Жаңалықтар

Сапархан ОМАРОВ Ақтөбе облысына келді

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақтөбе облысына жасаған екі күндік жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аудандардың бірі Мәртөк ауылында болып, аталған бағытта атқарылып жатқан бірқатар жұмыстар барысымен танысты.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пен  облыс әкімі Оңдасын Оразалин алдымен Мәртөк ауданына қарасты Тәңірберген ауылдық округінде болып, «Рад-Агро» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Айта кетейік, «Рад-Агро» өздеріне қарасты суармалы алқаптарда мал азығын әзірлеумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік. Сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың да мерейін көріп отыр.  Бұдан соң олар Ақтөбе нарығында өзіндік орнын алып үлгерген «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Министр Мәртөк ауданына жасаған жұмыс сапары барысында құрама жемді өндіру, өңдеу және сақтау жұмыстарымен айналысатын аудандағы «Milker» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне соғып, жұмыс қарқынымен танысты.  Ол бұл күні сондай-ақ  Родниковка ауылдық округінде де болып, биылғы егістік қарқынын көрді.

Бұдан соң Ақтөбе қаласында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесіне қатысып, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшыларымен кездесті.

Айта кетейік, Сапархан Омаровтың Ақтөбе облысындағы жұмыс сапары бүгін де жалғасады. Министр бүгін «Пригородное» ЖШС-дағы жұмыс барысын бақылап, техникалары республикалық бюджет есебінен сатып алынған «Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-на барады деп күтілуде. Бұдан соң, «Мұғалжар жылқысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысын көрмек.

Ауыл шаруашылығы министрінің Ақтөбе облысынан келген жұмыс сапары жөнінде толық материалды газетіміздің алдағы санынан оқи аласыздар.

Өз тілшіміз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button