Пікір

Аңсаған сәби алыс емес

Сәндібек НҰРБАЕВ,

Ойыл аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері: 

— Мемлекеттің басты байлығы адам десек, сол адамның көбеюіне, саулығына бұдан әрі көңіл бөлінетін болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі Жолдауында осыған басымдық берген.

Жасыратыны жоқ, біздің ауданда да кейбір жас отбасылар бала сүйе алмай жүр. Соның кесірінен ажырасу да жоқ емес. Жолдауда айтылған «Аңсаған сәби» бағдарламасы іске қосылса, қаншама отбасының шаңырағында сәбидің даусы естілмек. Бұл деген — көп жыл отасса да арада бала болмаған әке мен ананың үмітін жағып, ертеңгі күнге сенімін сүйрейтін себеп. Президент елімізде әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмайтынын айта келе, экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша  квота санын 7 мыңға дейін көбейтуді тапсырды.

Жолдауда айтылған барлық мәселелер ел болашағы үшін құнды бастамалар. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы еніп, оның квотасы көбейетінін естігенімде, осының  көмегімен болашақ балалы болатын отбасылар үшін қатты қуандым. Бұрындары мұндай квотаға ауданнан әрі кетсе бір-ақ отбасы іліге алатын. Енді бірнеше отбасыға мүмкіндік бар.

Дәрігерлеріміз індетпен күресін әлі де тоқтатқан жоқ. Олардың еңбегінің жемісі кешегі қиын кездерде айқын көрінді. Президент медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеретінін айтып тағы қуантты.

Қазір көптің көкейін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ақшасын қалай жарату мәселесі мазалап жүргені анық. Мемлекет басшысы бұл жөнінде ұнамды ұсынысын жеткізді. Келер жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға немесе емделуге жұмсай алатын болды. Мұндай жеңілдіктер әр салада бар.

Міне, әлем боп күрескен індеттің тұсында бұл Жолдау еліміздің тік тұруына серпіліс береді деп ойлаймын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button