді. Бұндай жағдай соғыс жылдарындағы балалардың барлығына ортақ тағдыр еді. Қазіргі Әйтеке би ауданының аумағында алты колхозды біріктірген Ұзынкөл ауылдық советінде туып, сонда есейіңкіреп барып бастауыш мектеп бітірген. Елуінші жылдардың басында жылқы бағып жүрген жасөспірімнің бастауыштан кейін оқымай қалуы да мүмкін еді, өйткені ауыл белсенділері еңбекқор жастан айырылғысы келмеді. Тек Жаңаберген, Смағұл деген жақын жанашыр екі ағасы колхоз басқармасына «советтің заңын» айтып, айбат танытып, талапты баланы алып кетіп, ауылдағы жеті жылдық мектепке апарып кіргізіпті. Осы жағдайды ағамыз жиі еске алып, келешегіне кемел жол салып берген жоғарыдағы екі ағасына шексіз ризашылығын білдіріп отыратын.

Көңілі жадау, киімі жамау ұрпақтың бір ерекшелігі — оқу-білімге шексіз құштарлығы деуге болар. Нұқы аға да жасынан кітапқұмар болды, бірақ ауылдағы кітапхананың есігінен қара құлып түспейді екен. Содан бірге оқитын досы Жолболсын Шайқақов екеуі кітапхананың үнемі жабық тұратынын «Социалистік Қазақстан» газетіне жазып жіберіпті. Бір күні «Қара құлыпты кітапхана» дейтін мақалалары газетке жарқ ете қалады. Республиканың аға газетіне сын мақала жариялануы аудан басшылығын біраз әбігерге салады. Нұқаң баспасөздің кім-кімді де ықтыра алатын қуатты құрал екенін сонда алғаш сезінді, көңілінде осы мамандыққа деген құштарлық оянды. Сөйтіп, «қолын мезгілінен кеш сермеген» ағамыз 22 жасында орта білім алып, сол 1956 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Тәуір ұлды толғатып дүниеге әкелу — тәңірдің ісі десек, оның халқына адал, «атаның емес адамның баласы» болуы ата-ана, ұстаз, ортаға байланысты екені анық. Университет Нұқаңа терең білім беріп қана қоймай, бойына болашақ өмір жолының бұлжымас бағдарына айналған ұстаным қалыптастырыпты. Бес жыл өтіп, диплом қорғағанда қазақ тіл ғылымының Есмағанбет Ысмайылов, Тұрсынбек Кәкішев секілді мүйізі қарағайдай профессорлары үздік баға қойған және аспирантураға қалу туралы ұсыныс жасапты. Бірақ екі ағасы да майдан даласынан оралмаған Нұқаң отбасылық жағдайын ойлап елге, Ақтөбеге келген. Журналистік жолы Новересей, одан кейін Қарабұтақ аудандық газеттерінде басталып, кейін облыстық теледидарда, онда бірер жыл істегесін облыстық «Коммунизм жолы» газеттерінде жалғасты.

Кеңестік дәуірдегі бір партиялық билік тұсында баспасөздің жеке адамдардың мүдделерін қорғаудағы ықпалы мықты болды. Тиесілі қамқорлықтан қағажу қалған, не әлдебір лауазымды адамдардан қысым көріп, зәбір шеккен жандардың әділдік іздейтін орны облыстық, не республикалық басылымдар еді. Сондай жандар «Коммунизм жолы» (бүгінгі «Ақтөбе») газетіне Нұқы Қартбайұлын іздеп баратын, ақиқатты ашатын, зар-мұңымызды аяқсыз қалдырмайтын осы кісі деген сенімде болатын. Өйткені, өмірдің ащы сыны ширықтырып өсірген, жастайынан әділетсіздіктің неше түрін көрген Нұқаң әрдайым аққа жақ болды, «жаным-арыма садақа» ұстанымынан айныған жоқ. Бірақ әділеттің жолы қашан даңғыл болған, тым ақиқатшыл Қартбайұлының жолын кесіп, аяғынан шолушылар да аз болмапты.

Өткен ғасырдың 70-жылдары Торғай облысы ашылғанда осы аймақтың «Торғай таңы» атты газетінің алғашқы бас редакторы болып бұған дейін Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторының орынбасары болған Нұқы Қартбайұлы бекітілген-ді. Сол газеттің жұмысын тақыр жерден бастап, жан-жақтан жиналған мінездері де, қабілет-қарымдары да әртүрлі қызметкерлерін ақылмен де, айбатпен де бір ізге түсіріп, ауызбіршілікті ұжым жасады. Қасиетті хадисте «Ақиқатты тану — қиын, ал оны айта білу одан да қиын» деген сөз бар екен, Нұқаң газет қызметкерлерін осы «одан да қиын» принципімен жұмыс істеуге бағыттады. Жаңадан құрылған облыста мемлекеттік жоспарға сай атқарылған істермен қатар, кемшіліктер, әсіресе, жекелеген жауапты басшы қызметкерлердің өз міндеттеріне жауапсыздығы ғана емес, адами тұрғыдан қарағанда жүгенсіздіктері де орын алған-ды. Ал қиянат атаулыға қарсы шамырқанып шыға келетін бас редактор оларға қарсы қолындағы қаруын сескенбестен сермепті. Газеттің сын садағы облыстық деңгейдегі бірнеше басшыларға да тисе керек, Қартбайұлының ізіне шам алып түсудің басында облыс басшысы орынбасарының өзі болыпты. Ақыры, әділдік пен адалдықты өмір жолының бағдаршамы етіп ұстанған облыстық газеттің бас редакторы қызметінен босатылған. Осы жағдай туралы сол кезде «Торғай таңы» газетінде қызмет жасаған, әр сөзі қылыштай қиып түсетін сықақшы-журналист марқұм Жұматай Сабыржанұлы «Өкпелесең өзің біл» атты кітабында былай деп жазыпты: «…Мансапқорлардың негізгі мақсаты — Қартбаевқа Құсайыновты (облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы) қырын қарату еді. Ол орындалды. Бастық қызметінен кетірілді. … Өкініш — менің фельетоным үшін күйіп кеткенінде… Әрине, Мәскеуде оқытып, редакторлыққа дайындап жатқан кадры бар обком Нұқаңды орнынан бәрібір тайдыратын. Тек өзімді осы күнге дейін қинайтыны — «сол кісінің басы пәлеге қалуы менің фельетонымнан басталды-ау» деген өкініш».

Ал Нұқаң редакция ұжымының алдында: «Редакторлықтан босауымның себебі өзімнен. Тәжірибемнің жетіспеуінен келістіре алмадым», — депті, Жұматайды да, ешкімді де кінәламапты. Осы жағдайдан хабардар болған облысымыздың халық ағарту саласына зор еңбек сіңірген Ниетжан Беріков: «Әй, Нұқы-ай, қиянаттың құрбаны болыпсың ғой», — депті.

Иә, мансап биігіне көтерілу де, одан құлдилау да болуы — тіршілік заңдылығы. Бірақ, лауазымнан түскеннен кейін халықтың бетіне тура қарай алу — азаматтық арына кір түсірмегендердің ғана еншісіне бұйыратын сый екендігі де анық. Ал, Нұқаңның өмір жолдары осындай сый-сыбағалармен өрнектелді. Сый-сыбаға астына ат мінгізу, иығына шапан жабу ғана емес қой. Қартбайұлы облыстық газеттің бас редакторлығынан босап, елге оралғанда басшылық қызметі аңызға айналған Еркін Әуелбеков сол кездегі облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Т.Бекеновке «Қартбайұлына дұрыс қызмет тауып беріңдер» деп телефон шалып, облыстық атқару комитетінің төрағасы О.Қозыбаевқа пәтер беруді сұрап хат жолдапты. Күштілердің диірмені қызметінен босаттырған сол бір кездері Өзбекәлі Жәнібековтің, Ибрагим Женалаевтың, Өтеміс Әкімовтің, Кеңес Нокиннің, Үкітай Байжомартовтың азаматтық жанашырлықтарын көріпті.

Нұқаңның қаламы журналист ретінде сын-сықаққа жақын болғаны рас. Облыс жұртшылығы оны «Коммунизм жолының» фельетоншысы ретінде таныды. Бірақ сонау «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған» кеңестік дәуірдің өзінде ұлттық салт-дәстүр, қазақы тәрбие жөнінде ой саларлық мақалалар жазғаны аға буын оқырмандар жадынан өше қоймаған болар.

Нұқаң тәртіпті, әділдікті, әр нәрсенің өз орнында болуын, тазалықты, табиғи үйлесімділікті сүйетін, тіпті ерекше сүйіңкірейтін. Мұндай жақсы қасиеттер ағамызды жүрген ортасында айбындандырып көрсететін, әрине, қызмет жолдарында кедергісін тигізген кездері де аз болмаған. Өзінің ұстанған пікірінен айнымайтындығы және ол пікірін іште сақтамай, жиналыс мінбері болсын, не отырған ортасы болсын қатқылдау етіп айтып тастайтыны өзімен қатар жүрген, тіпті қызметтес болған кейбір азаматтармен арасына ала мысық жүгірткені де шындық. Ал Нұқаң пайдасы елге тиетін мәселе туындағанда уытты тілін де, өткір қаламын да аямай сілтеді. Өткір ой, тосын пікірді әр адам өз ой-өрісінің өлшеміне қарай әртүрлі қабылдайтыны белгілі.

Баяғы бабаларымыздың «Тура айтып туғаныма жақпаймын» принципін ұстанған Нұқаң өзінің кіші Отаны Ақтөбе өңірінің намысын, мүддесін биік ұстағанын мына жағдайдан айқын аңғаруға болады. Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып алғаш сайланған 1990 жылы ол кісіге хат жазыпты. Елдегі кадр мәселесі, Ақтөбенің жігіттерінің республикалық деңгейдегі қызметтерде жоқ екендігі, Ақтөбенің өзіне бірінші басшы өзге ұлт өкілінен тағайындалуы қалыпты жағдай болып кеткені туралы. «Бірақ өз атымнан жіберсем, бер жағындағы көмекші-кеңесшілерінің бірінің алдынан қайтатынын сезіп, жолы үлкен, салмағы бар, аймаққа беделді адам іздедім. Сөйтіп, өзім «Болатжол-Стальная магистраль» газетінде редактор болған кезден танитын, жасы жүзге келген, Ленин орденді теміржолшы, қазыналы қарт Дәрменқұл Қалағанов ақсақалға хабарластым. Сол кісінің келісімін алғаннан соң хат Президентке жөнелтілді» дейтін өзі. «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым ішіне» деген қазақтың ұлы ақыны Қадыр. Осы хатқа Нұрсұлтан Әбішұлы «Дәрменқұл аға!» деп бастап, түсіністік көрсетіп жауап беріпті. Сол кезден бастап облысымызға өз жеріміздің азаматтарының басшы болуы, республикалық жауапты қызметтерге ақтөбелік жігіттердің тағайындала бастауына осы хат бірден-бір себепкер болды деп ойлаймыз. Нұқаңның өңір мерейін көтерген ісі еске түскенде ұлы Мұхтар Әуезовтің «Елін «ел екен» дегізген ұлдарға сын бар ма, сірә да» деген сөзі әлі күнге кеудеде ризалық сезімін тудырады.

Облыстағы «Қазақ тілі» қоғамының ең алғашқы ұйымдастырушысы да Нұқаң болғаны белгілі. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы болатын, қоғамның алғашқы төрағасы болып ұлт зиялыларының көрнекті өкілі, сол кездегі Ақтөбе пединститутының ректоры, профессор Мұхтар Арын, орынбасарлығына Нұқы Қартбайұлы сайланған. Ұлт мүддесі жолындағы мақсат-мұраттары бір-бірін толықтырған, ұстаным-көзқарастары деңгейлес екі тұлға облысымыздың тіл ахуалындағы сірескен сеңді бұзуға бел буып, белсеніп кірісті. Ақтөбедегі қазіргі №21 мектептің орыс мектебі болып ашылғалы тұрған жерінде, яғни қалалық атқару комитетінің шешімі шыққанын естіп, Нұқаң оны қазақ тіліндегі мектепке айналдыру туралы ұсыныспен облыс әкімі Золотаревке кіреді. Облыс басшысы қазақ мектебіне бала саны толмайтынын, қазақтардың өздері балаларын қазақ мектебіне бермейтінін сылтау етеді. Содан кейін Нұқаң институттан 50-60 студентті сұрап алып, үй аралап бала жинайды. Жергілікті халықтың талабына қыликөзденіп қарайтын басшылардың ойлағаны болмады, сол мектеп алғаш ашылған жылы 1-сыныптың өзі ғана 17-ге жетіпті.

Мұхтар Арын бұл қызметті қоғамдық негізде атқарғандықтан, оның ұйымдық жұмыстары, жоспарлы шаралары негізінен Нұқының иығына түскен еді. Қай істе де талап орнымен, ретімен қойылса, нәтиже де оңды болары сөзсіз. «Қазақ тілі» қоғамына облыстық партия комитетінің ғимаратынан кең бөлмелер, қызметтік автокөлік берілуі шын мәнінде Нұқаңның табанды талабының, билік орындарының көздерін қоғамның мемлекеттік саясаттағы маңызына жеткізе білуінің арқасы болатын. Ағамыздың ұзақ жылдар бойғы қаламдас серігі, сыйлас досы, облыс журналистикасының қазіргі абызы Идақаң – Идош Асқар Нұқы туралы «Жігермен өрілген өмір» атты мақаласында «…қоғамның республикалық ұйымында оның беделі елеулі болды, пленумдарда жарыссөзді көбінесе Нұқаңа бастататын. Өткір, аздап ашуы бар, орынды сыны мен сәтін тауып қолданған сықағы аралас жүретін жүйелі, кедір-бұдыры жоқ тегіс сөздер кім-кімнің де назарын аудармай қоймайтын. Қоғамның екінші құрылтайында оның мазмұнды да мағыналы сөздеріне Елбасы назар аударды, қатысушылар ризалықпен қол соқты» деп жазуы Нұқы Қартбайұлының қоғам жұмысын қаншалықты жауаптылықпен атқарғандығына берілген баға деп білеміз. Патшаның абырой-беделінен ұлттық тілімнің мүддесі биік деп санайтын Нұқаң сондай республикалық пленумның бірінде сол кездегі республика парламентінің төрағасы Серікболсын Әбділдинді сын садағымен түйрепті. Себебі, Ақтөбе облыстық кеңесінің сессиясына арнайы қатысқан құрметті қонақ «Тіл туралы» Заңның орындалуы жайлы мәселеде суырылып орыс тілінде сөйлепті. Мемлекеттегі лауазым билігі жөнінен Президенттен кейін тұрған адамға өткір сын айту үшін ең алдымен ұлттық намыс, тайсалмас жүрек және өз пікірінің дұрыстығына деген сенімділік керек екені белгілі.

Ұлттық тәрбиенің уызы, атаның қаны, ананың сүтімен сіңген тектілік елдік сөз айтылуға тиіс жерлерде өзін көрсетпей тұрмайды. Нұқаң да «алашағым кетсе де, айташағым кетпесін» ұстанымынан бір сәт те айныған жері жоқ. Майданнан қайтпай қалған екі ағасы да ұлттық намысқа дақ түсірмепті, оған Нысан ағасы туралы 1943 жылы 15 қыркүйекте «Актюбинская правда» газетінде жарияланған «Отважный сын казахского народа» деген мақала дәлел. Бұл кісі мектепте халқымыздың атақты ақыны Қуандық Шаңғытбаевпен бірге оқыпты, екеуі қаламды қатар ұстап, тырнақалды өлеңдері газеттерде қатар жарияланып жүріпті. Кім біледі, Нысан ағамыз оқ пен оттан аман оралғанда есімі елге танылған ақындардың бірі болар ма еді?! Ал, мас басқарманың айтқанын тыңдамағаны үшін жасы жетпей майданға жіберілген Хасен ағасы хабарсыз кетті. Өзіне тетелес ағасы Хұсейін де ескілікті әңгімелерді көп білетін, білімді, білікті, жүрген ортасында беделі зор, қадірі мол азамат еді, ол кісі де өмірден ерте өтті.

«Биік төбеге шықсаң — көзің ашылады, жақсыменен сөйлессең — көңілің ашылады» деген, Нұқаңмен бірге отырып, сұхбаттасып, сырласу дегеніңіз бір ғанибет дүние болатын. Өмірден көрген-түйгені мол ағаның бір әңгімесі екіншісіне жалғасып, солардың түйіні әр адам өзінің арының алдында ғана жауапты екендігін, мынау жарық дүниеге адам боп келгеннен кейін адамдық қалпыңа кір келтірмей өтуден басқа мұрат болмау керектігін ұқтыратын.

Нұқаң сән қумайтын, бірақ өте жарасымды киінетін, тіпті қоңырқызыл түрік папахасына дейін өзіне бек жарасатын. Тұла бойын таза ұстаған аға жүрегіне де дақ түсірмей, сәби кезінен қалыптасқан тазалығын сақтады. Күнделікті күйбең тіршілікпен жүріп, уақыттың қалай зымырап өтіп жатқанын да аңғара бермейміз. Кеше ғана ортамызда жүрген, айбатына жанашырлығы жарасқан ағаларымыздың «түйе қарап кеткенін» сезінгенде ғана көкіректі қимастық пен сағыныштың оты тілгілейтіні бар. Қарттықтың табалдырығын сырбаз да сәнді қалпында аттаған ағамыздың Алланың аманатын өзіне тапсырғанына да жыл толып қалыпты.

Қайырылып, майырылмаған жайсаң мықтым,

Асылын ала білдің ой-сандықтың.

Тұрасың алдымызда өнеге боп,

Туындай намыс пенен қайсарлықтың, — деп ақын жырлағандай, ақиқаттың ақ жолынан айнымаған, арының алдында жүзі жарқын ағаның ғұмыр жолы біздер, інілері үшін өнеге мектебі болмақ.

Рахымжан ӨТЕМІС,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button