Пікір

Комиссия отырыстары онлайн-көрсетілімде өткізіледі

Гүлжанат ЕРҒАЗИНА,

облыстық  мәслихаттың  депутаты, 

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»

АҚ Ақтөбе филиалының директоры.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы — елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін одан әрі жақсартуға бағытталған басты құжат.

Президент Жолдауда елімізде атқарылып жатқан оң өзгерістермен қатар, алда қолға алынатын шараларға жан-жақты тоқтап, нақты тапсырмалар бергеніне бәріміз куә болдық. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты айтқан ақпаратын өте маңызды деп санаймын. Соның ішінде билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог қажеттілігі айтылды, себебі біз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алғанымыз мәлім.

Сонымен қатар Жолдауда айтылған аса маңызды мәселенің бірі — аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл орайда жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажеттілігі баса айтылды. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала берілмейтіндігі, тиімсіз шығындар болатыны азаматтарымыздың наразылығын тудыратыны сөз болды. Сондықтан қоғамдық сараптама жүргізілуге тиіс. Бұл ретте онлайн-сауалнаманы қолдану қажеттілігі тілге тиек етілді.

Президенттің айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқарудың қаржылық мүмкіндіктерін арттыру керек. Ол үшін ауылдық округ бюджетінің мүліктік құқығын кеңейтіп, кірісін арттыру қажет. Бұл «халық атсалысатын бюджет» жобасын дамытудың келесі кезеңі болғаны жөн. Ол үшін Үкімет бұл маңызды мәселені шешу үшін осы жылғы 1 желтоқсанға дейін нормативтік база мен тиісті ұсыныстарды әзірлеуі керек.

Бұл ретте жергілікті ресурстардың оңтайлы жұмсалуын бақылауға өкілетті органдар — мәслихаттар шақырылады.

Осы орайда мәслихат депутаты ретінде айтпағым, көп жағдайда сайлаушылар қордаланған қандайда бір мәселені оңтайлы шешуді бізге міндеттейді. Алайда біз ондай проблемаларды шешудің жолын тек отырыстарда ғана талқыламай, жергілікті органдар мен түрлі салаға қатысты бағдарлама әкімшіліктеріне де  депутаттық сауал ретінде жолдаймыз. Дегенмен мәселелер көп жағдайда шешімін таппай жатады. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында мәслихаттарға өңірді дамыту және ондаған жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан жергілікті түйіткілді мәселелерді шешу үшін қол жинау және петиция жасау құзыретін беруге болатынын айтты. Сондай-ақ Жолдауда мәслихаттардың тексеру комиссияларын күшейту қажеттігі туралы да айтылды. Сондықтан да бұдан әрі мәслихат пен жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара бірлескен жұмыстар одан  әрі күшейе түседі деген сенімдемін. Әрине, бұл тек мәслихаттың ғана емес, атқарушы органдар тарапынан да жауапкершілікті арттыра түсетіні сөзсіз.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мәслихат отырыстарының міндетті онлайн-көрсетілімдерін енгізу қажеттілігіне тоқталды. Бұл жерде мен бүгінде облыстық мәслихат сессияларының онлайн-трансляцияда жүргізілетінін атап өткім келеді. Алайда  біз комиссия жұмысының  барлық отырыстарын онлайн-көрсетілім  бойынша ұйымдастыруымыз қажет. Өйткені біздің пікірталастарымыз қоғам үшін қолжетімді және ашық болуы керек. Яғни, мұндай әдіс  сайлаушылардың сенімін арттыруға ықпал етеді.

Сессия жұмыстарында онлайн-трансляцияны енгізу бойынша қандайда бір мәселенің кедергі  болмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің облыста цифрландыру бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Президент атап өткендей, цифрландыру — барлық реформалардың негізгі элементі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында, ең алдымен — интернетке барынша қол жеткізу және барлық азаматтарды сапалы байланыспен қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізілуі қажет.

Алдымызда маңызды әрі күрделі міндеттер тұр. Баршамыз еліміздің дамуына күш салып, еңбек етуіміз керек. Жоғарыда аталған іс-шараларды жүзеге асырған жағдайда ғана еліміздің өркендеуіне қол  жеткіземіз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button