Басты жаңалықтарЭкономика

Ауылшаруашылығы Министрі Сапархан ОМАРОВ: Ақтөбе облысында ауылшаруашылығы саласы қарқынды дамып жатыр

 

Сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин мен Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров бастаған топ «Пригородное», «Ақтөбе Тәжірибе стансасы» және «Мұғалжар жылқысы» жауапкешілігі шектеулі серіктестіктерін аралап көріп, олардың тыныс-тірлігімен танысты.  Ақтөбе қаласындағы «Көк жайлау» агробизнес кешеніне барған Ауылшаруашылығы  министрі мұндағы мұғалжар жылқыларын көріп, «Мұндай асылтұқымды жылқыларды бірінші рет көруім. Қандай керемет! Бәрі біркелкі. Жал-құйрығы төгілген, бітімі сымбатты, ерекше әдемі екен» деп сүйсінді.

Қос шаруашылық тынысы

Алдымен облыс басшысы мен министр«Пригородное» ЖШС-на барып, ондағы көкөніс пен картоптың ерте сұрыптарын жинау жұмыстарын бақылады. «Пригородное» ЖШС директорының өндіріс бойынша орынбасары Генрих  Холодзинский серіктестіктің жұмысымен таныстырды. «Пригородное» ЖШС — элиталық тұқым өсірумен айналысатын шаруашылық. Аталған серіктестік көкөніс, дәнді-дақыл, картоп өсірумен, оны сақтап, сатумен айналысады. Облысымыздың 78 пайызын өз өнімдерімен қамтамасыз етеді. Нарықта 20 жылдан астам тәжірибесі бар шаруашылық «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 2021 жылы 3,5  тоннаикөкөніс сақтауға арналған орын салуды жоспарлап отыр.

Біздің өңірге жұмыс сапары аясында Сапархан Омаров «Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС-ның  жұмысымен де танысты. Аталған серіктестіктің  құрылтайшысы  — «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы». «Ақтөбе ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС директоры Ермек Жұмағазиннің айтуынша, мұнда өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріледі. Сондай-ақ қой және жылқы шаруашылығы бөлімдері бар. Серіктестікке тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы 8 363,07 гектар жердің  1 340,1 гектары — егістік, 4 044,27 гектары — жайылым. Сондай-ақ 15 трактор, 9 астық жинау комбайны бар. Айта кету керек, серіктестікке қарасты Ақтөбе ауылшаруашылығы колледжі жұмыс жасайды. Білім шаңырағында 15 мамандық (агроном, техник-механик, ветеринарлық фельдшер, техник-метролог, орманшы, техник-аңшылық маманы және т.б. )  бойынша кадр даярланады.

Облыс әкімінің қолдауы

Өңірге сапары барысында Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров «Мұғалжар жылқысы» ЖШС жұмысымен де танысып, ондағы асылтұқымды жылқыларды көріп қатты сүйсінді.

Жал-құйрығы төгілген мұндай келісті жылқыларды бірінші рет көріп

 тұрмын, — деді Ауылшаруашылығы министрі.

Ақтөбе популяциясының мұғалжар және көшім  асылтұқымды жылқыларын өсіруді қолға алған серіктестік басшысы Руслан Биғазиев ферманың алға қойған мақсаттары туралы айтты.  Мұнда 412  жылқы, 7 айғыр және 264  әртүрлі жастағы төл бар. Жылына 45-50 асылтұқымды жылқы сатады.

Төзімді әрі  экономикалық жағынан өте тиімді  жылқының  тұқымын көбейту процестеріне мемлекет тарапынан үлкен қолдау қажет.  Ақтөбеде мұғалжар және көшім асылтұқымды жылқылардың  авторы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Серікбай Рзабаевтың көп жылдық тәжірибесінің арқасында ғылыми зерттеу жобаларының негізі сақталған.

Облыс бойынша асылтұқымды жылқы 17 пайызға жетті. Асылтұқымды жылқылар басқа өңірлердегі кәсіпкерлердің, фермерлердің де қызығушылығын тудырып отыр. Жан-жақтан келіп, сатып алушылар да көбейді. Әсіресе, мұғалжар жылқысына сұраныс көп. Тіпті Ресей, Қытай, Моңғолиядан да сатып алуға ұсыныс білдіруде.

Мұғалжар жылқысының негізі — біздің Ақтөбеде. Сол себепті мемлекет тарапынан қолдау болса, осында Қазақстан бойынша ірі орталық ашқымыз келеді. Асылтұқымды жылқы көбейту мақсатында бұл шаруашылыққа облыстық бюджеттен субсидия беріп, мүмкіндігімізше көмектесіп жатырмыз, — деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Қазақтың қазанаты қайда?

Республикалық ет және сүт өнімі бағытындағы жылқы тұқымдары палатасының директоры Еркегүл Тілеген мұғалжар жылқысының санын арттыру бағытында 4-5 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу туралы ұсыныс білдірді.

Республика бойынша3 миллионға жуық жылқы бар. Соның 7-ақ пайызы —асылтұқымды (Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш — 17 пайыз). Сол 3 миллион жылқының 900 мыңын соғымға сойып аламыз. Жапония, Корея, Қытай жылқы етін экспортқа шығаруға ұсыныс білдіріп отыр. Қытайда қазір 10 миллион жылқы бар. Сонда да біздің жылқыға қызығушылығы жоғары болып отыр. Қазір жылқы етін экспорттайтын болсақ, қазақ жылқысыз қалады. Жылқысанын

3-тен 5 есеге көбейткен жағдайда ғана жылқы етін экспорттауға мүмкіндік болады. Шетелдерде жылқы еті дәріханаларда сатылады. Біз сол деңгейге жетуіміз керек. Жылқымұнай, газ секілді таусылып, сарқылатын өнім емес. Жылқы шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау болса, пайдасы мол болары анық. Жылқы шаруашылығы — ата кәсібіміз. Еліміз бойынша жылқы шаруашылығын дамытуға тек Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин ғана үлкен қолдау, көмек көрсетіп жатыр. Соның арқасында бұл шаруашылықты дамытуда жетістікке жетіп отырмыз, — деді палата директоры.

Мұғалжар жылқысын асылдандыру жұмыстары 1939 жылы басталған. Көп ұзамай соғыс басталып кеткен соң бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалып, кейін, 1953 жылы қайта қолға алынған.

Соның арқасында осы асылтұқымды жылқыларды сақтап қала алдық. «Қазақтың  бұрынғы қазанаты қайда?» дейміз ғой. Қазанатты көпшілік Ресейдің ауыр салмақты жылқыларымен салыстырып жатады. Бұл — дұрыс емес. Олар қазақтың жылқылары секілді тебіндей алмайды. Біздің жылқылардың ерекшелігі — тебіндеп жейді. Тебіндеп жеген мал мүлде жем жемейді, яғни шығын аз. Қысы-жазы қорада тұрмай, далада жайылады.

Жылқы шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан 5 жылдай қолдау болса, мемлекеттік бағдарлама қабылданса, елімізді де, шетелді де жылқы етімен қамтуға болар еді.

Мұғалжар жылқысын еліміздің әр өңірінен сатып алып, өз шаруашылықтарында өсіріп жатқандар бар. Дегенмен олар дәл Ақтөбедегідей жылқының осы тұқымын дамытуда жұмыс жасап жатқан жоқ. Дамыта алмай жатыр. Сол себепті мұғалжар жылқысын Қазақстан бойынша дамыту үшін Ақтөбеде ірі орталық ашылса, жақсы болар еді, — деді Еркегүл Тілеген.

Ол шаруашылықтың бұл түрін дамытуда алдымен экономикалық тұрғындағы пайданы емес, атакәсіп ретінде дамытуды бірінші орынға қою керегін айтады.

Кәсіби маман ретінде жылқының өзіндік құны төмен екенін жақсы түсінемін. Тауықтың құны — 700-900 теңге. Ал жылқы етінің өзіндік құны небары —

350-500 теңге.

Тауық шаруашылығында қалдықсыз өнім өндіріледі. Жылқы шаруашылығын да қалдықсыз өнім өндіруге болады. Қаны, сүйегіне дейін пайдалы. Терісін де пайдалануға болады. Дегенмен ол үшін бізге уақыт керек. Технологиялар бар. Ол үшін Үкімет тарапынан үлкен қолдау қажет болып тұр.

Айта кету керек, жылқы шаруашылығын дамытуда патриоттық сезім басым болуы керек. Әйтпесе, экономикалық тұрғыдан қарағанда,  шаруашылықтың бұл түрінің қолдау табуы қиын. Өйткені жылқының өзіндік құны арзан. Бұл ретте ұлттық намыс пен патриоттық сезім ауадай қажет, — деді Еркегүл Тілеген.

Жылқы шаруашылығына қолдау көрсетіледі

Бұдан кейін Ауылшаруашылығы министрі Сапархан Омаров Ақтөбе облысына  сапарын түйіндеді.

Екі күндік іссапарымды қорытындылай келе, Ақтөбе өңірінде ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамып отырғанын байқадым. Әсіресе жоңышқаны қайта өңдеу — күрделі әрі қазіргі күні сұранысқа ие жобалардың бірі. Сондай-ақ Ақтөбеде қосымша сүт тауарлы фермасы бой көтермек. Жем-шөп базасының жұмысы да жоғары деңгейде. 

Әлем бойынша таралған індеттің салқыны ауылшаруашылығы саласына да  тиді. Көктемде басты міндеттеріміздің бірі егін егу жұмыстары болды.  Сол мақсатта сырттан тыңайтқыштар, техникалар әкелу, сондай-ақ шетелден мамандардың келуі қиын тиді. Шетелмен байланыс түгілі, ел ішіндегі байланыс қиындап кетті. Дегенмен әкімдіктер ауылшаруашылығын өндірушілерге арнап «жасыл дәліз» жасап беруінің арқасында біраз мәселе шешілді. Сонымен бірге Үкімет тарапынан ауылшаруашылығын дамытуда қаржылай көмек көрсетілді. Алайда жаз мезгілі шаруаларға қиын тиді. Көп жерлерде қуаңшылық болды. Бұл да өзінің салқынын тигізді.

Күні кеше Ақтөбе облысындағы егін алқаптарында болдым. Егіннің шығымы жақсы. Одан алынатын өнім осы облыстың өз сұранысына жетеді. Экспорттауға да мүмкіндігі бар. Ауа райы қолайлы болса, 10-15 күнде астық жинау науқаны аяқталады.

Бүгін мұғалжар жылқысындай асылтұқымды жылқыны бірінші рет көрдім. Құйрық-жалы төгілген, дене тұрқы өзгеше сымбатты екен. Жылқы шаруашылығы — атакәсібіміз. Асылтұқымды жылқы басын көбейту мақсатындағы ұсынысқа қолдау көрсетіледі.  Басқа да ұсыныстар мен өтініштер өте орынды, алдағы уақытта  қолдау көрсетілетін болады, — деді Ауылшаруашылығы министрі.

P.S.

Айта кету керек, облыста ауылшаруашылық өндірісі  — 129,8 млрд теңге. Өсім көлемі — 3,5 пайыз.  Қазіргі уақытта өңірде егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Республикалық бюджет есебінен облыста тұрақты суарылатын

10,6 мың гектар жер қосымша айналымға енгізіледі, суармалы жерлердің көлемін 40,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button