Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер!

 

Баршаңызды еліміздің ұлық мерекесі — Конституция күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Халықаралық сараптамаларға жүгінсек, біздің Ата Заңымыз — әлемдегі ең жас, әрі жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптейтін ең үздік конституциялардың бірі. Ол уақыт сынынан сүрінбей өтті. Ата Заңда бекітілген конституциялық нормалар бүгінде өзінің өміршеңдігін, заман талабына лайықтылығын жан-жақты дәлелдеді. Жаһандану заманында алдына жасампаз мақсаттар қойған біздің халық үшін Ата Заңымыздың өзіміздің ерекшеліктерімізді ескере отыра әлемдегі ең үздік конституциялардың қатарынан орын алуының өзі бағытымыздың дұрыс екенін көрсетеді.

Біздің Конституциямыз, ең алдымен, елдің бірлігі мен қоғамның қауіпсіздігін, ұлттар мен ұлыстардың ауызбірлігін, ең бастысы – жеке адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғайды.

Біздің Конституцияның ең басты принципі – қоғамдық татулық. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі этнос өкілдері Конституция қағидаттары төңірегіне топтасты.

Конституциялық қағидаларды берік ұстану заңдардың қызмет аясын кеңейтіп, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасуына жол ашты.

Осындай сипаттағы Ата Заңның аясында халқымыздың әл-ауқатын арттырып, экономикамызды қарыштата дамыттық.

Ұлы дала төрінде қуатты мемлекет —  Мәңгілік ел құрып, ұлысты ұйыстыра білдік.

Бір сөзбен айтқанда, Конституция Тәуелсіздігіміздің кепілі ретінде бірлігімізді бекемдеп, экономикамызды нығайтуда, әлеуметтің әлеуетін арттыруда берік тұтқаға айналды.

Биыл Ел Тәуелсіздігіне 29 жыл толуда. Осы жылдар ішінде республикамызда ғасырға татырлық ғаламат істер атқарылды.

Әрине біз, талай қиыншылық пен экономикалық дағдарыстарды, саяси сындарды бастан өткізіп келеміз. Бәсекелестік талаптары күшейді. Адамзат үшін мүлде жаңа экономикалық, технологиялық, ақпараттық және мәдени орта қалыптасуда.

Соған қарамастан біз жаңа ортаға бейімделіп қана қоймай, XXI ғасырдағы ең озық 30 елдің қатарына кіруді ұлы мақсат еттік. Және осы мақсатқа жету жолындағы жасалған еңбектің алғашқы нәтижесін көріп, жемісінің тәтті дәмін  татудамыз. Ең бастысы — ел ертеңіне деген сенімнің нық болуы.

Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси ерік-жігері, 1995 жылы осы Конституцияға дауыс берген Қазақстан халқының көрегендігі мен кемеңгерлігі нәтижесінде біз бүгінгі күні келісім мен түсіністікте өмір сүріп, біздің және ұрпағымыздың болашағы — Тәуелсіз және күшті Қазақстанды құру үстіндеміз.

Құрметті жерлестер!

Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекетіміздің басты құжаты.

Олай болса, демократиялық құндылықтарды бекітіп, құқықтық тұғырымызды берік орнықтырып берген Ата Заңымызды әрқашан да қастерлеу, құрметтеу, оны насихаттау басты парызымыз болуы тиіс.

Бүгінгі салтанатты күні барша жерлестерімізге, отбасыларына амандық пен саулық, елімізге бейбітшілік пен тыныштық, ауызбіршілік тілеймін.

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз еңселі, бірлігіміз бекем болғай!

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын ОРАЗАЛИН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button